Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы кино түсіруге үмітті киножобаларды қабылдады.
Орталықтағы өндіріс бөлімінің сарапшысы Бижан Әбішевтің айтуынша, биыл 450 компаниядан 503 өтінім келіп түскен. «Әдеттегідей, «Көркем фильмдер» санатындағы өтінім саны көп, биыл – 231. «Деректі фильмдер» санатында – 86, «Қысқа метражды фильмдер» санатында – 73, «Бірлесіп шығарылатын фильмдер» санатында – 58, «Анимация» санатында – 35, «Дебют» санатында – 31, «Авторлық/артхаустық кино» санатында 25 өтінім келіп түсті. Нақтылап кетейік, еліміздің ең ірі киностудиясы «Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ биыл 45 өтінім тапсырды. 2019 жылы өткізілген Кино орталығының питчингіне 109 өтінім қабылданған. 2020 жылы 226 өтінім келіп түскен. Ал биыл 503 өтінім, жыл сайын саны артып келеді», – дейді Б. Әбішев. Биыл Кино орталығы өтінімдер қабылдау талабын біршама жеңілдеткен. Осыған сәйкес, бірінші кезеңде қатысушылар сценарий мен түйіндемелерін, өндіріске сұратылатын соманы қамтитын алдын ала құжаттар пакетін ғана тапсыруы керек. Конкурстың келесі кезеңінде презентация, смета, ниет шарттары мен т.б. құжаттарды қамтитын толық пакетті дайындау қажет болады. «Қазір біз техникалық жұмысты аяқтап қалдық, содан кейін сценарийлік өтінімдер олардың көркемдік мазмұны бойынша бағаланады. Бұл үшін Сараптама кеңесі жобаларды алдын ала бағалау бойынша жұмыс жүргізеді. Содан кейін питчингке жіберілетін жобалардың тізімін анықтаймыз, онда конкурсқа қатысушылар өз жобаларын Сараптама кеңесінің мүшелеріне таныстыра алады», – дейді Бижан Әбішев. Еске сала кететін жайт, мемлекеттік қаржыландырудан үмітті киножобаларды одан әрі іріктеу кезінде ескерілетін маңызды мәселе бар. Олардың ішінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналған фильмдер түсіру бар. «Әрине, түсірілім тобының кәсібилігі, продюсер мен режиссердің тәжірибесіне де назар аударылады»,– дейді орталықтың өкілі.Ж.НҰРЛАНҰЛЫ