Күні кеше «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесі бюросының шешімімен «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын іске асырудың басым бағыттары бойынша 14 партиялық кеңес құрылған. Қазір аталған кеңестердің құрамын жасақтау бойынша қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр. Олардың құрамына партия депутаттары мен белсенді мүшелерінен бөлек, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сарапшылар, жалпы қоғамдық пікір көшбасшылары және басқа да азаматтар енді.
Атап айтқанда, Саяси кеңес бюросының шешімімен аталған кеңестерге Парламент Мәжілісіндегі фракцияның келесі депутаттары тағайындалды: азаматтық қоғам мен мемлекеттік басқаруды дамыту бойынша – Айдос Сарым, білім мен ғылым – Жұлдыз Сүлейменова, аграрлық сектор – Берік Оспанов, экономика және кәсіпкерлікті қолдау – Аманжан Жамалов, өңірлік даму – Юлия Кучинская. Жастарды қолдау бойынша – Мәди Ахметов, жұмыспен қамту мен халықтың әлеуметтік осал топтары жөніндегі қоғамдық кеңеске Елнұр Бейсенбаев төраға болды. Ұлт денсаулығы бойынша – Лариса Павловец, ал отбасы, әйелдер және балалардың құқығын қорғау мәселелері жөніндегі кеңеске Динара Зәкиева басшылық етеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңеске Miras, Экологиялық және Құқықтық кеңестерге Ерлан Саиров, Жанарбек Әшімжанов, Елдос Абақанов және Қанат Мусин жетекшілік етеді. Осы орайда партиялық кураторлар институтының орнына құрылған қоғамдық кеңестің жұмысына қатысты Мәжіліс депутаттары пікірін білдіріп, өздеріне жүктелген міндетті лайықты деңгейде атқаруға уәде етті. Экономикалық даму және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы болған Аманжан Жамалов партиялық кеңес жұмысын жандандыруға бар күш-жігерін салатынын айтты. – Қоғамдық кеңестің құрамына Парламент депутаттарынан басқа белгілі сарапшылар, әлеуметтік белсенділер мен кәсіпкерлер де енеді. Юлия Якупбаева, Гүлнәр Құрбанбаева, Ләззат Ибрагимова, Гүлнар Қуанғанова, Руслан Сұлтанов, Берік Бекенов, Азиза Шужеева, Эльдар Мамедов, Гүлмира Уахитова, Аман Аюпов, Айнұр Бақтығалиева және басқалар кеңеске қатысуға келісім білдіріп үлгерді. Біз сайлауалды бағдарламаның «Қолайлы экономикалық орта» (34 балл) және «Мықты кәсіпкерлер» (28 балл) бағыттарын бақылап отырамыз. Олар бюджеттік саясат, салықтар, несиелеу, инфляция, инвестицияларды тарту, ШОБ дамыту мәселелеріне қатысты. Бағдарламаның барлық тармағын іске асыру Қоғамдық кеңестің бақылауында болады деп сендіргім келеді. Қоғамдық кеңестің жұмысы барынша ашық болады. Біз оның жұмысына сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдерін шақырамыз, – деді халық қалаулысы. Жұмыспен қамтуды және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы атанған Елнұр Бейсенбаев өз кезегінде партия Көшбасшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес бірінші кезекте сайлауалды уәделердің орындалуын қамтамасыз етуге жұмыстанатынын жеткізді. – Аталған құрылымдар тиімді жұмыс істеуі үшін біз ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруды ескере отырып, қоғамдық кеңестер жұмысындағы тәсілдерді жүйелі түрде қайта форматтадық. Бірінші кезекте, кеңестердің жұмысы қоғамдық пікірді ескере отырып, қоғамдық форматта құрылады. Өткір әлеуметтік мәселелерді талқылауға сарапшылар белсенді қатысады. Жұмыс нәтижелі болу үшін азаматтардың партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне жүгінуінің себебі назарға алынып, талданады. Жергілікті мәселелерді жүйелі және уақытылы шешу үшін аймақтық деңгейде де кеңес құрылады. Сондай-ақ қазір біздің «Жұмыспен қамтуды және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау жөніндегі қоғамдық кеңесіміздің» құрамын қалыптастыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлағым келеді. Сондықтан барлық жанашыр азаматтарды ынтымақтастыққа шақырамыз. Біздің кеңес атынан әріптестерімізді осындай жауапты лауазымға сайлануымен құттықтап, оларға әрбір қазақстандықтың игілігі үшін жемісті жұмыс істеуін тілеймін. Сынақтардан бірге өтіп, жеңіске жетеміз! – деді Елнұр Бейсенбаев. Ал Мәжіліс депутаты Айдос Сарым сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру кезінде мониторингтік жұмыстың қалай атқарылатынын және «Nur Otan» фракциясының ішінен құралған қоғамдық кеңестердің бірінде ең алдымен ауыл әкімін сайлау мәселесі қаралатынын тілге тиек етті. – Азаматтық қоғам мен мемлекеттік басқаруды дамыту қоғамдық кеңесі ең күрделі топтардың бірі деп ойлаймын. Бұл ретте қоғамға қажетті ең үлкен екі мәселені талқылаудың өзіндік өзектілігі бар. Бастысы, қоғамға қатысты мемлекеттік сервистердің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуіміз керек, – деді халық қалаулысы. Ол сонымен қатар кеңесте талқыланатын басты мәселені атап өтіп, сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру кезінде мониторингтік жұмыстың қалай атқарылатынына да тоқталды. – Қазір ауыл әкімдерін сайлау мәселесін талқылауды бастап кеттік. 2-3 жылдың ішінде осы бастаманың нәтижесін ескеріп, заңнаманы одан әрі жетілдірсек, 2024 жылы аудан әкімдерін сайлау жөніндегі тақырыпты қарастырамыз деп ойлаймын. Оған да үлкен дайындық пен тәжірибе керек. Осындай ірі-ірі мәселелерді талқыға салудамыз. Бағдарламада айтылған әрбір бап бойынша арнайы индикатор бар. Ол индикаторға депутаттар жауапты. Сол бойынша халық қалаулылары апта сайын деректерді сұратып отырады. Яғни, сол көрсеткіштерге сүйене отырып, фракцияның алдында жауап береміз, – деді Айдос Сарым. Сондай-ақ саясаттанушы қоғамдағы мәселелердің барлығы ашық түрде талқыға түсіп, халықтың ойы да партиялықтардың назарынан тыс қалмайтынын айтты. – Партия Төрағасының Бірінші орынбасары атап өткендей, ең бастысы қоғамдағы түйіткілді мәселенің барлығын осы кеңестердің ішінде талқылауымыз қажет. Біз үшін жабық тақырып жоқ. Осының бәрін атқаруға тырысамыз. Ең бастысы мемлекетке қол ұшын созамын деген азаматтарды қатарымызға тартуымыз керек. Әсіресе, елдің дамуына өз үлесін қосып, пайдалы ой айтатын тұлғалар назардан тыс қалмауы керек, – деді ол. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңеске жетекшілік ететін Ерлан Саиров аталған жұмыс барысында ел азаматтарының ұсыныстарына құлақ асатынын айтты. – Бұл жоғары, өршіл міндет, оны шешу ел азаматтарының әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға, ел халқының барлық тобының әлеуметтік стандарттарын кеңейтуге ықпал етеді. «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесі бюросының шешімі бойынша маған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесті басқару тапсырылды. Елбасы, Партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевқа және партияның саяси менеджментіне жоғары сенім білдіргені үшін зор ризашылығымды білдіргім келеді. Бұл тапсырма мен үшін үлкен миссия және жауапкершілік. Кеңес жұмысының философиясы мен бағыты құқықтық ағартуға және сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттерін қоғамдық алдын алу бойынша ақпараттық қызметке барынша бағытталады. Кеңес құрамы өте қызықты болмақ. СЖҚРҚК құрамына белсенді өмірлік ұстанымы бар адамдар, қоғамдық пікір көшбасшылары, депутаттар мен мемлекеттік органдардың өкілдері кіреді. Жұмыс көп болмақ, сондай-ақ оның ашық жүргізілетінін айта кеткім келеді, біз өзінің бірбеткей азаматтық ұстанымы бар және Отанымыздың дамуы мен құрылуына үлес қосуға ниетті барлық азаматтармен жұмыс істеуге дайынбыз. Біз үнемі кеңестің қызметі туралы есеп жүргізіп отырамыз және еліміздің барлық азаматтарының ұсыныстарын қабыл алатын боламыз, – деді Ерлан Саиров. Аграрлық секторды дамыту жөніндегі кеңестің төрағасы болған Берік Оспанов та партиялық кеңестің жұмысы үлкен жауапкершілікті қажет ететінін жеткізді. – «Nur Otan» партиясы жанындағы аграрлық секторды дамыту жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес партия жанындағы консультативтік-кеңесші орган және «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған партияның сайлауалды бағдарламасының «Ауқатты ауылдар» бағыты бойынша шараларды тиімді іске асыруға, сондай-ақ аграрлық секторды дамытуға жәрдемдесу мақсатында жұмыс атқаратын болады. Қазір Аграрлық секторды дамыту жөніндегі кеңестің құрамы жасақталуда. Кеңестің құрамына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің мүшелері, партия депутаттары, «Атамекен» ҰКП, Қазақстанның Астық одағы, Қазақстан құс өсірушілер одағы, Қазақстан Сүт Одағы мүшелері мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сарапшылар, жалпы қоғамдық пікір көшбасшылары және басқа да азаматтар кіреді. Мақсаты айқын, нақты істер партиясы ретінде «Nur Otan» барлық деңгейде өзінің сайлауалды уәделерін іске асыруды қамтамасыз етеді, – деді Берік Оспанов. Экологиялық кеңес басшылығына тағайындалған Елдос Абақанов өзіне жүктелген міндетті зор қуанышпен қабыл алды. – Кеңес консультативтік-кеңесші орган және партияның 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасының «Қайырымды қоғам – таза экология» бағытын тиімді іске асыруға, сондай-ақ экологиялық проблемаларды шешуге ықпал ету мақсатында құрылды. Құрамына Мәжіліс және мәслихат депутаттары, экология саласының мамандары мен сарапшылар, қоғам өкілдері кірді. Алға қойған мақсат көп. Сіздерге атқарылып жатқан жұмыс бойынша ақпаратты қосымша жеткізіп отырамын. Ұсыныстарыңыз болса бірге жұмыс істеуге дайынмын, – деді Елдос Абақанов. Ең бастысы, сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында 14 партиялық кеңес құрылды. Оған жетекшілік ететін білікті мамандар тағайындалды. Алдағы уақытта партия Лидерінің алға қойған міндеттерін ескере отырып, партияның сайлауалды уәделерінің орындалуына жүйелі бақылау, бюджет қаражатының тиімді және ашық жұмсалуына мониторинг жасалады.Әбілмансұр ЖАСАН