Сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру – басты мақсат
Сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру – басты мақсат
244
оқылды

Қазақстан Республикасының жетінші шақырылымдағы құрамы қалыптастырылып, жұмысын бастағанына көп уақыт өте қоймады. Алайда осы қысқа уақыттың өзінде бірнеше заң жобасы қабылданып, бірқатар елмен қарым-қатынас бойынша құжаттар ратификацияланып үлгерді. Бұған Мәжіліс құрамындағы депутаттық фракциялар жұмысының жанданғаны да себеп болып отыр.

«Nur Otan» партиясы тарапынан депутаттық құрамды қалыптастыру праймериз әдісімен өткізілгені еліміздегі саяси процестерді алға ілгерілетті. Сайлауалды науқанында бірнеше сатыдан тұратын іріктеуден өткен нұротандық депутаттардың партия және қоғам алдындағы жауапкершілігі арта түсті. Жетінші шақырылым­дағы Парламент Мәжілісіндегі «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының алғашқы отырысында партия Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ең басты мәселе ретінде ұйымның «нақты істер партиясы» екенін кезекті рет дәлелдеуді тапсырған еді. Бұл межені ұстап тұру үшін фракция мүшелерінің алдында төмендегі үш негізгі қажеттіліктерді жүзеге асыру міндеті тұр. Біріншіден, депутаттар Үкі­метпен бірлесе отырып сайлауалды бағдарламаның нәтижелі орындалуын қамтамасыз етуі керек. Н.Назарбаев сайлаушылардың «Nur Otan» партиясына дауыс бере отырып, алдымен партия ұсынған сайлауалды бағдарламаны таңдағандарын ескерте отырып, бір ай ішінде бағдарламаны жүзеге асыру бойынша арнайы Жол картасын бекітуді тапсырды. Жол картасы 2025 жылға дейін арқарылатын жұмыстардың барлығын қамтып, әр жылға межеленген жұмыстар бөлек-бөлек даярланады. Оған қоса өңірлерде қабылданған 216 сайлауалды бағдарламалардың сол облыс, қала-аудандарда жүзеге асырылуы бойынша жеке-жеке жоспарлар құрылып жатыр. Бұл өз кезегінде әрбір өңірде атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен тиімділігін қадағалауға мүмкіндік береді. Екіншіден, сайлауалды бағ­дарламаны жүзеге асыру барысында бюджеттен бөлінетін қаражаттардың орынды пайдаланылуын бақылау фракцияға жүктелді. Бұл қадам депутаттардың жергілікті тұрғындардың қажеттіліктерін жете біліп, қоғам үшін өзекті мәселелердің шешімін ұсынуы үшін жасалып отыр. Осы жылдың алғашқы тоқсанында «Nur Otan» партиясының 2021-2025 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасында көзделген бірқатар әлеуметтік бастамалар жүзеге асырыла бастады. Олардың алғашқысы ретінде отбасылардың тұрғын үй мәселелерін шешуі үшін азаматтар өздерінің зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй алуға, денсаулығын жақсартуға пайдалана бастауын көрсетсек болады. Қазір осы мүмкіндікті пайдаланып, өзінің тұрғын үй мәселесін тың­ғылықты немесе ішінара шешіп үлгергендерді күнделікті көріп жүрміз. Бағдарламаға сай алдағы 5 жыл ішінде 977 мың отбасыға, оның ішінде 284 мың көпбалалы және күнкөрісі кедейлік шегінен төмен отбасыларға, мүмкіндіктері шектеулі азаматтарға, жетім балаларға арналған 103 млн шаршы метр тұрғын үй беру жоспарланған. Осы көрсеткіштерге қол жеткізу барысында фракция мүшелерінің белсене жұмыс атқаруы талап етілуде. Фракция отырысында партия Төрағасы тарапынан айтылған үшінші талап фракция мүшелерінің тұрғындармен байланысын жолға қоюға қатысты болған еді. Осы мақсатта партия Орталық аппараты мен өңірлердегі филиалдарының қасындағы қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысы жандандырылуда. Бүгінгі пандемия жағдайындағы талаптарды ескере отырып, халық қалаулылары қоғаммен кері байланысқа шығудың жаңа тәсілдерін қолдануға көшті. Онлайн байланыс арқылы еліміздің түкпір-түкпіріндегі ағайынды толғандырған мәселелерін тыңдауға мүмкіндік алып отырмыз. Алдағы уақытта осы үрдіс жалғасын табатын болады.

Ф.ҚАРАТАЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі