Атырауда эпидемиологиялық ахуал дабыл қағарлық жағдайда. Өткен жылы індеттің басты ошағы Теңіз вахталық кеніші болса, биылғы індет жұқтырғандар облыс орталығында көбейіп тұр.
Атыраулық дәрігерлер коронавирустың 8 наурыздан соң күрт артып кеткенін айтып отыр. Өйткені батыс өңірлерде сақталған көрісу дәстүрі мен той-томалаққа бару толастамай тұр. Атырау облысының бас санитар дәрігері Мәдениет Танауов онлайн брифинг барысында эпидемиологиялық тергеу нәтижелерін жариялады. Осыған байланысты ол тұрғындарды адам көп жиналатын іс-шараларға қатыспауға және барлық қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды. Аймақта коронавирус жұқтырғандардың 41 пайыздан астамы ауысым жұмысшылары. Ал 22 пайызы – науқастармен байланыста болған адамдар, 28 пайыздан астамы – түрлі іс-шарада, 7,6 пайызы қоғамдық көлікте жұқтырған. Атырау облысы бойынша 6 сәуірдегі коронавирус жұқпасының эпидемиологиялық жағдайына келсек, осы жылдың 28 наурызы мен сәуірі аралығында коронавирус инфекциясының 19 207 жағдайы тіркелген. Инфекция жұқтырғандардың дені Атырау қаласынан анықталып отыр.Вакцина жетпей қалмай ма?
Сондай-ақ Атырауға 2 сәуірде «Спутник V» вакцинасының екінші топтамасы, 3 600 доза мөлшерінде келді. Бұл вакциналар облыстың 23 егу пункті бойынша біркелкі таратылды. Қазір өңірде халықтың СOVID-19-ға қарсы жаппай вакцинасы өтіп жатыр. Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, биылғы 1 ақпан мен 5 сәуір аралығында «Спутник V» I компонентімен 4 868, II компонентпен 2 026 адамға екпе жасалды. 5 сәуірдегі дерек бойынша, «Спутник V» вакцинасының I компонентін 765 адам алды. Оның ішінде 103 медицина қызметкері, 130 педагог, 93 полиция қызметкері, 16 студент, 15 жабық мекеме қызметкері, 25 құқық қорғау органдарының қызметкері, 12 мемлекеттік қызметші, 13 созылмалы аурумен ауыратын адам, 358 жергілікті тұрғындар бар. Айта кетерлік дүние, ерікті түрде тұрғылықты жеріндегі емханадан «Спутник V» вакцинасының I компонентін алғандардың ішінде 87 жастағы қала тұрғыны бар. Атырауға 2 сәуірде вакцинаның 3 600 дозасы келді. 5 сәуірде жергілікті тұрғындар тұрғылықты емханаларында вакцинаның жоқтығы туралы ақпараттарды әлеуметтік желіде жаза бастады. Бұл ақпаратқа облыстық Денсаулық сақтау басқармасы 10 сәуірге дейін Атырауға 9 мың вакцина келетінін айтып, жауап қайтарды. Атырау облысында 658 мыңнан аса халық тұрса, соның 70 пайызында вакцина алғанда ғана вирус жұқтыру қаупі сейіледі. Атырауда 18 жасқа толған 253 мыңға жуық балаларды, одан бөлек, жүкті әйелдер мен бала емізетін әйелдер мен түрлі қауіпті созылмалы ауруы бар науқастарды 30 пайыз деп есептен шығарып тастағанның өзінде 295 мыңдай халық вирусқа қарсы вакцина алуы қажет. Қазір аймақта індет жұқтыру еселене түсті. Содан ба, бастапқыда вакцина алуға қарсы шыққан халықтың дені бүгінде вакцинаға деген тапшылық болып қала ма деген қауіпті сезе бастағандай.Британдық коронавирус штамы біздің аймаққа келді ме?
«Бұл әзірге белгісіз». Атырау облысының бас санитар дәрігері Мәдениет Танауов брифингте осылай деп жауап берді. – Біз 21 сынаманы республикалық зертханаға жібердік, олардан мутациялар анықталды. Бірақ зертханалар қандай мутация штамы, яғни оңтүстік африкалық, бразилиялық немесе британдық штамм екенін айтуға әзір дайын емес. Қазір қосымша зерттеулер жүргізілуде, – дейді бас санитар. Бүгінде облыста коронавирус жұқтырған 500 адам үй жағдайында, 169 науқас модульдік ауруханада, 466 науқас инфекциялық стационарда емделуде. P.S.Атырау облысы коронавирус инфекциясының таралуы бойынша «қызыл аймақта». Пандемия өршіп тұрғанда мейрамхана мен кафелерде терезелерін жауып, қонақтарды артқы есіктен кіргізу тыйылар емес. Оларды мобильді топтар анықтап, айыппұл салғанымен, қонаққа, жаназаға барушылардың қарасы көп. Елімізде індеттің тез таралатын аса жұқпалы қауіпті штамдары тіркелсе де, оларға тоқтау болмай тұр. Тіпті, тәулігіне жүзден аса індет жұқтырғандар анықталып, модульді аурухана 25 пайыз науқасқа толғаны, ондағы жансақтау бөлімінде 18 науқастың ауыр халде жатқаны сабақ болмаған секілді.
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы