Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласына жұмыс сапарымен келген Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавровты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттер арасындағы өзара қарым-қатынас пен ынтымақтастыққа тың серпін беру тұрғысынан министрдің бұл сапарының маңызды екенін айтты.
– Қазақстан мен Ресей – одақтас әрі стратегиялық серіктестер. Ынтымақтастығымыздың күн тәртібі өте тығыз және қол жеткізген уағдаластықтарды жүзеге асыру үшін көп жұмыс атқаруды қажет етеді. Сондықтан сіздің сапарыңыз барысында және ведомство басшылары деңгейіндегі, сондай-ақ ең жоғары деңгейдегі кездесулер барысында алға қойған мақсаттарымызға қол жеткіземіз деп ойлаймын. 23 наурызда Владимир Путинмен өңіраралық кездесу өткізудің маңызы туралы сөйлестік. Өкінішке қарай, пандемия салдарынан кейінге шегерілді. Біз кез келген форматта, мүмкіндігінше бетпе-бет кездесуге уағдаластық. Егер мұның сәті түспесе, онда аталған кездесуді видео конференция режимінде міндетті түрде өткіземіз, – деді Мемлекет басшысы.
Қ.Тоқаев Қазақстанға вакцинаның қосымша бөлігін жіберу мәселесіне қолдау көрсеткені үшін Владимир Путинге ризашылығын білдірді.
– Біз пандемияға қарсы бірлескен күресте түсіністік танытып, көмек көрсеткені үшін Ресей басшылығына, Ресей Федерациясының президентіне ризашылығымызды білдіреміз. 23 наурызда сөйлескен кезде Ресейден қосымша 4 миллион мөлшерде вакцина алу жөнінде мәселе көтердім. Менің өтінішімді түсіністікпен қабылдады, – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Сергей Лавров президент Владимир Путиннің сәлемі мен ілтипатын жеткізіп, Ресей тарапы вакцина жеткізу мәселесін шешетінін айтты.
Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың негізгі аспектілері, оның ішінде, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстар, ғарыш саласындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.
– Келесі айда видеоконференция форматында Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің отырысын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл біздің коронавирус індетінен кейінгі кезеңдегі ынтымақтастығымызды жалғастыруға бағытталған ортақ күш-жігерімізді жұмылдыру жолындағы маңызды кезең. Өзіңіз атап өткендей, біз президенттердің қатысуымен өтетін 17-аймақаралық форумды өткіземіз. Біздің қарым-қатынасымыз өте жақсы. Сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелері бойынша премьер-министрлер екі рет кездесті, вице-премьерлер одан да жиі байланыс жасап тұрады. Қарым-қатынастар пандемия кезінде де үзілген жоқ. Ю.Гагариннің ғарышқа ұшқанына 60 жыл толуын атап өтеміз. Бұл – ғарышты бейбіт игеруге қосқан ортақ үлесіміз, – деді Сергей Лавров.