Мемлекет басшысы еліміздегі коронавирус індетіне байланысты эпидемиологиялық ахуал жөнінде кеңес өткізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде қалыптасқан күрделі эпидемиялық ахуал жайында айтты. Жағдай бүкіл қоғамды алаңдатып отыр. Атқарушы органдардың жұмысына азаматтарымыздың көңілі толмайды.
– Жалпы алғанда, қазіргі жағдайымыз жақсы емес. Тіпті, ахуал өте күрделі деп айтуға болады. Коронавирус індеті қайта өршіп келеді. Мұны Қазақстан ғана емес, көптеген елдер бастан өткеруде. Нақты деректерге қарасақ, оның негізгі себебі вирустың мутацияланған жаңа штамдары болып отыр, – деді Президент.
Мемлекет басшысы коронавируспен күресудің бірден-бір әрі сенімді жолы вакцина салу екенін атап өтті. Елімізде 47 мыңдай адам ғана иммунитет қалыптастырудың толық курсынан өтті. 137 346 адам бірінші компонентті енді ектірген. Жағдайдың бұлай болу себебі – вакцинаның жетіспеушілігі.
– Вакцина сатып алу үшін алдын ала келісімшарт жасау жөнінде былтырғы маусым айынан бері бірнеше рет тапсырма бердім. Осы уақытқа дейін Үкімет Спутник V вакцинасы мен отандық екпе өндірісі бойынша уағдаластықтар еліміздегі вакцинацияны толық қамтиды деп сендіріп келді. Осы ақпараттың негізінде Парламент Мәжілісінің жаңа құрамына арнаған Үндеуімде 1 ақпаннан бастап жаппай вакцина салынатынын айттым. Өткен екі айда халықтың 0,1 пайызына жетпейтін бөлігіне ғана екпе егілген. Маған енді өзге мемлекеттердің басшыларымен қосымша вакцина алу жөнінде келісім жасауға тура келеді. Бұдан бөлек, біз тапсырысты жедел жеткізу үшін коммерциялық және қаржылық тұрғыдан тиімсіз шарттарға келісуге мәжбүр боламыз, – деді вакцина сатып алу барысын сынаған Қасым-Жомарт Тоқаев.
Вакцина сатып алу проблемасынан бөлек, оны жеткізу, сақтау, тікелей екпе салу мәселесі де шешілген жоқ.
– Вакцинация ісін созбалаңға салу – жәй ғана проблема емес, мемлекеттік маңызы бар міндет. Әңгіме еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне қатысты болып отыр. Сондықтан бұл жұмыс төңірегіндегі бақылау өте қатал болуы керек. Алексей Владимирович, дәл осы уақыт аралығында Денсаулық сақтау министрі Үкіметтегі ең негізгі тұлға екенін бұған дейін сізге айтқан болатынмын. Сіздің ерекше құзыретіңіз бар. Жұмысыңызды тәп-тәуір бастап едіңіз. Бірақ кейін қарқыныңыз айтарлықтай бәсеңдеп қалды. Сәуір айында жағдайды күрт өзгертуіңіз керек. Өйтпеген жағдайда кадрлық шешімдер қабылданады. Ал оған сіз қуана қоясыз деп ойламаймын. Бұл тек Денсаулық сақтау министріне ғана емес, тұтас Үкіметке қатысты мәселе, – деді Мемлекет басшысы.
Тұрғындардың індетке қарсы иммунитетін көтеру жұмысы тиімді ақпараттық-түсіндіру шараларымен қатар жүруі керек. Осы маңызды жұмысқа кәсіби мамандарды, жаппай екпе салуды қолдайтын белсенді азаматтарды тартқан жөн. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағытта отандық бизнестің ұстанымы өте маңызды деп санайды.
– Мен барлық азаматтарымызды вакцина салдыруға шақырамын. Бұл өзіңізді, ата-аналарыңыз бен жақындарыңызды қорғау үшін қажет. Әрі-беріден соң, бұл – біздің азаматтық парызымыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, бір жылдық пандемия кезінде жинаған тәжірибе мен қолдағы құрал-жабдықтардың арқасында қазіргі қалыптасқан жағдайдан шектеу шараларын қатаңдатпай, экономикаға аса көп салмақ салмай шыға аламыз.
– Алайда негізгі жұмыс әртүрлі секторлардың қызметін шектеп, мониторингтік топтардың рейдтері мен айыппұл салуға бағытталып отыр. Шектеу шаралары мен рейдтер біз күткен нәтижеге жеткізіп отырған жоқ. Қайта әлеуметтік наразылыққа себеп болып тұр. Тексеру топтары өз жұмыстарын алалап, күмәнді жағдайда атқаратыны айтылады. Кей нысандар тексеруден көз ашпаса, ал кейбірінде тексеру мүлде болмайды екен, – деді Президент.
Президенттің пікірінше, прокуратураның жанынан рейд барысында болатын заңбұзушылық фактілері бойынша шағымдарды қабылдайтын call-орталық ашу керек.
Өткен жылы шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында дағдарысқа қарсы бірқатар бұрын-соңды болмаған шаралар қабылданды. Сонымен қатар бизнестің кейбір түрлері әлі де карантинге байланысты шектеуде қалып отыр.
– Үкімет келесі мәселелерді жедел пысықтауы керек. Бірінші, зардап шеккен салалардағы шағын және орта бизнес нысандары үшін салықтың жекелеген түрлерін және төлемдердің мерзімін шегеру. Екінші, салық және кеден қарыздарын мәжбүрлеп өтеуді уақытша тоқтату. Аталған шаралар жаппай вакцина салу басталғанға және шектеулердің басым бөлігі тоқтатылғанға дейін жалғасуы тиіс. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне, Ұлттық банкке экономиканың зардап шеккен секторындағы шағын және орта бизнестің несиелері бойынша төлемдерді шегеру мүмкіндігін қарастыруды тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымдауынша, Үкімет жаппай вакцина салу арқылы пандемия жағдайын сәуір айында жақсарта алса, мамырдың басынан бастап шағын және орта бизнес нысандарының жұмысына қойылған шектеулерді біртіндеп алып тастауға болады. Көп нәрсе тұрғындарға, соның ішінде, шағын және орта бизнес саласында еңбек ететін азаматтарға вакцина салудың қаншалықты сәтті өтетініне байланысты болмақ.
Президент жиын соңында Қазақстан халқын вакцина салу мәселесіне жауапкершілікпен қарап, түрлі қауесеттерге сенбеуге шақырды. Барша қазақстандықтың денсаулығы және материалдық игілігі жаппай вакцина салдырудың сәтті өтуіне байланысты болмақ.