Азық-түлік себеттері, бірінші кезекте қажетті тауарлар, сонымен қатар, ақшалай көмек өңірдегі аз қамтылған жандар мен көпбалалы отбасыларға берілді.
«Біздің облыстың әрбір ауданында партия мүшелері жүйелі түрде қайырымдылықпен айналысады. Мұндай көмек уақтылы әрі жүйелі көрсетілуі үшін ауылдық жерлерде тұратын тұрмысы төмен отбасылар қамқорлыққа алынды. Осындай күрделі кезеңде біз бірігіп, мұқтаж жандарға көмек қолын созуымыз керек», – деді Алматы облыстық мәслихатының депутаты, Nur Otan фракциясының мүшесі Римма Салықова.
Еңбекшіқазақ ауданында жыл сайын жалғыз тұратын қарттар мен аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету шаралары өткізіледі. Нұротандық белсенділер 75 азық-түлік жиынтығын жеткізіп, зейнеткерлерге үй шаруасына көмектесті.
«Көпшілік індет уақытында табысынан айырылып, жұмыссыз қалды. Қарттар мен көпбалалы отбасыларды ұмытпай ескеріп жатқаны қуантады. Немқұрайды қарамаған партиялықтарға алғыс айтамын», – деді алты баланың анасы Меруерт Батырбекова.
Айта кетсек, азық-түлік жиынтығын Панфилов ауданында – 100, Талғар ауданында – 24, Жамбыл ауданында – 10, Сарқан ауданында – 15, Алакөл ауданында – 30, Балқаш ауданында – 30, Талдықорған, Текелі және Қапшағай қалаларында 40 отбасы алды.