Алматы облысындағы өндірісі экспортқа негізделген және отандық астықты тереңдете өңдеуге бейімделген аса ірі кәсіпорындардың бірі әрі бірегейі – осыдан екі жыл бұрын «Қазақстанда жасалған: Индустрияландырудың екінші бесжылдығы» атты жалпыұлттық телекөпірі кезінде ашылған «Маревен Фуд Тянь Шань» ЖШС бүгінде нарықта, оның ішінде экспортта өз орнын тауып, алғашқы белестерін бағындыра бастады. Алға жылжыған жылдармен бірге өндіріс ауқымын да арттыруда.
Қазақстандық астықты тереңдете өңдеп, кеспелердің көптеген түрін шығаратын, қазір қарқынды жұмыс істеп тұрған кәсіпорын жанында элеватор, ұн тартатын комбинат, сусындар құятын цех, қосалқы қоймалар салынып жатыр. Трансұлттық компанияның өндірістік алаңы Қапшағай қаласының маңында, Алматы – Талдықорған автожолының бойында орналасқан. Теміржол да дәл қасынан өтеді. Алматы облысы өз тарапынан теміржол желілерінің зауытқа дейін тартылуын қамтамасыз етіп, бірқатар жеңілдік қарастырып, сыртқы инженерлік желілерді төсеуге көмектесіпті. Қазір де қажетті жағдайды мүмкіндігінше жасап отырған көрінеді. Компанияның өндіріс ауқымын одан ары кеңейтуге, өнім түрлерін барынша арттыруға бағытталған әр қадамы құпталып, тиісті қолдау көрсетіліп келеді. Сапалы әрі сұранысқа ие өнімдерімен қуантып отырған серіктестік алдағы уақытта жаңа жұмыс орындарының ашылуына да оң ықпал ете бермек.Болат АБАҒАН, Алматы облысы