Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен Сенат жанындағы Жергілікті өкілді органдармен (мәслихаттармен) өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысы болды. Онлайн түрінде өткен отырысқа палата депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары және еліміздің барлық өңірлерінен мәслихат өкілдері қатысты.
Сенат Төрағасы өз сөзінде Мемлекет басшысының реформаларын жаңғырту жөніндегі күн тәртібін заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету туралы жан-жақты айтып берді. Ол аса маңызды заң жобаларын қарауға мәслихаттар депутаттарын белсенді түрде тартуға шақырды. Сенаторлардың үштен екісі аймақтардан сайланғанын ескерсек, мұндай тығыз қарым-қатынастың маңызы өте зор.
«Өткен сайлауда Елбасы мен Мемлекет басшысының бастамасымен жүргізіліп жатқан саяси реформалардың әлеуеті іске асырылды деуге әбден болады. Алғаш рет мәслихат депутаттары партиялық тізім бойынша сайланды. Әйелдер мен жастарға арналған квота да алғаш рет қолданылды. Сайлау нәтижесінде жергілікті өкілді органдар 70 пайызға жаңарып, мәслихаттардың сапалы құрамы қалыптасты», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат Төрағасының пікірінше, Президент бастамаларының табысты іске асуы заңнамалық базаның өзгеруіне ғана емес, халықпен түсіндіру жұмыстарының қаншалықты сапалы жүргізіліп жатқанына да байланысты. Сондықтан Мәулен Әшімбаевтың пікірінше, мәслихаттар мен Сенат осы бағытта өзара белсенді іс-қимыл жасауы тиіс.
«Сенат депутаттары үнемі аудандық, қалалық, облыстық мәслихаттармен өзара тығыз байланыста болуы керек. Соның барысында жергілікті деңгейдегі өзекті мәселелер және қолданыстағы заңнаманың тиімділігі талқыланады. Нәтижесінде, біз халықты толғандырған мәселелерді анықтап, оларды шешудің тиімді жолдарын қалыптастыратын боламыз», – деді Мәулен Әшімбаев.