Осы аптаның соңында Қазақстан Премьер-лигасы басталады. Қазір соған дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Биылдан бастап Премьер-лигаға қатысатын клубтардың алаңдары маусымға дайын болмаса, командалардан ұпай шегеру туралы шешім қабылданды. Соған сай маусымашар ойын алдында 14 команданың негізгі алаңына тексеріс жұмыстары жүргізілді.
Күні кеше Ақтаудағы «Жас Қанат» стадионында жасанды төсенішті жаңарту жұмыстары аяқталып, алаң сапасы жақсартылды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесімен Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының басшысы Олжас Абраев танысып қайтқан болатын. Ол комиссия мүшелерімен бірге алаңның сапасын бағалап, бірқатар сын-ескертпесін де қаперге алуды ұсынды. – Біздің ұсынысымыздан соң Ақтаудағы көгалдың сапасы жақсарды, енді алаң чемпионат матчтарын өткізуге арналған минималды қолайлы талаптарға сәйкес келеді. Дегенмен әлі де жақсартатын тұстары бар және біз инфрақұрылымды жақсарту бойынша жаңа ұсынысымызды айттық. Біртіндеп «Жас Қанат» стадионы жаңа деңгейге көтерілетініне сенемін, – дейді Олжас Абраев. Айтпақшы, тексеріс нәтижесінде «Шахтер», «Жетісу» және «Ақтөбе» командаларының стадиондары маусымға дайын болмай шықты. Осы жағдайға байланысты үш клуб үш ұпайдан шартты түрде айырылатын болды. Бұл туралы жасыл алаңның сапасын бақылайтын арнайы комиссия мүшелерінің онлайн отырысы барысында талқыланды. Комиссия төрағасы Сейілдә Байшақовтың басшылығымен өткен кездесу кезінде чемпионатқа қатысушы клуб стадиондарының маусым алдындағы тексеру нәтижелері тыңдалды. Өкінішке қарай, маусым қарсаңында ареналарды тексеру кезінде көптеген нысанның ресми матчтарға дайын емесі анықталған. Алынған мәліметтер негізінде федерацияның нормативтік құжаттарына сәйкес ҚФФ сертификаттау комиссиясына ұсыну және шешім қабылдау үшін қорытындылар жасалды. Қазақстан футбол федерациясының сертификаттау комиссиясы аталған командалардан үш ұпай шегеріп қана қоймай, айыппұл да салды. Бұл келеңсіз жағдай туралы «Ақтөбе» футбол клубының басшылығы да түсініктеме берді. – Стадионда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өздеріңіз білетіндей, биыл облыста бұрын-соңды болмаған қар жауды. Ауа райының қолайсыздығы кедергі келтіруде. Қарды уақытылы тазарту және оны тиісті қалыпқа келтіру мүмкін болмай жатыр. Синоптиктердің айтуынша, аязды температура 19 наурызға дейін созылады екен. 20 наурызда өтетін алғашқы өз алаңымыздағы ойынға алаң толықтай дайын болмайды. Сондықтан шартты түрде 3 ұпай командадан алынады. Күн жылынып, алаң қардан тазартылған бойда стадион тағы тексеріледі. Егер барлық жұмыс оңтайлы жүзеге асса, командаға 3 ұпай кері қайтарылады. Айта кетейік, біздің команда өз алаңында өтуі тиіс алғашқы матчын бейтарап алаңда өткізеді. Қазір ойынды Нұр-Сұлтандағы «Астана Арена» стадионында өткізу бойынша келіссөздер жүргізілуде, – деп жауап берді клуб басшылығы. «Шахтер» мен «Жетісуда» да жағдай мәз емес. Олар да маусым басталар тұста біраз кедергіге тап болды. Жалпы, бізде жыл сайын біріншілік басталар тұста көп команда өз алаңдарының дайын болмауынан сырт алаңда ойын өткізіп, екі-үш есе шығындалады. Қанша қиындық көрсе де, жасыл алаң мәселесін жақсартуды ойламайды. Бұл туралы спорт журналисі Қуаныш Қаппас айтып берді. – Қостанайдағы «Тобыл Аренаны» салуға 4 млрд. теңге кетті. Қазір клуб басшылығы соның нәтижесін көріп отыр. Команда кез келген уақытта, әсіресе күз, қыс мезгілінде жылы жерде жаттығу мүмкіндігіне ие болды. «Жетісу», «Шахтер» және басқа да клубтар чемпионатты басқа қалаларда бастайды. Бұл командалар жыл сайын қомақты қаржыға пайдасыз легионерлерді сатып алғанша, ақша үнемдеп жергілікті ойыншыларға көп мүмкіндік беруі керек. Бір-екі маусым өз түлектеріне, қазақстандық ойыншыларға сенім артса, ары кеткенде 3-4 легионерді сатып алса, көп өтпей олар да «Тобыл» секілді керемет арена салып алуға болады. Клуб басшылығы клубтың болашағын ойламайтыны өкінішті. Легионерлер кетеді, ал аренаның мәңгі қалатынын ұмытпаса екен, – дейді Қуаныш. Ең сорақысы, әзірге бірқатар клуб басшысының Қостанайдағыдай төбесі жабық арена салуға мұршасы болмай жүр. Ақша бар, бірақ ол спорт сарапшылары айтқандай, екінші деңгейлі легионерлерді шақыртуға кетіп жатыр. Егер командада ойнайтын және жаттығатын жақсы алаң болмаса, бұл легионерлерден келіп-кетер қандай пайда бар? Осыны түсіне алмай-ақ қойдық. Екі-үш ай сол легионерлермен өзге қалада, өзге алаңда тентіреп жүргеннен әр клуб өз спорттық инфрақұрылымын ретке келтіруге неге әрекет етпейді екен. Негізі, осыны ұғынып, жағдайды ретке келтіретін кез әлдеқашан келді. Осы мәселе төңірегінде ұсыныс жылда айтылып та жүр. Тек соны естір құлақ болса дейсің. Жанкүйерлер жергілікті командасының ойынын өз қаласындағы стадионнан көре алмаса, онда клуб кім үшін ойнайды немесе мұндай футбол клубының бізге керегі қанша?Абылайхан ЖҰМАШ