Алматы қаласындағы Мемлекеттік орталық музейде «Масатыдай құлпырған…» атты қалпына келтірілген көне кілем мен тоқыма бұйымдардың көрмесі ашылды.
Бұл көрме бұрынғыдан өзгерек. Өйткені көрмеде еліміздің оңтүстік, солтүстік және батыс өңірінен дәстүрлі қазақ кілемдерінің бұрын көрмеге қойылмаған және жоғары көркемдік-тарихи маңызы бар бірегей коллекциясы топтастырылған. Музейдің реставрация бөлімінің меңгерушісі Шолпан Тұрсынбаеваның айтуынша, кілемдер еліміздің оңтүстік және шығыс өңірінде тоқылған. Кілемнің дайындалу әдісі мен сипаты жағынан өзіне тән өзгешеліктері бар. Көрмеден қайта қалпына келтірілген кілемдер мен қатар тоқыма бұйымдарын тамашалауға болады. Жәдігердің барлығы музей қорында сақталған. Тарихи-мәдени артефактілерді қалпына келтіру – орталық музей қызметінің маңызды бағыттарының бірі. Оған қоса музейде 1986 жылдан бері реставрация бөлімі жұмыс істейді. Қазір онда сегіз білікті маман кескіндеме, графика, қыш, мата бұйымдары, кілем-киіз және тағы басқа бағыттар бойынша қызмет етіп жатыр. Мәлімет бойынша, көрмеге 13-ке жуық түкті кілем мен басқұрттар, қоржындар қойылған. Бұл бұйымдардың барлығы ХХ ғасырдың бірінші жартысында тоқылған. Ең көне кілем 1934 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында тоқылған. Аталған көрменің басты мақсаты – Орталық музей қоры негізінде қазақ халқының кілем және тоқыма бұйымдарының тіршілік қамы функциясын, сонымен қатар тоқу материалдары мен техникасын, қолданыс аясын, шаруашылық, тұрмыстық функцияларын ашу.А. ЖОЛДАС