Орташа айлық жалақы – 223 213 теңге. Азық-түлік тағы қымбаттады
Орташа айлық жалақы – 223 213 теңге. Азық-түлік тағы қымбаттады
597
оқылды
 «Бәрінен бұрын импортқа тәуелді өнімдердің, жоғары экспорттық сұранысы бар тауарлардың, сондай-ақ маусымаралық кезеңде дәстүрлі түрде қымбаттайтын көкөністердің бағалары өсімі байқалады. Мәселен, жұмыртқа бағасы өндірісінің 8,4%-ға қысқаруы, жем мен пестицидтердің 25%-ға қымбаттауы, сондай-ақ құс тұмауының таралуы салдарынан қымбаттады. Ал, күнбағыс майы мен қант бағаларының өсіміне әлемдегі бағалардың өсуі, көрші елдердегі егіс алқаптарының қысқаруы және экспорттық өнімнің қымбаттауы себеп болды»,– деді Сауда және интеграция министрі Б.Сұлтанов.
Айта кетерлігі, апта сайынғы статистикалық деректерге сәйкес ел өңірлерінде 1-санаттағы он жұмыртқаның бағасы 340 теңгеден бастап 485 теңгеге дейін қымбаттаған. Жыл басынан бері бағаның өсуі 11,9%-ды құрады. Осы ретте, мемлекет бағаны реттей алатын әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тізіміне тек 1-санаттағы жұмыртқа ғана жататынын айта кеткен жөн.

Бағаны қолдан қымбаттатқан

Бағаларды тұрақтандыру мақсатында Сауда және интеграция министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігі және Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп бағаларды тұрақтандыру бойынша жол картасын әзірледі. Құжат 44 нақты шарадан тұрады. «Жыл басынан бері монополияға қарсы орган 2 нан өндірушіге, 2 күнбағыс майын өндірушіге және 2 сауда желісіне қатысты 6 тергеу жүргізген. Бағаны төмендету туралы 13 жұмыртқа өндірушіге, 7 күнбағыс майын өндірушіге, 2 қанттың көтерме жеткізушісіне, 3 қарақұмық жармасын көтерме жеткізушіге 25 хабарлама жіберіліпті. Бұдан басқа, азық-түлік тауарларын өндірушілермен және ірі супермаркеттермен нан, ұн, макарон, сүт өнімдері, тұз, сиыр және құс еті бойынша 73 монополияға қарсы комплаенс актісі жасалған. Жыл басынан бері екі айда тауық жұмыртқасы құнының өсуі +11,5%-ды құрады. 34 ірі құс фабрикасының 13-інде жұмыртқа сату кезінде бағалық сөз байласу белгілері анықталды. Соның нәтижесінде, 13 өндірушіге бағаны төмендету туралы хабарлама жіберілді. Мысалы, монополияға қарсы орган Қостанай облысының тауық жұмыртқасының бағасын бір мезгілде 33%-ға дейін көтерген 2 ірі құс фабрикасының іс-әрекеттерінде бағалық сөз байласу белгілерін анықтады. Азық-түлік Елдегі құс тұмауының өршуі және құс басының 15%-ға қысқаруы, тауық жемі құнының 150%-ға артуына байланысты 8 құс фабрикасы өз өндірісін тоқтатты. Жыл басынан бері екі айда күнбағыс майы құнының өсуі +6,7%-ды құрады. Мысалы, бір мезгілде Шығыс Қазақстан облысында күнбағыс майының екі ірі өндірушісі бұрынғы бағалар бойынша сатып алынған шикізаттың ескі қорын пайдаланбай, бағаны 150%-ға күрт көтерген. Сонымен қатар өнім құнына әкімшілік шығыстардың, оның ішінде жалақының 40%-дан астамға ұлғаюы енгізілген. Өз кезегінде бағаның күрт өсуіне бірқатар факторлар әсер етіпті. Бұл – майға әлемдік бағаның 53,8%-ға өсуі, шикізатқа сатып алу бағасының өсуі, өндірушілердің өткен жылғы егіннің шикізат қорының қысқаруы, егіннің аздығы деп түсіндіреді мамандар. Ал жыл басынан бері екі айда қант құнының өсуі +3,5%-ды құрады (өткен жылдың сәйкес кезеңінде -3,5%-ға төмендеді). Бағалық сөз байласу белгілерінің болуына байланысты 2 көтерме жеткізушіге бағаны төмендету туралы хабарлама жіберілді. Бағаның өсуіне бірқатар факторлар әсер етті. Бұл ішкі нарықты 60% қамтамасыз ететін Ресей және Беларусь өндірушілері бағаны көтерген. Қазіргі уақытта 3 қант зауыты маусымның аяқталуына байланысты өндірісін уақытша тоқтатты. Сүт өнімдері де айтарлықтай қымбаттады Елімізде өткен жылы сары май өндірісі 22,7%-ға өскеніне қарамастан баға 14% -ға, ірімшік – 12%-ға, шикі сүт – 11%-ға қымбаттады. Айта кетерлігі отандық өндірушілер республиканы сары маймен 78,5%-ға қамтамасыз етіп отыр. Импорт үлесі тиісінше 21,5%-ды құрады. Көп ұзамай сүт өнімдерінің құны тағы 10% көтерілуі мүмкін. Себебі, ЕАЭО-ның интеграциялық процестері шеңберінде енгізілетін сүт тауарлары енді жаппай таңбаланады. Пилоттық жоба сәуір айына дейін созылуы мүмкін. Елдің сауда кәсіпорын қауымдастығы, егер Қазақстанда сүт өнімдерінің құны 10% - ға өссе, халықтың 14%-ы оған қол жеткізе алмауы мүмкін екенін айтады. Электр қуаты мен суық су қымбаттайды Елімізде электр қуатының бағасы қымбаттауы мүмкін. Энергетика министрлігі тарифті көтеру туралы бұйрықтың жобасын жариялады. Бағаның қымбаттауына себеп көп. Мысалы, энергия өндіруге қажет шикізат бағасы тұрақсыз. Қаражыра көмірі 8,6, «Богатырь көмір» серіктестігінің қара отыны 9,9 пайызға қымбаттаған. Оны тасымалдау шығыны 7 пайызға артқан. Жаңартылған энергия көздерін міндетті сатып алу 68, шығындары 49 пайызға өскен. АЕК-тің ұлғаюына байланысты бюджетке төленетін міндетті төлемдердің шығыны артты. Мұның сыртында газ тасымалдау құны мен жөндеу жұмыстары тағы бар. Бұған қоса, елімізде жыл басында суық суға орташа тариф 1,3%-ға өсті. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, 2021 жылғы ақпанда халық үшін суық су текше метр үшін 69,6 теңгені құрады. Бұл өткен жылғы ақпанның көрсеткішінен 1,3%-ға артық. Ең көп тариф Нұр-Сұлтанда 9,9%-ға, текше метр үшін 50,19 теңгеге дейін өсті. Байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық Азық-түлік тауарларының қымбаттауын сарапшылар елдегі орташа айлық жалақының өсуімен байланыстырады. Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша елдегі орташа айлық жалақы − 223 213 теңге. Арнайы жүргізілген зерттеу бойынша табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі (кедейлік деңгейі), 2020 жылғы IV тоқсанда 4,6%-ды құрады, бұл 2019 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 0,8 пайыздық тармаққа жоғары екен. 2020 жылғы IV тоқсанда кедейлік деңгейінің ең үлкен мәні Түркістан (10,3%), Солтүстік Қазақстан (5,8%) және Маңғыстау (5,7%) облыстарында байқалды, ал ең төмені – Нұр-Сұлтан қаласында (1,5%) тіркелді. Былтырғы жылғы көрсеткіш бойынша байлар мен кедейлер арасындағы азық-түлік тауарларына жұмсаған шығын айырмашылығы 4,7 есе, азық-түлік емес тауарларға – 8 есе, ал ақылы көрсетілетін қызметтерге –5,5 есе артық екен.