Шымкент қалалық «Nur Otan» партиясы филиалында Партиялық бақылау комиссиясы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Қоғамдық кеңесінің атқарған жұмысын қорытындылау бойынша жиын өтті. Алдымен сөз алған «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанар Бектаева өңірде партия тарапынан қозғау салынып, оң шешімін тапқан мәселелер жөнінде баяндады.
Халық пен мемлекеттік билік арасындағы өзара байланысты нығайтудың маңызды екенін атап өткен Жанар Әлібекқызы жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау және оны оңтайлы шешу үшін қоғамдық бақылауды күшейтудің ерекше рөл ойнайтынын жеткізді. «Бүгінде қоғамдық қабылдауларға тұрмыстық жағдайы мен денсаулығына және білім, тұрғын үй, инфрақұрылым сынды салалар бойынша тиісті мекемелерден тұшымды жауап ала алмаған жандар жүгінеді. Осы орайда, «Nur Otan» партиясының халық үніне құлақ асуды бағыт еткен жемісті жұмысының арқасында азаматтардың қоғамдық қабылдауға деген сенімі айтарлықтай артты. Осы арқылы партияның саясаты нәтижелі жүзеге асып, «жағымсыз жаңалықтар» дер кезінде бақылауға алынуда. Халық пен биліктің арасындағы алтын көпір болып, қоғам өмірінің айнасына айналған қоғамдық қабылдаулар жай ғана қағаз жүзінде емес, нақты іс жүзінде тындырымды тірліктер атқаруда» деп атап өтті Ж.Бектаева. Жалпы 2020 жылы партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне 25 242 өтініш түскен. Оның 70-ке жуық пайызы оң шешімін тауып, қалғаны бойынша заңға сәйкес түсінік берілген. Атап айтар болсақ, Birgemiz қоры арқылы қаржылай және азық-түлік себеттерімен 13 000-ға жуық азамат көмек алған. Тағы 3 000-дай адамға демеушілер есебінен әлеуметтік, қаржылай, материалдық көмек көрсетілгені айтылды. Осы тұста мәселелері оңтайлы шешілген тұрғындар онлайн форматта көшбасшы партия мен жергілікті билікке алғысын білдірді. Қаратау ауданына қарасты «Таскен» шағынауданының тұрғыны Гүлжамал Исаева жылдар бойы кедір-бұдыр жолдың шаршатқанын, жаңбырлы күні батпаққа батып, балалардың сабаққа баруы да қиындап қалғаны шешімін таппай келе жатқан мәселе болғанын айтып өтті. Одан бөлек, шағынаудан үшін электр жарығы да үлкен проблемаға айналған. Тұрғындар «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Б.Байбекке Шымкентке келген сапарында осынау мәселелерді жеткізген, нәтижесінде бүгінде аталған мәселелердің толығымен шешілгенін айтып, алғысын білдірді. Сонымен қатар «Азат» шағынауданының тұрғыны Әлия Сабитова да партияның ықпалымен аймақтағы ауызсу, жол, табиғи газ мәселесі шешілгенін қуанышпен жеткізді. Әсіресе, бір мезетте 5 қабатты жатақхананың өртке оранып, далада қалған Водопьянов көшесі №1 үй тұрғындарының айтар алғысы шексіз болды. Көшбасшы партияның тікелей араласуымен уақытша жатақханаға орналасып, кейін жаңадан үй салып берген билікке рақметін жаудырып жатты. Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Н.Назарбаевтың мүмкіндігі шектеулі азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту туралы тапсырмасы «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында қаладағы әлеуметтік нысандардың және жолаушылар тасымалдайтын қалаішілік автобустардың мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімділігін қамту бойынша қоғамдық көлік паркін жаңғырту, мүгедектерді тасымалдауға толығымен ыңғайластыру және мүмкіндігі шектеулі жандар баратын нысандарды бейімдеу жұмыстары жүргізілген. Жанар Әлібекқызы сөз соңында «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы алдағы уақытта да қоғамдық қабылдаулардың сапасы мен санын арттырып, қоғам игілігі үшін аянбай еңбек ететінін жеткізді. Ал «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Қоғамдық кеңесінің төрағасы Тасқынбай Бүрлібаев кеңестің 2020-2021 жылдары атқарған жұмысы бойынша, «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының төрайымы Дария Қожамжарова комиссияның 2020-2021 жылдары атқарған жұмысы жайында баяндама оқыды. «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі Мұрат Әйтенов партиялық бақылау комиссиясының атқарған жұмысы көп екенін, бірақ мониторинг жұмыстарын әлі де күшейту қажет екенін айтып, қалалық партия филиалына бірқатар тапсырма жүктеді. Жиынды қорытындылаған қала басшысы партияның алға қойған мақсаттарын сапалы әрі уақытылы орындалуын жүзеге асыруға күш жұмылдыру қажет екенін айтты.Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы