Вирусты инфекцияның шекарасы жоқ – маман
Вирусты инфекцияның шекарасы жоқ – маман
426
оқылды
ҚР денсаулық сақтау министрлігі тауарлар мен көрсетілген қызмет қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің басшысы міндетін атқарушы Сархат Бейсенова әлемді дүрліктірген коронавирус Қазақстанда таралуы қаупі бар екенін айтты, – деп хабарлайды Tengrinews.kz. Маманның пікірінше, Қытайдан тараған вирусты туристер әкелуі мүмкін. «Қытай аумағынан тыс аумақта инфекцияның таралу қаупі сақталып отыр. Себебі, туристер Қытай жаңа жылын тойлау үшін бұл елге келді. Енді олар жаппай бұл мемлекеттен кетіп жатыр», – деді ол Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында. Сондай-ақ Сархат Бейсенова бұл жұқпалы дерттің Қазақстанда таралуы қаупі бар екенін атап өтті. «Оның таралу қаупі бар. Себебі, вирусты инфекцияның шекарасы жоқ. Эпидемиологтар «инфекцияның шекарасы жоқ» деген пікірді ұстанады. Сіздер Қазақстанға малярия шетелден келетінін білесіздер. Малярияның инфекциясы елімізде жоқ. Бірақ бұл инфекцияны шетелден жұқтырған жағдайдар болды», – дейді Бейсенова. Осы орайда Бейсенова коронавирустың елімізде таралмауы үшін тиісті шаралар қолға алынғанын айтты. «Әуежай және теміржол тасымалында санитарлық карантин режимі күшейтілді. Әуежайда, теміржол және автобус станцияларында тепловизор орнатылды. Қалаға келген адамдардың дене температурасын өлшеп жатырмыз. Әсіресе, шетелден Нұр-Сұлтан қаласына келген адамдарды денсаулығын бақылауға алдық. Оларды арнайы тізім бойынша тексеріп жатырмыз. Олардың тұрғылықты мекенжайы, қайда жұмыс істейтіні туралы мәлімет пен телефон нөмірі бар. Осы жұмыс кеше қолға алынды», – деп атап өтті ол.