“Селфи үшін орамал тағып, сақал қойып, намаз оқуға болмайды”– теолог Асқар Сабдин
“Селфи үшін орамал тағып, сақал қойып, намаз оқуға болмайды”– теолог Асқар Сабдин
654
оқылды
Әлем елдері ішінде терроризм қауіптілігіне байланысты рейтингте Қазақстан 93-ші орында тұр.  Исламтанушы теолог Асқар Сабдиннің айтуынша, 2012 жылдан бастап Мэриленд университеті жыл сайын Әлемдік терроризм индексін (Global terrorism index) жариялайды. 2020 жылы 164 елдің ішінде Қазақстан 93-ші орын алды.     Селфи
«Бұл әрине жақсы көрсеткіш. Себебі бұл индексте АҚШ – 29 орын, Ұлыбритания – 30 орын, Ресей – 39 орын, Германия – 48 орын, Қытай –53 орын, Канада – 56 орын секілді алпауыт елдерден қауіпсіз ел болып саналамыз. Тіпті Бельгия – 59, Италия – 59, Швеция – 61, Япония – 79, Финляндия – 83 секілді дамыған демократиялардың рейтингісі бізден нашар. Жалпы Орта Азия аймағы Ауғанстанды (1 орын) есептемегенде терроризм көрсеткіші бойынша қазіргі таңда әлемнің қауіпсіз аймақтарына жатқызуға болады. Көрші Өзбекстан – 134 орын, Түркменстан ең соңғы – 135 орында орналасып, әлемнің терроризм көрсеткіші бойынша ең қауіпсіз елдер қатарында. Қырғыз елі бізден бір саты жоғары – 92 орын, Тәжікстан – 45 орында»,−  дейді теолог.
Оның айтуынша, дегенмен бір де бір мемлекет терроризм қауіпінен ада емес. Мысалы, былтыр қауіпсіздік органдары елімізде 4 теракттың жолын кескен. Сондықтан әлемдік рейтингіміздің жақсарғанына қарамастан қоғамда радикалдық идеологияға қарсы иммунитетті және радикалдық көріністерге мүлдем төзбеушілікті қалыптастыруға бағытталған шараларды одан ары жетілдіру керек. селфи Айта кетерлігі, жаһандық терроризм индексі терроризмнің елдегі әсерін көрсетеді және әртүрлі әлеуметтік-экономикалық жағдайларды, сондай-ақ радикалды қозғалыстардағы геосаяси факторларды талдауға негізделген.Қазақстан 2016 жылы бұл индексте 92-орынға ие болса, 2017 жылы 67-орынға ие болды (Ақтөбе мен Алматыдағы террористік актілерге байланысты), 2018 жылы 75, ал 2019 жылы 85 орынға жайғастық.
«Қажетті деңгейде көңіл (қаражат) бөлінбей жатқан мәселелер бар. Қазіргі таңда еліміздің күштік құрылымдары бұрынғыға қарағанда діни экстремизмге қарсы әдіс тәсілдерін әбден дамытты, бірақ идеологиялық тұрғыдан діни экстремизмге қарсы біздің әлі де осал жақтарымыз бар. Сол осал жақтарымыздың бірі радикал-экстремистерді оңалту бойынша теориямыздың әлсіздігі. Тәжірибе жүзінде 2011 жылдан бері көптеген жұмыстар атқарылып жатыр, бірақ көп жағдайда ол радикалсыздандыру тәжірибелері ғылыми әдістерге негізделмеген. Сондықтан теорияны дамыту қазіргі заман талабы. Екінші мәселе – тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына қарамастан еліміздегі исламдану үдерісі әлі де жүйесіз және  дінге бет бұрушы жастарға ұсынар нақты идеологиялық анықтылығымыз жоқ деуге болады. Содан жастар сұрақтарына жауап алу үшін, рухани ұмтылыстарын қанағаттандыру үшін әртүрлі деструктивті жамағаттарды паналап, интернет желісіне жүгінеді»,– дейді теолог.
Айта кетерлігі, былтырғы жылдың 12 айдың көрсеткіші бойынша 276 экстремизм мен терроризмге қатысты қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Оның ішінде деструктивті діни ағымды насихаттайтын 16 оқулық анықталыпты. Ал жат ағымның жетегінде кеткен жастардың көрсеткіші қандай?
 «Менің ойымша 0,2%-дан аспайды. Бұл әрине менің субьективті көзқарасым. Бірақ бір мыңның ішіндегі жат ағымға кіріп кеткен бұл 2 жастың белсенділігі шамадан тыс жоғары және пропорционалды емес. Кез келген саяси мақсаты бар күш, діни болсын болмасын, ең бірінші қызу қанды, максималист, кейде утопиялық деңгейде идеалист, энергиясы көп жастарға жүгінеді. Сол жастарды теріс діни ағымдардан сақтандыру үшін жалпы білім беру жүйесін дұрыстау керек. Рационализмді, сыни көзқарасты, талдауды насихаттау керек. Ақыл-ойы озық, көзі ашық, көкірегі ояу жастарымыз ешқандай теріс ағымға алданбайды»,− дейді исламтанушы теолог Асқар Сабдин.
Дін тек қана сақал, орамалмен шектелмейді... Таяуда ақын Айнұр Тұрсынбаева орамалдылардың құқығын қорғап, Президентке өтініш айтқан болатын. Оның айтуынша, орамал таққалы бері телеарнадағы жұмысынан алыстап, шекарадан өтуі де қиындай бастаған. Осы мәселеге қатысты теологтың пікірін сұраған едік.
«Сақал, орамал ұғымдары дінде бар, бірақ дін тек қана сақал, орамалмен шектелмейді. Орамал тағу, сақал қою, намаз оқу, ораза тұту, садақа беру – хайп, мода, селфи үшін болмау керек. Желіден байқағаным кейбір танымал тұлғалар дінді модаға айналдырып біресе орамал тағып, біресе шешіп сонымен хайп жасап жүр. Бұл рияға жатады және діни тұрғыдан дұрыс емес. Құран риямен намаз оқыған адамдарды қатты сынайды. Содан кейін дінде кез келген нәрсенің өлшемі болады, тіпті діндегі парыз амалдарды орындағанда да шектен шықпау керек. Мысалы Әбу Дәуіт жеткізген хадисте Пайғамбар Мұхаммед (оған Алланың сәлемі мен ізгілігі болсын) былай деген: «Ақ түсті киім киіңіздер, себебі ол сіздің ең жақсы киіміңіз және мәйіттеріңізді де ақ киіммен арулаңыз». Ал қазір кейбір діндарларымыз киім келбеттерін тәкәббарлықпен демонстрациялы түрде басқаларды менсінбеу құралына айналдырып, халықтың жағдайымен санаспай адамдарды діннен бездіріп жатыр. Кейде автобусқа мінген осындай шектен шыққан діншіл бір адам басқа жолаушылардың үрейіне себеп болып жатады»,– дейді А.Сабдин.
Радикалды діни ағымдар әлеуметтік желіні не үшін қолданады? 2019 жылы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитеті жүргізген сауалнама бойынша респонденттердің 62,8%-ы елдегі діни жағдай туралы қандай да бір дәрежеде хабардар. Азаматтар бірінші кезекте интернет арқылы ақпарат алуды жөн санайды. Бұл ретте радикалды діни ағымдар әлеуметтік желіде белсенділік танытатыны белгілі. Дінтанушы Балғабек Мынзаевтың айтуынша, діни сауаты таяз адамдардың діни ақпаратты ғаламтордан іздейтіндігі белгілі. Ал мұндай адамның ақпарат тарату мәселесінде өте белсенді жұмыс жүргізетін радикалды ұйымдардың қармағына ілінуі әбден мүмкін. Теріс пиғылды ағымдардың кейбір сайттары халықты экстремистік немесе террористік әрекеттерге шақыруы мүмкін. Олар исламға арналған ақпарттық портал ретінде жұмыс жүргізеді. Алайда, олар шын мәнінде халықтың дәстүрлі діни ұстанымдарын ыдыратып, мұсылмандар арасына жік салып, дінді іштей бөлшектеуді көздеуі мүмкін. Селфи
«Деректерге сүйенетін болсақ, тіркелген қолданушыларының саны бойынша алғашқы ондыққа кіретіндер: Facebook (1,4 млрд.), Youtube (1 млрд), Google (500 млн-астам), Twitter (500 млн-нан астам), "Вконтакте" (230 мл.-нан астам), Одноклассники (205 млн-нан астам) және т.б. әлеуметтік қызметтер. Осы әлеуметтік желілер арқылы мұндай ұйымдар танымал хэштегтерді (#) алып, оның мазмұнына өз материалдарын көптеп орналастырады.  "Вконтакте" және «Facebook» секілді әлеуметтік желілердегі ең белсенді қоғамдастықтардың шамамен 70%-ы дәстүрлі емес ислам  идеологиясына қатысты екен. YouTube, Facebook, Instagram, "Вконтакте", Twitter, Telegram сияқты әлеуметтік желілерді пайдаланушылардың арасында да әлеуметтік желілер мен медиа порталдар арқылы мемлекеттік жүйені құлатуға тікелей және жасырын шақыру, қолданыстағы заңдарды, зайырлы этика мен мораль нормаларын мойындамау фактілері де кездеседі»,− дейді дінтанушы kazislam.kz сайтында берген сұхбатында.
Бір де бір қазақша тәпсір жоқ Қазіргі идеологиясыздандырылған қоғамда діни белгісіздіктің алдын алу өте маңызды. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?
 «Бұл зайырлы мемлекеттің емес, дін қызметкерлерінің міндеті. Ал діндарлықтың сапасын көтеру үшін – қазіргі заман мәселелеріне жауап беретін сапалы контент қажет. Мысалы мен сізге айтайын қазіргі таңда Құранның 30 парасын, барлық аяттарын қамтитын бір де бір қазақша тәпсір жоқ. 4-5 жыл бұрын “Қазақстан исламтану мектебін қалыптастыру” атты жақсы жоба басталған еді, соны қайтадан жаңғырту керек секілді»,− дейді исламтанушы теолог Асқар Сабдин.
Оның айтуынша, елде сектатану білімін де дамыту керек. Бүгін діни салада белгілі 2-3 деструктивті ағым бар болса, ертең олардың орнына басқа деструктивті ағымдар келуі мүмкін.
«Сондықтан еліміздегі ресми бейресми діни қызмет атқарып жатқан барлық субьектілерге (жамағаттарға) ғылыми инвентаризация жасауды бірнеше жыл қатарынан өкілетті мекемелерге ұсынып жүрмін. Осыған назар аудару керек деп ойлаймын. Қазіргі жаһандану жағдайында дін, мәдениет, тіл секілді негізінде саясатта бейтарап ұғымдар саяси ықпал ету құралдары ретінде қолданылуда»,– дейді теолог.
Елімізде 2020 жылы қандай террористік оқиғалар орын алды?  Былтыр Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері террористік акті жасауға бағытталған 4 әрекеттің алдын алды.  2019 жылы осындай 3 оқиға тіркелген. Бұл оқиғалардың барлығы  Қарағанды, Тараз, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында болған. 2020 жылы 27 қаңтарда Қарағанды ​​және Тараз қалаларында деструктивті діни ағымның 5 өкілі терроризмге күдікпен ұсталып, сот санкциясымен 2 ай мерзімге қамауға алынды. Барлығы бұрын ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін сотталған. Аталған адамдарға террористік топ құру, оған жетекшілік ету және оның қызметіне қатысу фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды.  2020 жылы 14 ақпанда Алматыда жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде деструктивті діни ағымның 2 жақтаушысы соттың санкциясымен қамауға алынды.Тергеу әрекеттері барысында олардың тұрғылықты жерінде соққы жасайтын элементтері бар қолдан жасалған жарылғыш құрылғы, оны жасауға арналған компоненттер, қырлы қару-жарақ, шабуылға арналған болжамды нысандардың фотосуреттері мен бейнежазбалары бар смартфондар табылды. Бұл адамдарға терроризм актісіне дайындық (Қылмыстық кодекстің 255-бабы) және терроризмді насихаттау (Қылмыстық кодекстің 256-бабы) фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. 2020 жылы 13 наурызда Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы қаласында жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижелері бойынша «ДАИШ» халықаралық террористік ұйымының (Қазақстанда тыйым салынған) идеологиясының жақтаушысын соттың келісімімен қамауға алды. Тұтқындалған адам наурыз мейрамын тойлау кезінде адамдар көп жиналатын жерлерде террористік акт дайындады деп күдіктелуде. Тергеу әрекеттері барысында одан екі жауынгерлік граната тәркіленді. 2020 жылы 25 наурызда Ұлттық қауіпсіздік комитеті жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижелері бойынша Нұр-Сұлтан қаласында деструктивті діни ағымның өкілін ұстады. Ол елорда аумағында теракт ұйымдастырды деп күдіктелуде. Тергеу іс-шаралары барысында одан жарылғыш элементтері бар қолдан жасалған жарылғыш зат алынды. 2019 және 2020 жылдары бұрын-соңды болмаған жетістік – Сирия мен Ирактан Қазақстан азаматтарын қайтаруға бағытталған «Жусан» гуманитарлық операциясын ұйымдастыру еді. Жалпы, операция бес кезеңде өтті.  Бірінші кезең аясында Қазақстанға 47 адам оның ішінде 6 ер адам, 11 әйел, 30 бала қайтып оралды. Екінші кезеңде 231 адам оның ішінде 16 ер адам, 59 әйел, 156 бала (18 жетім) қайтарылды. Үшінші кезеңде 246 адам оның ішінде 8 ер адам, 67 әйел, 171 бала (9 жетім) қайтарылды. Төртінші кезеңде 71 адам оның ішінде 3 ер адам, 19 әйел, 49 бала (5 жетім) қайтарылды. Жалпы, «Жусан» операциясының 4 кезеңінің нәтижесінде 595 қазақстандық Сириядан оралды, оның 406-сы бала.  Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбековтің айтуынша, 114 қазақстандық әлі күнге дейін қақтығыс аймағында (Сирия, Ирак, Ауғанстан) қалып отыр.