Қазақстан милициясының тарихы қазақ халқының тарихымен тығыз байланысты. 1917 жылдан бері халықпен бірге Совет билігін орнату үшін азаматтық соғыс майданында ұрыс салған кеңес милициясы одан соңғы ұжымдастыру жылдарында кулактардың бандаларымен шайқасқан болса, Ұлы Отан соғысы жылдары фашизммен күреске белсене қатысты. Соғыс біткен соң қираған шаруашылықты қалпына келтіруге, елдегі тыныштықты сақтауға атсалысты. Ал бүгінде соларға сабақтас полиция қызметі егеменді Қазақстан халқының конституциялық мүдделерін қорғап, демократиялық өзгерістердің күзетінде тұр.
Егемендіктің ерте таңында
Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі жылдар Қазақстан үшін үлкен қиындықтармен есте қалғаны рас. Экономикалық дағдарыспен қатар, криминалдық ахуал да ушығып сала берді. Атыс қаруын қолдану күрт артып, қылмыстар күрделі сипат ала түсті. Қылмыскерлер еркінсіп, қатыгез және ұйымшыл болды. Рэкет, адам ұрлау, бопсалау, қинау сияқты жантүршігерлік қылмыстар әдеткі жағдайға айналды. Бірқатар тапсырыспен адам өлтіру деректері де тіркелді. Тәуелсіздікпен бірге енген демократия, ашықтық деген ұғымдарды адамдар өзімбілемдік, анархия деп түсіне бастады. Көшеде рұқсат етілмеген митингтер, шерулер, пикет жасау жиіледі. Бұл жағдай құқық қорғау органдарының қылмыспен күреске жаңаша әдіспен келу қажет екенін аңғартты. Бірақ дайын нұсқа жоқ еді. Сол себептен де барлығын да басынан бастап игеруге тура келді. Осы реттен келгенде жас мемлекет үшін 1992 жылдың 23 маусымы күні «Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдары туралы» заңның қабылдануы ырық бермей кеткен криминалды ауыздықтау үшін маңызды болды. Осылайша, елімізде алғаш рет ішкі істер органдарының құқықтық мәртебесі, олардың құқықтары мен міндеттері, полиция қызметкерлерінің арнайы құралдар мен атыс қаруын қолданудың құқықтық негіздері, әлеуметтік қорғалуы заңнамалық деңгейде айқындалды. Осыдан соң азаматтардың қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіпті сақтап, мемлекеттік және жеке меншікті қорғау үшін Ішкі істер министрлігі республика бойынша қылмыспен күрестегі тактикалық әдістерін ғана емес, стратегиялық міндеттерін де өзгерте бастады. Министрлер кабинетінің қаулысымен ұйымдасқан қылмыс пен коррупцияға қарсы күрес күшейіп, республика бойынша мұндай бөлімшелердің штат саны ұлғайтылды. Қылмыстық іздестіру басқармаларында аймақаралық бопсалауға қарсы күрес бөлімшелері құрылды. Міндет түрлері қайтадан бөліске түсіп, ішкі істер органдарының құрылымдары мен штаттары жетілдіріліп отырды. 1992 жылы ІІМ мен облыстардағы басқармалардың аппараты 13%-ға қысқартылып, босаған орындар аудандық, қалалық және желілік ішкі істер органдарының тергеу және анықтау бөлімшелеріне берілді. Ақтөбе, Өскемен, Ақмола, Шымкент, Орал, Қостанайда қалалық ішкі істер басқармалары, Қарағанды қаласында АІІБ құрылды. 1993 жылдың 23 маусымы күні «Ішкі істер органдары туралы» заңның қабылданғанына бір жыл толуына орай өткен салтанатты жиынға Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысып, былтыр қабылданған заңның айырықша мәнге ие екенін атап өткен болатын. Сол күннен бастап еліміздің ішкі істер саласы төл тарихының алғашқы парақшасын ашып, мемлекетіміздің мүддесі жолында аянбай қызмет етіп келеді.Тәуелсіздік халықаралық аренаға жол ашты
Қазақстан ішкі істер саласының Тәуелсіздік тарихындағы тараулы бір тармағы – халықаралық аренадағы жолы. 1993 жылдың 4 қарашасы күні Сенегал астанасы Дакар қаласында 61-інші Бас ассамблеяда Қазақстан милициясы іс жүзінде бірауыздан Интерполға қабылданды. Бізбен бірге бұл қоғамдық ұйымға Украина, Эстония, Латвия, Армения және Әзербайжан да мүше болды. Мүшелік жарна көлемі 52 мың швейцариялық франк болып белгіленді. Күрт артып келе жатқан қылмыстық ахуалға қарсы бірыңғай әдіс жасап шығару мақсатында 1994 жылдың сәуір айында полиция қызметкерлерінің Бірінші халықаралық симпозиумы өтті. Бұл Қазақстан милициясы үшін жетекші елдердің ішкі істер саласымен практикалық байланыстарды жолға қоюдағы алғашқы қадамы болды. Мұндай маңызды форумның жұмысына 78 елден, соның ішінде АҚШ пен Ұлыбританиядан да делегациялар қатысты. Содан бері ішкі істер саласы түрлі деңгейде және форматта әлемдегі әріптестерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізіп келеді. Бүгінгі таңда ІІМ құқық қорғау қызметінің негізгі бағыттары бойынша 130-дан астам халықаралық келісімшарттың қатысушысы. Қазір сондай 50 шақты шарт жобасы дайындалуда. Әріптестердің ішінен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерін, Еуропа елдерін атап өтуге болады. Қытай, АҚШ сынды алпауыт елдердің құқық қорғаушыларымен кәсіби қарым-қатынас жолға қойылған болса, Таяу және Орта Шығыс елдерімен, Азия-Тынық мұхиты аумағы елдерінің құзыретті органдарымен байланыс орнатылуда. БҰҰ, ЕҚЫҰ, ҰҚШҰ, ШЫҰ, ТМД, Еуроодақ сынды халықаралық құрылымдар аясындағы әріптестік даму үстінде. Достастық елдерімен жыл сайынғы Ішкі істер министрлерінің кеңесі отырысы форматында өзара тиімді әрекет ету тетіктері жолға қойылған. Ал қылмысқа бірігіп қарсы тұру және практикалық шараларды жасап шығару үшін Ресей Федерациясының Ішкі істер министрлігімен біріккен алқа құрылған.Полиция – жаңа астанадағы жаңа атау
1998 жылы ел астанасы Сарыарқа төсіне көшкен кезде көптеген мемлекеттік ведомство да жаңа астанаға маңдай түзеген болатын. Алғашқы көшпен 21 тамыз күні Ақмола қаласына министрліктің 150 қызметкері келді. Көпшілігі отбасы мен дүние-мүлкін біржолата ала келген болатын. Оларға жаңа баспана беріліп, орналасып алу үшін қысқамерзімді еңбек демалысына жіберілді. Министрліктің қалған қызметкерлері жергілікті кадрлардан алынды. Олардың әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері шешілді. Сондай-ақ осы жылдың желтоқсан айында милиция атауы ресми түрде полиция болып ауыстырылды. Осылайша, кеңес жүйесінің милитарлық-жазалаушы форматынан батыстық полис-қорғаушы форматына ауысқан еліміздің ішкі істер саласы одан кейін де көптеген реформалық өзгерістерді бастан кешірді. Жаңа астанаға келіп, жаңа атау алған соң елорданың төрінен 1999-2000 жылдары министрліктің бас корпусы, «Алатау» спорт кешені, Жедел басқару орталығының (ЦОУ) жаңа ғимараты бой көтерді. Оңтүстік Кореяның атақты LG компаниясымен арадағы келісімге сәйкес тұрғызылған ІІМ мен Астана қаласының Жедел басқару орталығы ТМД бойынша бірінші, әлем бойынша бесінші ЖБО еді. 1999 жылдың 23 желтоқсанында пайдалануға берілген нысанды сол кездегі Үкімет басшысы, қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі салтанатты түрде ашқан болатын. Енді бүгінде мұндай орталықтар облыс орталықтарының барлығында бар. Алдағы уақытта криминалдық ахуалы күрделі 27 моноқала мен 8 шағын қалада ашу жоспарланып отыр. 2007 жылы 23 маусым – Қазақстан полициясы күні болып ресми түрде кәсіби мереке ретінде бекітілсе, 2014 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, жаңа «Ішкі істер органдары туралы» заң дайындалып, қабылданды.Өзгерістер мен іргелі істер
Тәуелсіздіктің 30 жылында Ішкі істер министрлігі – құрылымдық өзгеріске көп ұшыраған салалардың бірі. Бүгінгі таңға дейін полицияның аты ғана емес, заты да сан түрлі өзгеріске ұшырап, еліміз қылмысқа қарсы лайықты тосқауыл қоя алатын нәтижелі жүйе жасақтап шыға алды. 90-жылдар соңында өрт қауіпсіздігін сақтау, қылмыстық-құқықтық статистика жасақтау, криминалдық өндіріс жүргізу, экономикалық қылмыстармен күрес, халықты құжаттау және тіркеу функциялары басқа мемлекеттік органдарға берілген болатын. Одан кейін де өздеріне тән емес көлік құралына мемлекеттік техникалық тексеріс жасау, ішінара күзет қызметі сынды қызметтер де алынып тасталды. Айықтырғыштар Денсаулық сақтау, жасөспірімдерді оңалту орталықтары Білім, қылмыстық-атқару жүйесі Әділет министрлігіне берілді. 2000 жылы Қазақстанда мектеп инспекторлары институты пайда болды. Әрбір мектепте мұғалімдер мен ата-аналар комитетімен тығыз жұмыс істейтін бір-бір тәртіп сақшысын ұстау тәжірибесі жемісін беріп те жүр. Кешенді шаралардың нәтижесінде 90-жылдар басында елімізде 200 мыңға жуық қылмыс болса, 2009 жылы 120 мыңға азайды. 2011 жылы Қылмыстық-атқару жүйесі ондағы түзеу мекемелеріндегі жедел-режимдік және тағы да басқа жағдайлардың ушығып бара жатқанына байланысты кейін ІІМ-ге қайтарылды. Осы жылы сондай-ақ, халықты құжаттандыру және тіркеу функциясы да Әділет министрлігінен қайта алынды. 2012 жылы қылмыстар туралы арыздар мен хабарламаларды электронды түрде тіркеу технологиясы енгізілді. Бұл ақпараттар онлайн режимде прокуратура органдарына жіберіледі. Ал азаматтар қолдарына берілген электронды талон-хабарлама бойынша прокуратураның интернет сайты, сall-орталықтары және SMS-сервистері арқылы оны қадағалап отыра алады. 2013 жылы Президенттің тапсырмасына сәйкес елімізде жол және патрульдік полиция біріктіріліп, әмбебап полиция қызметі құрылды. Мұндай өзгеріс, полиция қызметкерлерінің құзыретін кеңейтіп, бір маршрутта нарядтардың қабаттасып жүрмеуіне мүмкіндік берді. Нәтижесінде елдімекеннің барлық аумағын қамтуға, оқиға орнына тез жетуге, қылмыстарды ізін суытпай ашуға жағдай туды. 2014 жылы Төтенше жағдай министрлігінің таратылуына байланысты ІІМ-ге комитет ретінде қосылған болатын. Ішкі істер құрылымында 6 жыл болған ТЖ саласы былтыр ғана өз алдына министрлік болып бөлек шықты. Реформалы өзгерістердің бірі – 2015 жылдың қаңтарынан бастап жаңа қылмыстық және қылмыстық-процессуалдық процестердің күшіне енгені. Қылмыстық процестті жеңілдете түсетін қылмыстық сот өндірісінің жаңа моделі енгізілді, тергеуге дейінгі тексеру алынып тасталды. Енді барлық құқықбұзушылық сотқа дейінгі тергеу тізіліміне (ЕРДР) тіркеледі. Одан кейін барып қана өндірістен қысқартылатындары, тоқтатылатындары, алынып тасталатындары түсіп қалады. Осы жылға тіркелген 330 мың қылмыс санының көп болуы, нақты жедел ахуалмен емес, заңнамадағы тіркеу тәртібінің өзгеруімен байланысты. Сондай-ақ осы жылы «Қоғамдық кеңестер туралы» заңның қабылдануына байланысты ведомство бойынша консультативті-кеңесші органдар құрылып, жұмысын бастады. 2016 жылы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес барлық өңірлерде Жергілікті полиция қызметі құрылды. Ол өз аясына учаскелік инспекторларды, жол-патрульдік, ювеналдық, табиғат қорғау полицияларын және тағы басқа қызметтерді біріктірді. Қазір ІІМ мемлекеттік қызмет түрінің 41 түрін көрсетеді. Оның басым бөлігі электронды түрге көшірілген.Басты көрсеткіш – халық сенімі
Полиция қызметкері болу – үлкен қажыр мен берік ұстанымды талап ететін өте күрделі де қауіпті қызмет. Күні-түні жел өтінде, жер шетінде қылмысқа қарсы күрес жүргізу оңай емес. Олар кез келген сәтте басын қатерге тігіп, азаматтардың амандығы үшін жанын қиюға да әзір. Олардың бұл ерліктері уақытында бағаланып та жүр. Тәуелсіздік алғаннан бері елімізде мыңнан астам ішкі істер органы қызметкерлері мен Ұлттық ұланның әскерилері мемлекеттік наградалармен марапатталған болса, олардың 130-ы өкінішке қарай өмірін қиылғаннан кейін марапатталды. Кейінгі 30 жылда елімізде қызметтік міндетін атқару кезінде 797 полиция қызметкері қаза тапқан болса, олардың 80-і қылмыскерді құрықтау кезінде мерт болғандар. Ал қызмет бабында 2 604 қызметкер ауыр дене жарақатын алған. Ішкі істер саласын әлі де болса үлкен бетбұрыстар күтіп тұр. Әйтсе де, бұл жолда олар қандай да өзгерістерге сақадай сай. Қазір бұрынғыдай қылмыс саны ішкі істер органдарының жұмыс көрсеткіші болып саналмайды. Олардың жұмыс көрсеткіші халық сенімі болып қала бермек.Нұрлан ОРАЗҒАЛИ