Қазақстанда партиялық жүйе мен азаматтық қоғамның дамуы сапалы жаңа сатыға көтерілуде. Елімізде жаңа партиялар құрылуға дайындық үстінде. Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі пысықтаған және ел Парламенті қабылдаған «Саяси партиялар туралы» заңына түзетулер партия құру ісін анағұрлым жеңілдетіп, республикадағы демократиялық процеске серпін берді.
Биыл партиялар саны артуы мүмкін
2020 жылғы 25 мамырда қабылданған және «Саяси партиялар туралы» заңына өзгеріс пен толықтырулар енгізген жаңа заң осы саладағы біраз ілкімді ілгерілеушілікке, өркенді өзгерістерге жол ашты. Соған байланысты енді Қазақстанда жаңа партияны мемлекеттiк тiркеу үшiн «оның құрамында кем дегенде 20 мың партия мүшесi болса» жеткілікті. Бұрын жаңа партияның ұстанымын қолдайтын ең кемі 40 мың адамды біріктіру талап етілетін. Бұл ретте партияның әрбір облыста, республикалық маңызы бар қалаларда – үш мегаполисте құрылымдық бөлiмшелерi, яғни филиалдары мен өкiлдiктерi ашылуы шарт. Рас, 17 өңірдің әрқайсысында 600 мүшесі болса, жарайды. Қалғанын бір өңірден жинап алса – шектеу жоқ. Бұған қоса, саяси партиядан Мәжіліс пен мәслихат депутаттығына кандидаттар ұсыну ерекшелігі өзгерді. Атап айтқанда, «саяси партия Парламент Мәжілісі, мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін бекіткен кезде оларға кандидаттардың жалпы санының кемінде 30%-ы көлемінде әйелдер мен 29 жасқа толмаған адамдарды енгізеді». Бұл партиялардың өз аудиториясын кеңейтуіне, өз бағдарламасын әйелдер мен жастар проблемасына бағдарлауына ықпал етеді. Негізі, Әділет министрлігіне жаңа партия құру туралы тоғыз өтініш келіп түскен екен. Ведомство басшысы Марат Бекетаевтың айтуынша, соның алтауы кері қайтарылған. Екі партия биыл құрылтайшылық съезін өткізуі керек. Тағы бірі тіркелу кезеңіне кірісіп те кетті. Демек, осы жылы партиялар қатары жаңаларымен толығып қалуы мүмкін. «2020 жылы тоғыз партия өтініш берді. Партияны тіркеу екі кезеңнен тұрады. Алдымен жаңа саяси партия құрғысы келетін адамдар тобы бізге өтініш береді. Егер өтініш заң талабына сай келсе, ол топ съезд өткізеді. Өңірлерде қол жинайды. Бізге келіп түскен тоғыз өтініштің алтауының құжаттары заңнама талабына сәйкес болмады, сондықтан оны қабылдаудан бас тартылды. Бірақ олар жіберген қателігін түзетіп, қайтадан өтініш беруге құқылы», – дейді министр. Осылайша, 3 бастамашыл топтың өтініші мен құжаты лайықты деп танылған. Тиісінше, олар Әділет министрлігіне құжаттарының екінші пакетін енгізуі керек. Әзірге, тек бір партия ғана солай жасады. «Бастамашыл адамдардың бір тобы съезін өткізді және жиналған қолдарды, басқа да құжаттарын тапсырды. Олар тексеруден өтіп жатыр. Бұл жерде тек Әділет министрлігі емес, өзге де органдар зерделейді. Мысалы, партия мүшелерінің тізімінде әскерилер, полицейлер және басқа құқық қорғау органдарының қызметкерлері, шетел азаматтары, қос азаматтығы барлар болмауы тиіс. Мұны өзге мемлекеттік органдар мен құрылымдар тексереді. Біз тиісті сұрауларды жолдап қойдық. Олардан жауап алғаннан кейін жаңа партияны тіркеу не тіркеуден бас тарту туралы соңғы шешім қабылданады» деп түсіндірді М.Бекетаев. Министр заң бойынша партия толық тіркеу рәсімінен өткенше, оларға қатысты деректі, тіпті жаңа партияның атауын да жария ете алмайтынын мәлімдеді. Заң бойынша ол министрлік құзырына кірмейді. Бұл ақпаратты жұртшылыққа жаңа бірлестіктің өкілдері хабарлайтын болады.Саяси партиялар сергек болады
Қазір елімізде алты саяси партия әрекет етеді. Дегенмен 2020 жылғы 10 қаңтардағы Парламент Мәжілісі депутаттарының және барлық деңгейдегі мәслихаттардың кезекті сайлауына соның бесеуі қатысты. Бұл доданың қорытындылары сарапшыларды таңғалдырды: Парламенттің төрт партиядан құралуына шамалы ғана жетпей қалыпты. Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, биылғы сайлауда «Nur Otan» партиясы – 5 148 074 дауыс немесе 71,09%, «Ақ жол» демократиялық партиясы – 792 828 дауыс немесе 10,95%, «Қазақстан Халық партиясы» – 659 019 дауыс немесе 9,10%, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы – 383 023 дауыс немесе 5,29%, ADAL саяси партиясы 258 618 дауыс немесе 3,57% дауыс жинады. Нәтижесінде, 7 пайыздық кедергіні еңсерген 3 cаяси партия – «Nur Otan», ҚХП және «Ақ жол» партиялары депутаттық мандатты бөлісті. Еске сала кетсек, «Nur Otan» партиясына – 76, «Ақ жолға» – 12, ҚХП-ға – 10 мандат тиді. Тағы 9 мандат Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлаған Мәжіліс депутаттарына берілді. Айта кету керек, биылғы 15 қаңтарда VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кейбір партиялардың Мәжіліс пен мәслихаттарға өтуіне сәл ғана дауыс жетпей қалғанына назар аудартты. Президенттің байламынша, олардың әрқайсысында белгілі бір саланы жетік меңгерген, білімді, білікті азаматтар бар. Солар Парламенттің биік мінберінен айтылуы тиіс көптеген өзекті мәселені дер кезінде әрі орынды көтеріп жүр. Осындай партиялардың өкілдері Парламентке өтсе, заң шығарушы билік алаңдарындағы «пікірталасты қыздыра түсер еді, ортақ жұмысқа тиімді болар еді». Олар заң шығару жұмысының сапасын арттыруға да сүбелі үлес қосары анық. Сондықтан Қ.Тоқаев саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін қазіргі 7-ден 5 пайызға дейін төмендетуді ұсынды. Оның пайымдауынша, бұл өзгеріс заңды тіркелген партияларды алдағы сайлауға қатысуға ынталандырады. Сондай-ақ елдегі саяси бәсекенің дамуына септігін тигізеді. Бұл бастама мемлекеттік саясатты жүргізу үшін халықтың пікірін неғұрлым көбірек қамтып, ескеріп отыруға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы болашақта партия мүшелерінің тізімін және соған қатысты басқа да рәсімдерді онлайн форматқа көшіруді жүктеді. Осы мақсатта «электронды Үкіметтің» мүмкіндіктері пайдаланылуы мүмкін. Тағы бір жаңалық: саяси партиялар биыл ұйымдастырылады деп жоспарланған әкімдер сайлауына өз кандидаттарын ұсына алады. Бұл тіркелген саяси партиялардың тек Мәжіліс сайлауына орай бес жылда бір болатын жалғыз электоралды кезеңмен шектелмеуіне, өзге де саяси шараға қатысып, үнемі сергек қалпын сақтауына түрткі болмақ.Саяси элитаның бәсекесі маңызды
«Қазақстанда партиялық құрылыс елдің дамуында, тәуелсіздікті нығайту ісінде елеулі түрде оң рөл атқарып келеді. Сонымен бірге шындап келсек, елімізде саяси элиталар арасында дамыған бәсекелестіктің жоғын байқауға болады. Мемлекет көппартиялы жүйені дамыту бағытында қадам жасай бергені жөн. Өйткені осы арқылы саяси плюрализм өркен жаяды, қоғамдағы барлық әлеуметтік топтың мүддесі мен пікірі кеңінен ескеріледі», – дейді саяси ғылымдар докторы Бауыржан Досжанов. Демек, дамыған елдер тәжірибесі бойынша болашақта партия құру жолындағы барлық кедергілер (соның ішінде мүшелер саны бойынша «табалдырық») жойылуы мүмкін. Сарапшылардың пікірінше, дамыған елдің бір нышаны – саяси қызмет саласындағы сөз пен қимыл еркіндігі, көзқарастың әралуандылығы. Осыған байланысты республика кез келген саяси көзқарасты еркін насихаттауға, азаматтарға кез келген қауымдастық пен бірлестікті құруға мүмкіндік жасауы қажет. Тек ол көзқарастар мен бірлестіктер азаматтардың денсаулығы, өмірі мен қауіпсіздігіне, ұлттық құндылықтарға нұқсан келтірмеуі, зорлық-зомбылық әрекеттерге соқтырмауы, елдің конституциялық құрылымы мен тәртібін күшпен өзгертуге бағдарланбауы тиіс. Министр Марат Бекетаевтың айтуынша, жаңа партиялар өздері туралы мәлімдеуі, қалыптасқан партиялармен бәсекеге қабілетті екенін паш етуі керек. Ол партия құру өте күрделі әрі қымбат процесс екенін атап өтті. «Партия құрғысы келген адам құжаттарды тіркеуге беріп, бірден құра салмайды. Ол беделге ие екенін, пікірлестері мен қанаттастары барын, партия құруға ресурстары жеткілікті екенін көрсетуі керек. Міне, тіркеу рәсімі бойынша заң талабы осыған бағытталған», – деді министр. М.Бекетаев Қазақстандағы партияларды оппозициялық және оппозициялық емес деп бөлуге болмайды деп санайды. Заң жүзінде «Парламенттік оппозиция» мәртебесі ғана бекітілген. Ал өзге партиялар өзін не сипатта ұсынады, қалай көрсетеді, қандай мақсат қойып, нендей бағдарлама бекітеді – бұл олардың төл шешімі, жеке еншісі. Кез келген партия өз бағдарын дербес анықтайды, өз көзқарасын тәуелсіз қалыптастырады. Ал олардың бағдарламасының оң не терістігіне, салмақты немесе популизмге толы екені бағаны тек сайлаушылар бермек.Айхан ШӘРІП