Әлемде ең қымбат ат спортының рейтингі «Формула-1» және желкенді регат жарыстарынан кем түспейді. Таза қанды атақты бәйге аттарының құны яхталар мен болидтердің бағасымен пара-пар. Ал атышулы турнирлердің жүлде қоры әлденеше ондаған миллион доллармен есептеледі.
Германия алғаш рет 1898 жылы ұйымдастырылған CHIO Aachen фестивалі ат спорты тарихындағы ең даңқты турнир деп танылған. Қазір фестивальге Жер шарының түкпір-түкпірінен 300 мыңға тарта көрермен жиналады. Турнирдің жүлде қоры 2 млн еуроның айналасында. Ең атақты бәйге жарысы алғаш рет 1711 жылы ағылшын патшайымы Анна Стюарттың құрылтайшылығымен ұйымдастырылған Royal Ascot race турнирі саналған. Оны тамашалауға әлемнің үздік ақсүйек санатындағылар мен корольдік отбасының барлық мүшелері түп-тұқияны қалмай келеді. Турнир жарты миллион көрермен жинайды. Аскоттың жүлде қоры – 4 млн фунт. Алайда 1996 жылдан бері ең қымбат бәйге атағы Дубайға ауысып кетті. Араб шейхтері өткізетін ат жарысының жүлде қоры бүгінде $30 млн-ға жеткен.Тұлпарлардың тұяғының дүбірін естіген дала – бұл
Әлемде жылқының 345 түрлі тұқымы болса, оның ТМД елдерінде – 50 түрі, Қазақстанда 13 түрі өсіріледі екен. Ал бүгінгі ғылымға мәлім Ақмола облысының Ботай қорымынан табылған соңғы деректерге сүйенсек, 1 000 жылдық тарихы бар қазақ жылқысы жер бетіндегі қылқұйрық біткеннің ішіндегі ең ежелгісі көрінеді. 1916 жылғы бүкілресейлік санақ бойынша Қазақстан жерінде қазақ халқының саны 6 миллионға жуық, ал жылқы саны 5 миллион 640 мың бас болған. Жалпы, қазақ даласында 1928 жылға дейін 60 миллионнан астам төрт түлік жайылып жүрген. Содан 90-жылдары Қазақстанда бар-жоғы 800 мың жылқы қалыпты. Тек тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ қанына тартып, қайтадан жылқы өсіруді қолға ала бастаған. Бүгінде жылқының басы 2 млн 800 мыңға жетті. Бірақ оның өсуіне мемлекеттің еш қатысы жоқ, ол – шаруаның қажырлы еңбегінің арқасы. Күйіндіретіні – жылқы шаруашылығына советтер кезеңінде жасалған қитұрқылықтың әлі жалғасып келе жатқаны: советтер барлық мал-құстың күтімі мен бағымына мемлекет тарапынан демеуқаржы төлегенде, тек жылқыға бермеген, қазір де сол: ең көп демеуқаржы шошқаға беріледі, ал жылқы шаруашылығына мемлекеттен бұрынғысынша еш қолдау жоқ. Дегенмен ел ішінде қазір де көп жылқы ұстайтын жігіттер бар. 2 мың, 3 мың, тіпті 5-7 мың жылқы өсіріп отырған азаматтардың есімі мәлім. Болат тұяқты жануарларды мыңғыртып ұстамаса да жылқы шаруашылығымен айналысатын әйтпесе бәйге аттарын баптайтындардың арасында грек-рим күресінен қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, марқұм Жақсылық Үшкемпіровті, «Халық Қаһарманы», ғарышкер Тоқтар Әубәкіровты, кино режиссері Ардақ Әмірқұловты, Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуковты, Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеуханды, әнші Тоқтар Серіковты, т.б. танымал адамдарды атауға болады. Дегенмен білетін жұрт Қазақстандағы ең қымбат және ең үздік бәйге аттары Темірхан Досмұхамбетовте дейді. Былайғы жұрт тіпті ол кісіні сәйгүліктердің коллекционері деп те атайды. Т.Досмұхамбетов құрған «Байсерке Агро» ЖШС-інде мыңдаған төрт түліктің санын айтпағанда, таза қанды ағылшын, араб, ақалтеке, қостанай, орлов және липициан тұқымдарының 186 бас жылқысы бар. Олардың ішінде 2018 жылы «Көшпенділер ойынында», 2000 жылы «Манастың» тойында бас жүлде алған жорғаны, атақты Абсенттің кіндігінен тікелей тараған 17-ұрпағын атауға тұрарлық. Темірхан мырза Адай, Көшім және жабы тұқымдарын өсіруге де ден қойып жүр.Қазанаттардың құны қанша?
Қазақстанда жылқының бағасы тегінің тазалығына, атақ-даңқына, жасы мен түсіне қарай 1,5-2 млн теңгеден бастап өсе береді. Әдетте, олардың орташа бағасы 8-10 млн теңге айналасында. Бірақ одан әлденеше есе қымбаты да болады. Тіпті, 1 млн доллар тұратын аттар бар. Жуырда Тараз төрінде өткен республикалық көкпаршылар сайысында есімі жария етілмеген бір адам 300 мың долларға таза қанды «ағылшынды» сатып алды деген хабар тарады. Дегенмен жақсы жылқы іздеген қазақстандықтар Еуропаға сабылады. Кәрі құрлықта ат аукциондары жиі ұйымдастырылып тұрады. Таңдау үлкен, кей жылдары мал иелері жәрмеңкеге 5 мың бас жылқыға дейін шығарады екен. Сәйкесінше, баға да әртүрлі: $5 мыңның да, $50-60 мыңның да, $ 1млн-ның да малын табуға болады. Бәссауда тарихында ХХІ ғасырда әлемдегі ең қымбат Фрэнкел деген ат 200 миллион долларға бағаланған. Оны Сауд Арабиясының ханзадасы Халил Абдулла сатып алды. Атақты тұлпар даңқы асқақтап тұрған кезде аса ірі 14 жарысты ұтқан, соңғысы – 2012 жылғы Эскотадағы Champions’ Stakes бәйгесі. 2013 жылы Фрэнкел 7 жасқа жетті, алда әлі ірі додаларға түсетін мүмкіндіктер тұрған, бірақ ханзада оны енді жарыстарға қатыстырмай, тек биеге салды. Оның биеге бір мінгені 125 000 фунт стерлингке бағаланды. Бәйге аттары ғана емес, жылқының ең таңдаулы жортыс, желгіш, жорға және жүк тартқыш тұқымдары да қымбатқа бағаланады. Мәселен, Германияда «Алып күш» деген жүктартқыш жылқы 47 500 $-ға сатылып кеткен. Ал салмағы 1 524 келі болатын Мамонт атты әлемдегі ең алып жылқының құны құлын кезінің өзінде 25 000 $-ға бағаланыпты, бірақ иесі оны саудаға шығармаған. Орлов желігіш аттар тұқымының атасы Сметанка деген айғыр 1775 жылы сол замандағы аса қымбат баға – 60 000 рубльге сатылған (қазіргі ақшамен 5,5 миллион доллар). Mystic Park атты америкалық желісті ат 1982 жылы 5 500 000 $ бағаланған, бүгінге дейін желісті аттардың сатылым бағасы бұл рекордтан асқан жоқ. Әдетте, бәрінен де таза қанды ағылшын жылқыларының нарқы басым. Одан кейін – араб арғымақтары. Қымбаттығы бойынша үшінші сатыда Фрисландия жылқылары тұр. Ұлттық ат спорты федерациясының президенті Сәдібек Түгелдің айтуынша, таза қанды ағылшын жылқысының қымбат болуының себебі олар 3-4 ғасыр бойы қатаң сұрыптаудан өткен, жетілдірілген, олардың жүрегі мен өкпесі басқа аттарға қарағанда 1,5-2 есе үлкен. Сондықтан олардың тыныстауы, шабысы жақсы. Аламандарда өзгеге бәйгінің алдын бермейтін себебі – сол. Көпшілігі оларды құлын кезінде алдыртып, кейін қазақ жерінде өсіріп-жетілдіреді. Бұл бір жағынан – баға жағынан арзан әрі ертең құлыннан өскен жылқы қазақстандық төлтума болып саналады. Ал көкпардың аттарын көрші қырғыздан алдырады. Алатаудың арғы бетіндегі айыр қалпақты ағайын жай жатпай, жылқыларын біршама жылдар бойы орыстың рысак, дон тұқымдарымен будандастырып, белі жуан, тегеуріні қатты, тартысқа мығым тұқымдарды өсіріп келген. Айтпақшы, орташа бағаммен есептегенде бәйгеге шабатын аттарға қарағанда көкпарға түсетін жылқының нарқы қымбатырақ көрінеді.Жылқы желден жаралған
Қазақстанда аламан бәйгенің ең атақтысы, жүлде қоры ең жоғарысы – астананың түбіндегі Қабанбай батыр ауылында жыл сайын өтетін «Алтын тұлпар» бәйгесі. Бас жүлде – 10 млн теңге. Сонымен қатар одан кейінгі сегіз-тоғыз орындарға іліккендерге де қомақты қаржы тиеді. Бұдан бөлек, жергілікті жерлерде жеке адамдар бәйге береді. Бұлардың жүлде қоры кейде «Алтын тұлпардан» да асып кетуі мүмкін. Мәселен, 2020 жылы Ақтауда өткен аламанда бас жүлдеге Каспий жағалауындағы қаланың орталығынан екі бөлмелі пәтердің кілті сыйға тартылды. Мәреге бірінші жеткен Қоянқасқа арғымақтың енесі араб, атасы қазақы тұқым. 2019 жылы Қарағандыдағы аламанның бас бәйгесіне Нұр-Сұлтан қаласынан бір бөлмелі пәтер берілді. «Арғымақ.кз» порталының бас редакторы Ержан Жаубай негізінен орташа қашықтықтағы (25 шақырым) аламандарда ағылшын, араб, ақалтеке сәйгүліктері бәйгенің алдын бермей жүрсе, 100 және одан алыс қашықтықтарда қазақы аттардың бағы жанатынын айтты. – 2019 жылы Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданында 130 шақырымдық аламанда жергілікті Тарпаң деген дүлдүл ешкімге дес бермеді. Екінші келген ат та қазақы тұқым. Алдыңғы жылы Ақсуаттағы 140 шақырымдық аламанда да қазақ-араб буданы Қызжирен бірінші келді. Онымен құйрық тістесе жеткен сәйгүлік те өзіміздікі – адай жылқысы,– деді ол. Мамандардың айтуынша, қазақы аттар 250-300 шақырымға да шабуға қабілетті көрінеді. «Аттарды 100 және одан да ұзақ қашықтықтарға жібергенде алдымызға қоятын мақсатымыз: біріншісі – бәйгенің алдын бермейтін ағылшын, араб, түрікмен аттарына тойтарыс беру, екіншісі – қазақ аттарының төзімділігін тексеру. Осы жарыстарда жергілікті бәйгелер мақтаулы асылтұқымды аттарды ілестірмей кетеді. Біз өз мақсатымызға жеттік, қазақы аттардың асқан төзімді екенін дәлелдедік», – деді Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры, жылқытанушы ғалым Қайрат Исхан. Қазақ жылқылары халықаралық жарыстарда үлкен жетістіктерге жетіп жүр. Мәселен, 2011 жылғы Азия чемпионатында 80 шақырымдық аламанда Ойлы деген адай жылқысы алтын медальды жеңіп алды. Жеке есепте Аққанат деген атымыз күмісті, Кертөбел қоланы еншіледі. Сондай-ақ Ресейдің Спасск-Рязанский қаласында өткен ТМД кубогында аламанға адай бәйгелерін апарған Қазақстан құрамасы командалық есепте 1-орынды жеңіп алды. Қазақстанның аттары Еуропа елдерінде де жүлделі биіктен көрініп жүр. Бірақ онда аттар негізінен 1-2, 4-5 шақырымдық жақын қашықтықтарға шабатындықтан, бұл жарыстарға ағылшын-араб-ақалтеке тұқымдары апарылады.Дәулет АСАУ