«Жер – Оралдыкі, жылқы – Атыраудыкі» деп полицейлер ұрыларды неге ұстай алмай отыр?  
«Жер – Оралдыкі, жылқы – Атыраудыкі» деп полицейлер ұрыларды неге ұстай алмай отыр?  
5,128
оқылды

Шаруалар енді әр жерде шашылып жатқан жылқысының бас-сирағын жинап жүр. Ауыл тұрғындары полицейлердің сылбыр әрекетіне налып отыр. Бұл туралы КТК хабарлады.

Мал иелері түнде ұрыларды ұстайын десе, «оққа ұшамыз ба?..» деп қорқады. Бір түн ішінде Айтқали Жалиевтің 4 бас жылқысына ұрылар оқ атқан. Екеуінің қарнын жарып, бас-сирағын сол жерге лақтырып, етін көлікке тиеп кетіпті. Атырау облысының тұрғыны Айтқали Жалиев: «Қаңтар айының аяғына дейін екі бас жылқы кетті. Оны да атып әкеткен. Басы мен сирағын ғана таптық. Ал енді одан кейін осы ғой», – дейді. Ауылда ұрыларға жем болдық деп отырған он бес шақты адам бар. Олар жоғалған малын іздеумен жүр. Ашуланғандар арызын кімге барып айтарын білмейді. Істі созбалаңға салған тәртіп сақшыларынан еш қайыр жоқ дейді.

Атырау облысының тұрғыны Қайсақан Ізбасов: «Алтын» шаруашылығы екі облыстың ортасында, яғни,  екі аймақтың шекарасында тұр. Органдарға шағымданғанда, келеді де жылқы атылған жер – Орал облысының жері деп айтады. Орал облысының жері болған соң «біздің жер емес» дейді. Орал облысынан келсе, «жер біздікі, мал біздікі емес» дейді. Іс содан жүрмей тұрып қалады. Бір Қазақстанда отырып, екіге бөлінеді деген болмайтын іс қой», – дейді.

Ал істі бір-біріне сілтеген Атырау мен БҚО-ның Полиция департаменті малды жайылымға жіберген шаруалар өзінен көрсін деп отыр. Тіпті, төрт түлікті қараусыз жібергендерді әкімшілік жауапқа тартамыз дейді.

Атырау облысы Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлназира Мұхтарова: «Малды өріске жылқышысыз өз бетімен жіберген болса, азаматтар әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 408-бабына сәйкес, әкімшілік жауапқа тартылады», – дейді.

Амалы таусылған атыраулықтар Ішкі істер министрлігіне шағымдануға бекініп отыр.

*Ауыл тұрғындарының сөзі қаз-қалпында берілді – ред.