Түркияға әуе қатынасы тоқтай ма?
Түркияға әуе қатынасы тоқтай ма?
191
оқылды

Әлемді әбігерге салған коронавирус пандемиясы күн санап өзін жаңа қырынан «танытып» жатқанға ұқсайды. Оған соңғы кездері вирустың бірнеше мәрте мутацияланып, әлі бірқатар елде ауыздықтауға  жол  бермей тұрғаны дәлел. Жағдайы қиын елдердің қатарында Түркия да бар.

20 млн адам вакцина салғызды

Соңғы күндері Түркияда коронавиурс жұқ­тырғандар саны өте мол болып тұр. 18 сәуір күнгі деректерге қарағанда, елде 55 802 адамнан коронавирус анықталды. Ал қайтыс болғандар саны бір күнде 3 101-ге жетті. Осылайша, Түркия былтырдан бері 35 мың 926 азаматынан коронавирустың ке­сірінен айырылса, жалпы ауырғандар са­ны 4 268 447-ге жетті. Бүгінде Түркия кар­тасы қып-қызыл түске боялып тұр деуге бо­лады. Онда жағдай өте күрделі. Алайда Түркия халқының тең жартысы немесе 43 млн 768 мыңнан астамы ПТР-тест тапсырғанын, коронавирусқа қарсы вакцинаның толық дозасын алған түрік­тер­­дің саны 7,79 млн адамға жеткенін, ал бірінші компонентін қабылдағандар саны ел халқының 14,4 пайызы болғанын ескер­сек, Түркиядағы жағдайға сәл басқаша көз­қарас керек сияқты. Яғни, ресми Ан­кара халықты толық ПТР-тесттен өт­кізу­ге ұмтылатын сыңайлы. Ал тест не­ғұрлым көп жасалса, вирус жұқтырғандар саны да соғұрлым мол анықталатыны даусыз. Со­нымен бірге вакцинаның бірінші ком­по­нентін салдырғандар 12 млн-ға жуық­тағанын, оған толық вакцина алғандарды қос­қанда, жалпы корона­вирусқа қарсы вак­цина алғандар үлесі ел халқының төрт­тен біріне жақындағанын ескеру керек. Нақ­тырақ айтқанда, вак­цина­ның бірінші жә­не екінші компонентін салғызған түрік­тердің саны 20 млн 79 мың­нан асқан. Де­мек Түркияда жағдай­дың қиындап бара жат­қаны жайлы дерек­тердің астарында сая­сат жатқанға ұқсайды. Керісінше, онда ұжым­дық иммунитеттің қалыптасу мүм­кін­дігі артып келе жатқан сияқты.

Пандемияның емес, саясаттың салқыны әсер етті

Негізі, Түркияда жағдайдың өте қиын еке­нін алған тартқандар ресейлік мамандар еді. Сөйтіп, біраз уақыт бұрын Ресей Түр­кия­мен арадағы ұшақ байла­нысын үзу ке­рек деген шешімге келген. Енді 1 мау­сым­ға дейін Түркияға Ресейден ешқандай әуе рейсі болмайды. РФ вице-премьері Татьяна Голикованың айтуынша, «Концерн Титан-2» компаниясының Түр­кияда салып жатқан атом электр станса­сына қатысы бар мамандарға бұл тыйым салынбайды екен. Әрі Мәскеу-Стамбұл және кері бағытта ап­тасына екі рейс сақталатын болыпты. Алай­да бұл шешімді қабылдауға пандемия емес, Түркия пре­зиденті Режеп Тайып Ер­до­ғанның Украи­наның аумақтық тұтас­тығын қолдай­тынын, Қырымды ешқашан Ресей жері деп мойындамайтынын айт­қаны себеп болған сияқты. Мәскеу түрік­тердің ашық мәлімдемесіне үн қатып, «Қырымды Ресей жері ретінде мойындаң­дар» деуге бата алмады да, Түркияға қыр көрсету үшін рейстерді тоқтатып, туристік мау­сым­да біраз шығын келтірмекке бе­кін­ген тәріз­ді. Алайда Түркияға тек Ре­сей туристері ғана бармайтынын, өзге елдерден де саяхаттап баратындар мол екенін ұмыт­ты. Әрі Түркия экономикасы тек туризмге сүйе­­ніп тұрған жоқ. Сан салалы қазір. Ал Ре­сей­дің өзіне келсек, ел халқының 6,8 па­йы­зы ғана коронавирусқа қарсы вак­ци­на­ның бірінші компонентін салғызып­ты. Бұл дегеніңіз – 9 млн 900 мыңнан астам адам. Вак­цинаның екінші компонентін сал­ғызғандар Ресейде 5,78 млн адам. Осы­лай­ша, вакцинаның бірінші және екінші ком­понентін салғызғандар Ресейде 16 млн адам­нан асады. Демек, ел халқының оннан бірінен астамы ғана вакцина салғызып үл­герген. Ал жалпы Ресейде бір жыл ішінде 4 млн 710 мың адам ауырған.

Туризм бәрібір жанданатын сыңайлы

Негізі биыл Жерорта теңізі аймағын­дағы туризм былтырғыға қарағанда та­быс­ты болатын сыңайлы. Қазірдің өзінде ай­мақ елдері туристерді қабылдауға даяр­ла­нып жатыр. Мәселен, Түркияның Мә­де­ниет және туризм министрі Мехмет Нури Ерсой туризм маусымы  мамырда ашыл­уы мүмкін екенін айтты. «Мақсаты­мыз – мамырда туристік маусымды ашу. Пан­де­мияға байланысты жағдайды бағам­дай­мыз. Ал туристердің санына келсек, Ресейдің әуе рейстерін шектеуіне байланысты ма­мырда туристер саны 500 мыңға аздау болуы мүмкін. Бірақ жазда туристер көбі­рек келеді», – деді ол. Ал Ресей туропера­тор­лары одағы 15 сәуір-1 маусым аралығына арналып 533 мың турпакет сатылғанын, оның жалпы құны 413,7 млн дол­лар болғанын мәлімдеді. Әрине, Түр­кияға баруды көздеген біраз ресейлік аза­мат енді басқа елге сапар шегуі мүмкін. Олар­ға Ресей қазірдің өзінде түрлі мүм­кіндіктер қарастырып жатыр. Атап айт­қанда, Мәскеу Мысырға бағытталған әуе рейстерін жандандыруды көздейді. Оны Ре­сей Сыртқы істер министрі Сергей Лав­ровтың өзі айтқан. Яғни, ресейліктер биыл бәрібір Жерорта теңізіне қарай ағылғалы тұр. Ал Мысырда күні бүгінге дейін 2 млн 677 мың ПТР-тест жасалып, 216 мың 300 адам коронавируспен ауырған. Қайтыс бол­ғандар саны – 12 738 адам. Қазір Мы­сыр­да 40 мың адамның ауырып жатқаны жайлы дерек бар. Ал вакцина салғызу туралы мәлімет кездеспейді. Әрине, 100 млн тұрғыны бар Мысыр үшін 216 мың азаматтың вирус жұқтырғаны – айтарлық­тай төмен көрсеткіш. 0,2 пайыз шамасында ғана. Алайда Түркиядан айырмашылығы, Мысырға барғандар қауіптің қайдан екенін сезбей қалуы мүмкін. 19 сәуірде Мысырдан келген 4 қазақстандықтың бойынан  коро­навирус­тың анықталуы соған дәлел. Өйт­кені Мысыр халқының басым көпшілігі ПТР-тесттен өткен жоқ. ПТР-тест тап­сырғандар үлесі артқан сайын ауру жұқ­тыр­ғандар саны да көбейетіні, дәлірек айтқанда корона­вируспен ауырғандар көбірек анық­талаты­ны белгілі. Бұл қай аймақта қан­ша­лықты қауіп бар екенін анықтауға сеп­тесуі тиіс.

Ардақ СҰЛТАН