«Nur Otan» партиясының Алматы қаласы бойынша «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасы аясында уыттылық пен түтіндікті өлшеу үшін қалаға кіреберісте 19 эко-бекет орнату жоспарланып отыр.
«Nur Otan» партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы, мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары барысында Құлжа тасжолындағы газ талдағыш пен түтін өлшегішпен жабдықталған бекеттің дайындығын тексерді. – Жұмыс сапарымен Құлжа тасжолында орнатылған жаңа экологиялық бекетке бардым. Мұнда көп компонентті газ талдағыштың көмегімен бензинмен және газбен жүретін көліктен шығатын улы газдың құрамындағы көмірсутегі, көміртегі оксиді, көміртегі диоксиді, азот оксиді, оттегі тексеріледі. Дизельді отынмен жүретін көліктердегі газдың түтіні де тексеріледі, – деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев. Партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында 2021 жылы Алатау ауданында 7 экологиялық бекет, Жетісу ауданында 3 экологиялық бекет орнату жоспарланған. Алғашқы екеуі Құлжа трактісі мен Бұқтырма көшесінде жақын күндері іске қосылады. Тестілік режимде тексеру кезінде уыттылық нормасынан асатын шамамен 5 мың жеңіл және 1 мыңнан астам жүк автомобилі анықталды.Әбілмансұр ЖАСАН