Ауылдағы интернет мәселесін шешті
Ауылдағы интернет мәселесін шешті
200
оқылды

Арнайы бекітілген кесте бойынша түрлі мемлекеттік орган басшылары, облыстық мәслихат депутаттары, заңгер, медиатор, нотариустар жеке мәселелер бойынша  қабылдау өткізеді.

Осы аптада Nur Otan партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов екі рет азаматтарды жеке мәселелері  бойынша қабылдады. Көкшетаулықтар тікелей қабылдауға келсе, Жарқайың ауданының тұрғындары өз мәселесін онлайн байланысы арқылы жеткізді. Алыс ауданның тұрғындары Пятигорск ауылындағы интернет байланысының нашар екендігін айтып, шағымданды. Ауыл тұрғыны Валентина Юминованың айтуынша, ауа райының бұзылуына байланысты интернет мүлдем істемей, оқушылар мен студенттер үшін қиындық туғызуда. «Қазақтелеком» АҚ филиалы Ақмола облыстық телекоммуникация дирекциясының техникалық директоры В.П.Мелешкомен телефон арқылы сөйлесу нәтижесінде, жуық арада жөндеу жұмыстары жүргізіліп, соның нәтижесінде, интернет қызметінің сапасы артатынын жеткізді. Қабылдауға келгендердің дені әлеуметтік сұрақтар бойынша болды. Мәселен, ІІІ топ мүгедегі Николай Зырянов дәрілік заттарды сатып алуға қаржылай көмек көрсету, Семей полигонындағы сынақтар кезінде жәбірленуші ретінде бірреттік төлемдерді алуға көмектесу және санаторлық-курортты сауықтыруға жолдама бөлу мәселесін айтып, өтініш білдірді. Облыстық партия филиалының көмектесуінің арқасында, демеушілік көрсетіліп, өтініш иесінің мәселесі шешілді. Көкшетау қаласындағы Вернадский көшесінің №15 үйінде тұратын Болат Нұртазин тұрғын үйдің жертөлесі суға толып, тұрғындарға кедергі келтіргендігін айтып шағымданды. Облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетовтың араласуымен жертөледегі су сорғызылып, тазаланды. Мәселе оң шешімін тапты. Ал қабылдауға жазылған Клара Асқарова ағартушы, педагог, жазушы  Зейнелғабиден әл-Жауһари кітаптарын қаланың білім беру мекемелеріне тарату мәселесін айта келіпті. Қабылдау кезінде Көкшетау қаласының білім бөлімі «Зейнелғабиден әл-Жауһари және жаңа мектеп» кітабын білім беру мекемелері арасында таратылғандығын және оны растайтын құжатты қолына тапсырды. Мәселе шешілді. Келіп түскен барлық мәселелер бойынша заң нормалары шеңберінде кеңес берілді.