Алименттен қашқанға амал бар ма?
Алименттен қашқанға амал бар ма?
503
оқылды
Алматыда 10 мыңнан ас­там алимент төлеуші боры­шын өтеу­ден жалтарып, жауап­­кер­шіліктен қашып жүр. 120 адам­ның қарызы мил­лиард теңгеден асып жы­ғылған. Отбасын тастап кет­кен азамат ай сайын бір ба­лаға ең­бекақысының немесе өзге табысының төрттен бірін, екі балаға – үштен бір бөлігін, ал үш және одан көп балаға та­бы­сының жартысын ауда­рып отыруға міндетті. Бұл жоғары жа­лақы алатындар үшін анау айтқандай қиындық тудыра қоймас. Ал айлық ақшаны шай­лық қажетіне жеткізе алмай жүргендер мен тұрақты жұмы­сы жоқтар үшін бұл оңай нәрсе емес. Баланы асырау, бағып-қағып өсіру, тәрбие беру – әрбір ата-ананың басты міндеті. Бұл заң­мен бекітілген. Ата-ана заңды не­кеде, азаматтық некеде немесе ажырасқан болса да, осы міндет бәріне ортақ. Өкінішке қарай, кейде неке бұзылып, баланы тек анасы немесе әкесі күтіміне ала­ды. Мұндай жағдайда баланы асы­рап отырған тарапқа екінші жақ алимент төлеуге міндетті. Қазіргі таңда елімізде 202 мыңнан аса адам алимент төлейді. Оның 197 мың­ға жуығы ер-азаматтар болса, қалғаны – әйел. Өкініштісі, кейінгі жылдары жатырын жа­рып шыққан өз баласынан жері­ген көкек ана­лардың қатары кө­бейіп келеді. Қанымызда жоқ мұн­дай қасиеттің пайда болғаны алаңдайтындай-ақ ахуал. Еліміз бойынша соңғы 5 жылда алимент төлеуден жалтарған 500-ге жуық адам әкімшілік жауап­­кершілікке тартылған. Де­генмен олардан сабақ алып жат­қандар шамалы. «Алимент төле­мейтін­дерге қойылатын та­лап, жаза қатаң болса олар төлем­нен жалтара алмас еді. Заң осал болған соң олар әкімшілік жауап­кер­шіліктен қорықпайды, біл­ге­нін істеп тайраңдайды. Сол үшін заң талаптарын күшейту керек», – дейді заңгер Полина Габдрахманова. Тап осы адвокаттың қорғауын­дағы Юлия Бахтина да 2015 жыл­дан бері бұрынғы күйеуі Андрей Бахтиннен екі баласы үшін али­мент ала алмаған. Сол кезден бері сотқа берсе де, арызы қаралмай, 9 рет ресми тоқталып келген. Таяуда жәбірленуші тараптың адвокаты Полина Габдрахманова мен Жетісу аудандық полиция бөлімшесінің қызметкерлері бо­рышкердің екі жерде ресми емес жұмыс істей­тінін анықтады. Нәтижесінде, Алматы қаласының ювеналды соты Бахтинді 139-бап бойынша кінәлі деп танып, оны 1 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шықты.
Борышкерлер тиісті төлемді төлемеудің түрлі айла-шарғысын жасап бағады. Олар тұрғылықты мекенжайын жиі ауыстырады. Жұмыс берушілермен келісіп, жалақы мөлшерін жасырады. Бұл жағдайды қиындата түседі. Расында, төлем жасамай келген­дердің басым бөлігі тұрақты жұ­­мы­сы жоқтар. Олардың ара­сын­­да жұ­мысқа тұруға әрекет жа­­сап, тиісті төлемді төлеуге та­лап­­­танатындар да бар. Мә­се­лен, Алматы қала­сын­дағы Ала­тау аудандық про­кура­тура қыз­­меткерлері али­мент төлеу­ші­лерді жұмысқа орналас­тыруға кө­­мектесіп келеді. Соның ар­қа­­сында борышкерлер саны бір­­шама азайған. Желтоқсан айын­­­дағы мәлімет бойынша 102 адам болған. Алайда олардың ор­тақ сомасы 18 миллион теңгеге же­тіп отыр. Ауданда уәкілетті органдармен бірлесіп жұмыс беру жәрмеңкесі ұйымдастырылып тұрады. Жәрмеңке арқылы жұ­мыс­қа тұрып, алимент бойынша қарыздарын қайтарып жатқандар бар. Мұндай тәжірибені қазіргі таңда еліміздің басқа өңірлері де қолдана бастағаны байқалады.
Статистикалық мәлімет бо­йын­ша, алимент өндіруге шық­қан әрбір төртінші сот шешімі орын­далмай, аяқсыз қалады екен. «Мүлкі болса тәркілеп, көлі­гі бол­са оны аукционмен сатып, ақ­ша­сын алушыға өндіріп бере­міз. Ал олардың мүлкі болмаса қиын. Сол себепті оларды жұмыс­қа орналастыру жағы ойласты­ры­лады», – дейді қалалық Әділет де­партаментінің бас маманы Әнуар Жексенов. Алимент төлемей жалтарып жүргендер көп болған соң оны өн­діріп беру үшін түрлі шаралар да ұйымдастырып келеді. Мәселен, Жетісу ауданы прокуратурасы жол полициясы қызметкерлерімен және Алматы қаласының жеке сот орындаушыларымен бірлесіп өткен айда «Алиментті төле» және «Борышкер» акциясын өт­кізді. Акция барысында борыш­керлердің 16 автокөлігі ұсталып, 2 миллион теңгеден астам қарыз төленді. Оның ішінде өткен жыл­дың 14 қарашасында рейдті жүргізу барысында алимент төлеушілер 1 миллион теңгеге жуық ақша төлеген. Қазіргі таңда алиментті борыш­кердің ата-анасынан өндіріп алу, алиментті төлеп беретін қор құру туралы да мәселе көтеріп келеді. Былтыр Алматы қаласы әкі­мінің бұрынғы орынбасары, қазіргі таңда Еңбек және халықты әлеуметті корғау вице-министрі қызметін атқарып отырған Ерлан Әукенов Алматыда алимент төле­мейтіндерді қамайтын орын ашы­латынын айтып қалған. Қалай дегенде мәселе ушығып тұр. Бала алдындағы ата-ананың міндеті тек алиментпен шектелмейтінін ұқпайтындардың қатары көбейіп келе жатқаны қынжылтады.    width=Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ