Қостанай облысында ауа райының бұзылуынан жол жүру қиындаған. Боран салдарынан науқастарға ауруханаға жету мұң болған. Сол үшін ТЖД қызметкерлері медициналық көмекке мұқтаж жандарды жедел түрде жақын жердегі ауруханаға жеткізіп жатыр.
Қостанай облысында құтқарушылар тұрғындарға барынша көмектесті. Мәселен, 11 наурыз күні олар 7 техниканы күртік қардан шығарып, 5 адамды қауіпсіз жерге жеткізіп, 19 адамды құтқарды. Олардың арасында бір бала бар. Облыстағы Төтенше жағдай департаментінің мәліметінше, 11 наурыз күні Арқалыққа жақын Фурмановка ауылының тұрғындары қар құрсауында қалып қойған. Қар мен қатты желдің әсерінен ауылға жетер жол жабылған. Осылайша, ауыл тұрғындары құтқарушылармен байланысқан. Соның ішінде 5 адамға медициналық көмекке қажет болған. Нақтырақ айтқанда, оларды жедел түрде Арқалықтың орталық аудандық ауруханасына жеткізу керек еді. Бірақ жолды тізеге дейін қалың қар басқан. Жағдайды түсінген ТЖД қызметкерлері ауылға жол талғамайтын көлікпен жеткен. Олар төрт ересек адамды және бір үш жасар баланы қар құрсауынан алып шығып, Арқалықтағы аурухана дәрігерлеріне алып барды. Құтқарушылар осындай күндері жедел жәрдем қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетуге тырысады екен. Әсіресе, шалғай ауылдардан қоңырау шалатындар көп. Сондықтан қызметкерлер ауа райының қолайсыздығына қарамастан, он, кейде жүз шақырым жерді басып өтеді.А.ЖОЛДАС