Каспий жағалауындағы су неліктен қызыл түске боялғанын экологтар түсіндірді
Каспий жағалауындағы су неліктен қызыл түске боялғанын экологтар түсіндірді
975
оқылды
Теңіз жағалауындағы су қан қызылға боялды. Бұл өзгерісті қала тұрғындары кеше байқады. Жалпы бұл құбылыс Каспий теңізінің жағалауынан соңғы үш жылдан бері көрініп жүр. 2017 жылы осыған ұқсас жағдай 9А шағын аудандағы теңіз жағалауынан байқалса, 2018 жылы 1 шағын ауданнан «Нұр Плаза» жағажайына дейінгі жағалау суы  қызылға айналған болатын. Тұрғындар әуел баста мұны теңіз суының ластануы деп шошынды. Алайда өңірдегі экология департаментінің өкілдері бұл құбылысты теңіз балдырларының жағалауларда шоғырланып өсуімен байланыстырады. Экологтардың пікірінше, егер су ластанған болса, теңіз суы кемпірқосақ секілді түрлі түске еніп жарқырайды екен.    width= Олардың айтуынша мұның еш қорқынышы жоқ, теңіздегі биотүрлілікпен балықтар үшін бұл қызылдану – еш зиянсыз. «Жағалауда қызыл түсті қызыл саз балшықтар мен балдырлар көп, сондықтан теңіздегі су осындай реңк алады», – дейді олар.
«Біздің Каспий теңізінде балдырлардың көптеген түрлері бар. Соның ішінде лауренсия, полисфония деген түрлері де кездеседі. Олар қоңыр, қоңыр қызыл түсті болып келеді. Бұл балдырлар теңіздің терең емес жерлерінде, жағалауларында шоғырланып өседі. Байқағанымыз – жағалауға жақын жатқан балдырлар көп  жерлер қызыл түске енген. Қазіргі таңда аймақта қар жауып жатқандықтан, бұл қар үстінен қатты қызыл болып көрініс беруде»,- дейді Маңғыстау облысы экология департаментінің зертханалық талдамалы бақылау бөлімі басшысының міндетін атқарушы Раушан Төлепова.
Өңірлік экология департаменті ай сайын теңізге мониторинг өткізіліп тұратынын айтады. Осы айдың соңында тағы да сынама алынып, балдырлардың шектен тыс шығуы анықталатын болады. «Бұл қызылданудың нақты зиянын анықтау үшін ғылыми зерттеу жұмыстары талап етіледі. Аймақта ғылыми орталық болмағандықтан дәл қазір жәндіктер мен құстар, балықтар, адамдарға зиян деп айта алмаймыз. Өйткені судағы тіршілікте өзгеріс жоқ. Жалпы теңіз жағалауының қызыл түске енуі – әлемдік тәжірибеде кездеседі»,– дейді өңір экологтары. Анаргүл Жексембайқызы, Маңғыстау облысы