«Мол ақшаға кенелем» деп отандастарымыздың Оңтүстік Кореяға жұмыс істеу үшін ағылып жатқанына бас-аяғы 7 жылдан асып барады. 2014 жылы Қазақстан мен Оңтүстік Корея бір айлық визасыз жүру режимін ашқан соң қазақстандықтардың корей еліне заңсыз барып, нәпақа табуы әдетке айнала бастады. Бұл үрдіс әлі де болса жалғасып жатыр. Ол туралы баспасөз беттерінде талай жазылды. Әйткенмен, бізді шетелде қылмыс жасаған қазақстандықтардың жағдайы алаңдатады.
Кореяның көз тартуы ақшаға, мол жалақыға байланысты екені түсінікті. Сыртқы істер министрлігінің ресми мәлімдемесін қарар болсақ, қазір ол елде 30 мыңнан астам қазақстандық тіркелген екен. Оның ішінде заңсыз жұмыс істеп жатқандар да бар. 2018 жылы 11 860 заңсыз еңбек мигранты тіркелсе, 2019 жылы 10 875 адам анықталыпты, ал 2020 жылы бұл көрсеткіш қайтадан 11 мыңнан асқан. Демек, пандемия мен басқа да себептерге қарамастан заңсыз жүргендердің елге қайтқысы жоқ. Заңсыз еңбек мигранттары көбейген соң 2018 жылдан бастап Корея шекарадағы бақылауды күшейтіп көрді. Бірақ жымын білдірмей, жолын тапқандар көп. Дәл сол жылы Корея Республикасының Қазақстандағы елшілігі заңсыз еңбек етіп жүрген қазақстандықтар азаймаса, визасыз режимнің жойылуы мүмкін екенін ескертті. Сыртқы істер министрлігі қазақстандықтарды елге қайтуға үгіттеп, табылғанын кері қайтарып жатыр. Ал ол жақта жұмыс істеу үшін отандастарымыз заңды түрде тіркеле алмайтыны тағы бар. Міндетті түрде туысқаны немесе ата-анасының біреуі, болмаса жұбайы корей ұлтынан болуы тиіс. Алайда Оңтүстік Кореяға жұмыс күші қажет екенін аңғарып отырмыз, әсіресе ауыр жұмыс істейтіндер жетіспейді. Соның орнын қазақстандықтар толтырып жүргендей.Өзге елдің түрмесінде 820 азаматымыз бар
2020 жылы Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет департаменті есеп жүргізіп, шетелде қылмыс жасап, түрмеге қамалған 820 (2019 жылы олардың саны 1 000-нан көп болған) қазақстандықтың барын анықтапты. Азаматтарымыздың көпшілігі Ресей түрмелерінде отыр – 566 адам. Одан бөлек, ТМД елдерінде сотталған – 174, Еуропа мен Америкада 50 отандасымыз темір торда отыр. Азия, Таяу және Орта Шығыс елдерінің түрмелерінде 30 адам бар. Ал Бас прокуратураның ресми деректеріне сәйкес, 2019 жылы жазасын одан әрі өтеу үшін шет мемлекеттерден Қазақстанға 14 отандасымыз ауыстырылған. 2020 жылдың алғашқы 8 айында 13 азамат елге жеткізіліпті. Сонымен қатар Бас прокуратура 2019 жылы шетелде бас бостандығынан айырылған – 63, 2020 жылы 35 адамның экстрадицияланғанын хабарлаған еді. 2020 жылы Оңтүстік Корея түрмелерінде 8 қазақстандықтың отырғаны анықталған. Тағы 11 адамның ісі тергеліп жатқан болатын. Ал биыл бұл сан едәуір өсіпті. Бүгінде 25 отандасымыз корей елінде жазасын өтеуде. Бұдан бөлек, сот үкімін күтіп отырған 26 азаматымыз бар екен. Қылмысқа барған жерлестеріміз көбейгенін аңғардық. Мұндай оқиғалардың біразын тізбектеуге болады. 2019 жылы қыркүйекте 21 жастағы отандасымыз Кореяда рұқсаты болмаса да көлік тізгіндеп, 7 жастағы баланы қағып кеткен еді. Оқиға кезінде баланың 18 жерден сүйегі сынып, басынан зақым алған. Кейін азамат Қазақстанға қашып келгені белгілі болды. Ақыры ұсталған оны Кореяда 2,5 жылға бас бостандығынан айырды. 2020 жылы сәуірде Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласында төбелес кезінде 19 Қазақстан азаматы ұсталғанын білеміз. Жуырда ғана 3 қазақстандық азамат көлік ұрлады деп айыпталғаны туралы ақпарат тарады. Бірақ осы ақпарат әлі ресми түрде расталмай тұр. – Қазір Оңтүстік Кореядағы қазақстандықтардың көлік ұрлау дерегі бойынша тексеріс жүргізіп жатырмыз. Ресми түрде еш ақпарат келіп түскен жоқ. Сондықтан рас немесе жалған екенін басып айту мүмкін емес, – дейді Сыртқы істер министрінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров.Қазақстандықтарды айыпты санайды
«Отандастарымыз күдікке ілінді» деген ақпарат тарағалы бері Оңтүстік Кореяда жүрген қазақстандықтарға тексеру күшейгені жайлы әңгімені құлағымыз шалған. Instagram әлеуметтік желісінде Кореядағы Қазақ қауымдастығы атты парақша бар. Онда сол елде заңды түрде жүргені бар, заңсыз жүргені бар, отандастарымыздың тыныс-тіршілігімен танысуға мүмкіндік мол. Тіпті, қандай жұмыс орындары бар, қай жерде тұрақтап, қайда емделуге болатынына дейін ақпарат көп. Аталған парақшаның әкімшісіне шығып, қазақстандықтардың сол елдегі қылмысына қатысты сұрау салып көрген едік. Бекжан есімді жігіт бұл жайтты жіті түсіндіріп берді. – 1-2 күннен бері Оңтүстік Кореядағы бұқаралық ақпарат құралдарының жаңалықтарын шолып, бақылап отырмын. Дегенмен «көлік ұрлады» деп айыпталған отандастарымыз жайлы еш ақпарат жоқ. Сұрастырып та жатырмыз, әзірге ешкім естімепті. Жалпы, осы елде «қазақстандықтар көп қылмыс жасайды» деген сөз – жалған. Бұл ресейлік баспасөздердің істеп отырған манипуляциясы іспетті дүние. Мысалы, Таиланд, Вьетнам, Қытай елдерінің азаматтары Оңтүстік Кореяда жүріп, өте көп қылмыс жасайды. Бірақ оны мүлдем жазбайтынын байқадым. Сосын да ол туралы ақпарат аз, – дейді ол. Негізі, бұл елде жүрген қазақстандықтардың саны 35 мыңға жуықтап қалған. Оның ішінде 9 мыңнан астамы заңсыз жүр, – деді Бекжан. Қорыта айтсақ, Оңтүстік Кореяны жағалаған отандастарымыздың саны ғана емес, істеген қылмысы да артып бара жатқандай. Ал олардың қауіпсіздігі одан да күрделі мәселеге айналғаны қашан.Мадияр ТӨЛЕУ