Жүйкені жіп деп ойласақ, бүгінде адамдардың жүйке жіптері мүлде жұқарған ба деймін? Жіңішке жіпті тартып қалсаң, үзіліп кетеді ғой? Адамдардың жүйкесі де солай ма деп қалдым. Байқайсыздар ма, кейінгі кезде бала бақшаларда істейтін тәрбиешілердің жүйкелері тез үзіліп кетеді,
Олардың бас сүйектерін аршып, микроскоппен қарасаңыз, үзілген жіптерін көргендей боласыз! Өткен жылы ашуды айғыр етіп мініп алып, сабырды сандықтың ішіне тыға салған бала-бақша тәрбиешілері туралы әдеуметтік желіде көп жазылды. Желі оқырмандары: «Оңбаған екен!» , «Өзінің баласы болса, дәл осылай ұрмас еді!», «Мынау қандай тәрбиеші өзі, баланы ұрып жатқан?» деп жазды.
Шынында, бүгінде балаңызды балабақшаға беруге қорқасыз. Ана жерден де, мына жерден де сондай үрейлі сыбыстар шыға берген соң, шынында шақшадай басыңыз шарадай болады екен! Өскемен қаласындағы бала бақшалардың бірінде де, дәл осындай қорқынышты оқиға орын алды. Балақай кішкентай орындықта отырған, жылады ма, бірдеңе сүрады ма, білмейміз ғой, тәрбиеші орнынан ұшып тұрды да, баланы көтеріп алып, жерге атып ұрғаны!
Масқара! Оны ұруға кім құқық берген? Ата-анасының өзіне дәл осылай қорлауға заңымыз көтермейді ғой. Жо-оқ, тәртіпсіз, қатігез тәрбиеші жерде жылап жатқан балақайды тағы да көтеріп алып, жерге атып ұрды. Әлдекім мұны жасырын түсіріп алған екен, әлеуметтік желіге салып жіберді. Қайдан шықса, одан шықсын деп. Мына өлең сол сұмдық тәрбиешіге арналған ғой деймін?
Қалай өзі, жауыз болып кеткен бе,Оларға да маньяк сезім жеткен бе?Балаларды қалай ғана ұрады,«Судоргісі» келеді ме көктемде?Мейірімсіз тәрбиеші қатал-ақ,Балаларды көреді ме жапалақ?Жылағанды жұбатудың орнына,Жүргені сол, балақайды сабалап! Балабақша бас бұзардың орны ма?Жөні түзу адам жоқ па, орнына...Жұмысына қабылдарда білмейтін,Жоқ әлде, директоры сорлы ма?Көрдіңіз бе, қалай екен?
Директор жан алғыш тәрбиешіні кабинетіне шақырып алды:
– Әй, не істеп жүрсің? – деп сұрады тәрбиешіден.
– Кешіріңіз, бала көрсем, ұра бергім келеді.
– Жындысың ба сен? Ұра бергім келедің не?
– Өзі ғой, жынымды келтіреді! Ерке!
– Құрыдық қой! Маған обал болатын болды ғой?
– Кешіріңізші?
Кешіргенде де, кешірмегенде де, не тұр дейсіз бе? Балақайды ұрған тәрбиешінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, жұмыстан қуылды. Бір өзі кетсе мейлі ғой, директорды да жабыстыра кетті. Директорға обал болды! Қызметінен қуылды. Мұндай оқиғалар кейінгі кезде жиілеп кетті. Жүйке жіптері үзіле береді, үзіле береді. О, тоба?!