Сіз кімсіз?
Сіз кімсіз?
446
оқылды
Өте ұқыпты, сәнді киінген біреу миымды ма­ңыз­дай жеді. «Мен өйтпесем, мен бүйтпесем, мен сөйт­пе­сем» – деп ыңылдай берді. – Біз сендейлердің болашағы  үшін күн-түн де­мей еңбек еттік. Соның арқасында ауданы­мыз­дың әл-ауқаты жақсарып, экономикасы тұрақ­тады. Әсіресе, мал шаруашылығының, егін шаруа­шылығының өңі кірді, – деді айналасына алақтай қарап. Қабақ астындағы тынымсыз көзі қасында тұрған мені елеген де жоқ. Айналаға алақ-жұлақ етеді. «Сіз кімсіз?» деген сұрағымды жаратпады. Сүйір саусақтарын шытырлатып, әңгімесін ары жалғады. – Менің арқамда ауылдың малы түгенделді. Қойлары қоздап, ешкілері лақтап, сиырлары бұзаулады. Шұрық-тесік қоралары бүтінделіп, есіктері жаңаланды. Менің арқамда әркім қос-қостан ит асырады. Үш уақ жуынды ішті. Менің арқамда иттердің ар-ұяты оянды. Сөйтіп, жеген жуындыларын жақсылықпен өтеді. Үй дейсіз бе, қора дейсіз бе, огород дейсіз бе, ұрлықтан аман болды – деді ентіге сөйлеп. «Кешіріңіз, сонда сіз кімсіз?» дедім таңғалып. Ол болса сұрағымды жауапсыз қалдырып, қаң­ғырлап сөйлеп кетті. – Білесің бе, менің арқамда көшелер жарық­тан­ды. Бұрыш-бұрыштың бәріне камералар ілін­ді. Тәртіп сақшылары күн-түн демей тұр­ғын­дардың қауіпсіздігін бақылап, тыныштығын күзетті. Менің арқамда адамдар салақтықтан арылып, ұқыптылыққа үйренді. Әсіресе, ақша ұстау, сақтау мәдениетін мықты меңгерді. Жа­лақыны мыж-мыж қалтаға қаттауды қойып, сейф­ке сақтайтын болды, – деді ахілеп-үхілеп. Көріпкелдей бәрін баяндап тұрған адамды танымағаныма қатты ұялдым. Ішімнен ауданды басқарған әкім я болмаса прокурор деп ойладым. Не болса да, сөз бермей сампылдап тұрған әлгіден кім екенін сұрадым. – Аға, кешіріңіз! Жыға танымадым. Ауыл үшін аянбай еңбек етіпсіз! Баламның баласы біліп жүретіндей әңгіме айттыңыз. Арасында өзіңізді таныстырып қойсаңыз қайтеді, – дедім бір сәтте. Ол бетіме сұраулы көзбене қарап тұрып «Мен, осы ауылды жиырма жыл шулатқан бау­кеспе ұрымын» – деді де жүріп кетті.

Серікжан МУРАСИЛ, Алматы облысы, Райымбек ауданы