Жасотандықтар жыл басынан бері 4,5 мыңнан астам ҰОС ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне және көмекке мұқтаж жалғызбасты қарттарға көмек көрсетті. Жастар үй аумағын қар мен қоқыстан тазартып, отын жарып, үйді тазартуда қолғабыс етеді.
Бүгін де дәл сондай көмек көрсетілді. Интернетте еріктілерден көмек сұраған 86 жастағы әже туралы жаңалық шыққан болатын.
Соңғы 30 жыл ішінде Галина Белик жер үйде тұрады. Ол жалғыз өзі тұратындықтан, үй шаруашылығына көмектесетін ешкім жоқ. Ауласында жиналған қарды қарт зейнеткер өзі қоршаудан шығарып тастайды. Коммуналдық қызметкерлер жолды тазалаған кезде жиналған қарды алып кетеді, бірақ әрдайым олай бола бермейді. Сондықтан Белик Галинаға учаскелік инспектор келіп, ескерту жасаған.
Қария қарды денсаулығына байланысты өздігінен шығарып тастай алмайды. Алайда оны жинау керек, әйтпесе айыппұл төлеуге тура келеді. Сонымен қатар ойпатта орналасқан үйді су басуы мүмкін.
Бұл жаңалықты естіген «Jas Otan» Павлодар облыстық филиалының белсенділері кезекті мекенжайдан кейін оған барып, үй аумағын қардан тазалап, шаруашылыққа көмектесті. Жасотандықтарға «Жасыл Ел» және «Жастар орталығының» белсенділері де қосылды. Өз кезегінде зейнеткер жастарға көмек көрсеткені үшін алғыс айтты.
"Достар, бұл жағдай бізге көршілерімізге және жақындарымызға мұқият болуды үйретеді. Осындай қалың қар жауған кезде зейнеткерлерге көмектесуге шақырамын. Егер сізде көмекке мұқтаж жалғызбасты қарт адамдар туралы мәлімет болса, @jas_otan direct жазуды сұраймыз. Біз міндетті түрде көмекке келеміз", - дейді «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев.