Ағасының мәйітін сарайда жасырған мұғалімнің сабақ беруіне ата-аналар қарсы шықты

Ағасының мәйітін сарайда жасырған мұғалімнің сабақ беруіне ата-аналар қарсы шықты

Сарайда қайтыс болған ағасының денесін ұзақ уақыт бойы жасырған Таңдай ауылының мұғаліміне қатысты іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды, – деп жазады Tengrinews.kz.

Биыл қаңтарда Таңдай ауылында 82 жастағы тұрғын Сағынғали Ақберлиевтің мәйіті табылған. Ер адам қарындасымен бірге тұрған. Қарындасы мектепте мұғалім болып жұмыс істеген.  Тергеу уақытында әйел жұмыстан босатылды. Ауыл тұрғындарының айтуынша, кейінгі кезде ер адамды ешкім көрмеген. Іле-шала әйел адам бірнеше ай бойы ағасының мәйітін үйдің сарайында жасырғаны анықталды. Оның мұндай әрекетке не үшін барғаны әзірге белгісіз. Дереккөздің жазуынша, әлеуметтік желіде әйел адам ағасын былтыр жазда өлтіріп, артынша мәйітін бөлшектеп, үлкен сөмкеге жасырып қойғаны туралы ақпарат тарады. Алайда зейнеткерді біреу өлтіргені расталмады. Сараптама ер адам өзі қайтыс болғанын көрсеткен.

«Іс тоқтатылғанын білеміз. Оның жұмысқа қайта келуіне байланысты біз аудандық прокуратурадан жауап күтеміз. Бұған қатысты басқа ештеңе айта алмаймыз», – деді Ахмедияров атындағы орта мектеп директоры Серік Қойбақов.

Алайда ата-аналар мұғалімнің мектепте жұмыс істеуіне қарсы. 206 адам Бақсай ауылдық округіне, аудан прокурорына, облыстық Білім басқармасы мен Nur Otan бөлімшесіне өтініш жазған. «Ол ағасының мәйітін неліктен талай уақыт бойы жасырып, оны көрмегенін айтқаны түсініксіз. Ондай адам мектепке оралғанына және балаларымызды оқытқанына қарсымыз. Егер жергілікті билік өтінішімізді қарастырмаса, Президент пен білім министріне жүгінеміз. Егер ол жұмысын жалғастырса, кейбір ата-ана баласын мектепке апармауға дайын» делінген ауыл тұрғындарының өтінішінде.

Бұған дейін Атырауда сәби өліміне қатысы бар дәрігерлердің сотталғанын жазған болатынбыз.