Футболдан Қазақстан чемпионаты басталысымен-ақ сынның астында қалды. 39 миллион долларға салынған «Түркістан Арена» стадионының алғашқы турдағы ойын кезінде көлге айналғаны, ойыншыларға кедергі жасағаны жанкүйерлердің ашу-ызасын туғызды. Ал нысанды салған құрылыс қомпаниясының өкілдері бұл олқылықты ауа-райының қолайсыздығымен байланыстырып отыр.
Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының басшысы Олжас Абраев та «Тұран» мен «Астана» арасында өткен кездесудегі жағдайдың үлкен сабақ екенін, мұндай олқылықтарды болдырмау мақсатында жұмыс істейтінін тілге тиек етті. – Аталған ойын отандық футболдың беделін түсірді. Болған жағдай үшін футбол мамандары мен футболсүйер қауымның алдында кешірім сұраймын. «Түркістан Аренадағы» жағдай барлығымызды қынжылтты. Жуырда «Астана» футбол клубының басшылығы БАҚ-та ойынды ауыстыру туралы өтініш жасағаны туралы ақпарат таратты. Мен клуб өкілдерімен телефон арқылы келіссөздер жүргізілгенін растаймын. Бұл әңгімелер барысында ойынды басқа мерзімге ауыстыру туралы шешім төрешілер бригадасы және команда өкілдерінің кездесуімен өтетін ортақ жиында қабылдануы керек екенін айттым. Алаңды тексеру барысында қос команда тарапынан ойынды басқа мерзімге ауыстыру туралы пікір айтылмады. «Астана» футбол клубы өкілдерінің лиганы кінәлауы біз үшін түсініксіз жағдай, себебі аталмыш арнайы жиында клуб өкілдері ойынды өткізуге келісім берді.Біз «Түркістан Арена» стадионында болған жағдайға қатысты жауапкершіліктен бас тартпаймыз, – деді Олжас Абраев. Бұл мәселені халық қалаулылары да қызу талқылап жатыр. Мәжіліс депутаты Азат Перуашев стадион құрылысына қатысты тексеріс жүргізу керек екенін тілге тиек етті. – Түркістанның суға толған жаңа стадионы қатты талқылануда. Ол 39 миллион долларға бой көтерген дейді. Біздің партия облыстық Спорт басқармасына осы стадионның құрылысына «нақты қанша қаржы кетті?» деген сауал жолдады. Өзге де олқылықтар бар сияқты. Сондықтан оның құрылысы мен жұмысын тағы тексеру керек, – деді Перуашев. Ал BI Group компанияcының өкілі Дархан Тоғаев құрылыс компаниясы нысанның талапқа сай екенін алға тартады. Кем-кетігін уақыт өте түзейміз деп уәде берді. «Біздегі дренаж жүйелері жұмыс істеп тұр. Біз оны тексердік. Жаңбырдан кейінгі болған жағдайлардың кемшіліктерін түзейміз» деп ақталды. Біздің футболда былық көп екенін алға тарқан спорт журналисі Фараби Әбдіхалық стадионға жарымаған қазақ футболының жағдайы спорттық инфрақұрылымды дамытпай жақсармайтынын жеткізді. – «Түркістан Аренадағы» жасыл алаң сапасының «сырты бүтін, іші түтін» екеніне көз жетті. Бір апта бұрын, ауа райы футбол ойнауға қолайлы болып тұрған кезде сапасы жақсы көрінген. Бірақ нөсерлетіп жаңбыр жауып еді, аренадағы жасыл алаңның қара жерден айырмашылығы жоқ екенін көрсетіп берді. Алаңның жағдайын көріп тұрып сол күні ойынды өткізуге рұқсатын берген адамдарға да таңым бар. – дейді Фараби Әбдіхалық. Қалай дегенмен де, бұл мәселе жабулы қазан күйінде қалмай, толық тексеріліп, мәселенің неден туындағаны анықталып, оған кінәлілер жауапқа тартылуы керек. Түркістан облыстық Спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Қанат Жолдақараев дренаждардың талапқа сай не сай емес екенін, қандай кемшіліктер кеткенін анықтау үшін арнайы комиссия құрылғанын хабарлады. Стадион әзір жабылған жоқ, бірақ жөндеу жұмыстары біткенше ешқандай ойын өткізілмейтін болды. Қазір прокуратура «Түркістан Аренаны» тексеру жұмыстарын бастап кетті. 39 миллион долларға салынған су жаңа стадионға қатысты қандай шешім қабылданғанын алдағы уақытта білетін боламыз.Абылайхан ЖҰМАШ