Қазақ күресі – жаңа пән
Қазақ күресі – жаңа пән
861
оқылды
Ұлттық спорт түрі – қазақ күресі биыл республика мектептеріне пән ретінде енгізіледі. Қазіргі уақытта жобаның бағдарламасын әзірлеу, мамандарды даярлау жұмыстары қызу жүріп жатыр екен. Қуанышты хабардың анық-қанығын білу мақсатында Қазақ күресі федерациясының бас хатшысы Бақдәулет Сәбитовпен аз-кем сұхбаттасқан болатынбыз. – Қазақ күресі мектептерде пән ре­тінде енгізілетінін естіп қуандық. Оң болсын дейміз.  Жалпы, бұл бас­­та­ма қалай пайда болды? Идея авто­­ры кім?   – Бұл идея алғаш 2016 жылы ай­тылды. Сол кезден бастап қа­зақ күресінің 2016-2021 даму бағ­дар­­ламасы бекітілді. Мамандар тарапынан бірнеше ұсыныс түсті. Негізгі қадамды жасап, жоспарды бекіт­кен – Қазақ күресі федера­циясының президенті Дәурен Абаев. Аталған жоспарда 2020 жы­­лы қазақ күресін мектепке пән ре­тінде енгізу міндеті қойылды. Біз бү­гінде сол бағытта жұмыс істеп жатыр­мыз. Пилоттық жоба қыркүйек айы­нан бастап Нұр-Сұлтан қаласы мен Маңғыстау облысында жүзеге асы­рылады. Қазіргі кезде мектеп бағ­дарламасына сай 100 сабақ жа­зыл­ды. Енді вариативті пән ретінде енгізуге Нұр-Сұлтан қаласының 4-5 мектебімен келісіп отырмыз. Жа­қын­да Маңғыстауда жұмыс ба­­бы­­мен болдық. Бала­лар ара­сында Қазақстан Республика­сы­ның чемпионаты  өтті. Маң­ғыс­­тау облыстық қазақ күре­сі фе­­­­дерациясының президенті де өз ай­­мақтарында бұл жобаны жү­зеге асыруға дайын екенін жет­­кіз­ді. Пав­лодар облысының феде­­ра­ция­сы да бас­тамаға қолдау та­нытты. Өзге ай­мақтар да атса­лы­сады деген ойда­мыз. Жоспарға сәйкес, 5-11 сынып оқушылары кәсіби тұрғыда дайын­далса, 1-4 сынып оқушылары ак­ро­­батикалық әдістемесін ғана үйренеді. Осыған орай, биыл жаңа оқу жылынан бастап Нұр-Сұл­тан­ның бес мектебінде пилоттық жоба негізінде қазақ күресі дене­шы­нықтыру пәніне енгізіледі. Оқушы 4-сыныпты бітірген кез­де олардың денесі күреске, күрес әдіс­теріне ыңғайлы, икемді бо­лып тұрады. Одан кейін әдістер үй­реніп, 11-сынып бітірген кезде қазақ күресінің кем дегенде 10 әді­сін үйреніп шықса, ол да біз үшін үл­кен жетістік болмақ. Ол үшін бастапқы кезде күрес кілемі, спортшылардың киімдері керек. Кез келген мектепте спорт залы бар. Біз 2-3 залы бар мек­теп­­­терге сол кілемдерді 24 сағат жайы­­лып тұратындай жағдай жа­сай­­мыз. Бір ғана спорт залы бар мек­тептерге ролматалар тапсырыс беруді жоспарлап отырмыз. Оның бір ерекшелігі тез жазылады, тез жиналады. Бір ғана адам оп-оңай төсеп-жинай алады. – Не себепті вариативті нұс­қа­ны таңдадыңыздар? – Вариативті дегеніміз – фа­­ку­ль­­тативті сабақ се­кіл­­ді. Бір тоқсанда 27 денешы­нықтыру пәні бола­тын болса, соның тек 7-8-і қазақ күресінен ва­риативті сабақ ретін­де өткізіледі. Бұл 4-5 жыл­­­ға жалғасатын шы­ғар. Әрмен қарай толық пән ретінде енгізіледі. Бізге қазіргі кезде екі нұсқа ұсынылды. Біреуі – вариативті. Екіншісі – міндеттемелі. Мін­дет­темеге ақырын­дап кір­гі­зуі­міз мүм­кін. Елі­міз­дегі мектептердің әр­қайсысында денешы­нық­­­т­ыру пәнінің мұ­ға­лімі қа­зақ күресінің маманы емес. Біреуі – волейболшы, екін­ші­­сі – баскетболшы, ал енді бірі – бокс­шы. Оларды арнайы оқыт­­­қ­ан жөн. Егер пән мұғалімі оқу­шы­ларға қазақ күресін білмей үй­ре­тетін болса, балалар бір жерін жа­­рақаттап алуы әбден мүмкін. Ол өзі­мізге ке­рі әсерін тигізеді. Сол се­бепті ва­риа­тив­ті нұсқасын таңдап отыр­мыз. – Мамандар даярлау жұмысы қалай жүзеге асады? Олар тегін оқы­­тыла ма? – Жыл соңына дейін маман­дар­ды жеткілікті дайындау үшін ұстаздар құрамын толықтыру мақсатында қазақ күресі акаде­мия­сын Нұр-Сұлтан қаласында құруды жоспарға енгіздік. Академияда күрестен сабақ беретін болашақ мамандар жеткілікті дәрежеде дайынд­алады. Ал мамандарды оқы­ту федерацияның есебінен жүр­гізіледі. Олардың жалақылары, ака­демияға келіп-кетуі, бәрі жан-жақты ойластырылды. Біз­дегі денешынықтыру пәнінің мұға­лім­дері тек қана өзінің іссапар шығындарын ғана көтереді. Оқу жағы тегін болады. Тағы бір айта кетер жайт, біздің федерацияның 17 аймақта өкілдігі бар. Олар да қо­сымша ауданнан, ауылдан кел­ген мамандарды өз дәрежесінде дайын­дайды. Яғни, тиісті дәрежеде сертификат бере алады. Өйткені бір ғана федерация, бір ғана академия бүкіл елімізді қамтамасыз етуге үл­гер­месі анық. Сондықтан біз өңір­лердегі федерациялардың да көмегіне жүгінетін боламыз. – Мамандардың пікірі қандай? Ата-аналар қарсылық білдірген жоқ па? Ендігі жұмыс барысы қалай жал­ғасады?  – Осы күнге дейін қазақ күре­сі­нің мамандарымен ақылда­сып, олар­дың оң бағасын алдық. Қазір әлеу­­меттік желіде  бір аптаның ішін­де бұл мәселе талқыланып жатыр. Көптеген басылымдар сүйін­­­шілеп ақпарат таратуда. Бәрін қадағалап, бақылап отырмыз. Әзір­ге ешкімнен ешқандай қарама-қай­шы пікірді байқамадық. Бар­лы­ғының айтатыны – «енгізу ке­рек, өзіміздің төл спортымызды дәріп­теу керек» деген сарындағы пікірлер. Бұл бізді қуантады. Ұсыныс білдірген кезде Білім басқармасының өкілдері «баяғы­дан бері қайда жүрсіңдер, қазақ күресін пән ретінде енгізу оңай ғой, сендер түгілі футбол федерациясы футболды міндетті пән ретінде енгізіп қойды» деген болатын. Сол себептен біз де осы жобамыз сәтті жүзеге асса келешекте қазақ кү­ре­сін міндетті пән ретінде енгі­зу­ге тырысамыз. Жоспар дайын. Іске көшер кез келді. Ол үшін алдымен біздің база­мыз дайын болуы керек. Мыса­лы, осы жылдың аяғына дейін бү­кіл өңірлердегі қазақ күресінің жағ­­дайын зерттеуге шығамыз. Дәу­рен Әскербекұлының тікелей тап­­­­сыр­масымен жобаларымыз, жос­­парларымыз мақұлданды. Об­лыс орталықтары ғана емес, аудан орталықтары бар, шалғай­дағы ауылдар да бар, бәрінің жағдайын қарауымыз қажет. Тек қана спорттық ғимараттар ғана емес, мектептердің да жағдайын бақы­лауда ұстаймыз. Өйткені мек­тептерге қазақ күресі пән ретінде енгізілсе, олардың жағдайы сол талаптарға сай болуы тиіс. Даму картасын сызу керек. Содан кейін міндеттеуге кірісеміз. – Әңгімеңізге рақмет!   Сұхбаттасқан                                                                                                                                                    Абылайхан ЖҰМАШ