Дипломатиялық «соғыстың» соңы не болмақ?
Дипломатиялық «соғыстың» соңы не болмақ?
252
оқылды

Ресей мен Батыс бір-бірінің 140-тан астам дипломатын қуып шықты. Мұндай масқара тіпті қырғи-қабақ соғыс кезінде де болмапты. Тағы бір «бұрын-соңды болмағаны»: осындай теңдесі жоқ шараға Мәскеудің бұрынғы достары жаппай жұмылуда. «Ресей мен Батыс Рональд Рейган заманындағы шпиондық соғыстардың рекордын жаңартты» деп бағалады сарапшылар. Ресей мен Батыстың қарым-қатынасында нағыз мұз дәуірі орнайтын күн жақындап келе жатқандай.

Ресей президенті Владимир Путин үкіметке «қас мемлекеттер» тізімін жасауды тапсырды. Бұған қоса, ол арнайы жарлыққа қол қойды. Оған сәйкес, Ресейге ниеті түзу емес, бұзық мемлекеттердің елшіліктері мен консулдықтарына қатысты тың шек­­­теу енгізіледі: олар бұдан былай Ресей аза­­м­­аттары арасынан қызметкерлер жал­дай алмайды. Кремль сайтында жария­­ланған «О применении мер воздействия (противо­действия) на недружественные действия иностранных государств» атты жаңа жарлық бойынша достық пейілдегі емес іс-қи­мылдар жасайтын елдер дип­­­­миссия­ларының Ресейдің жеке тұлға­­­­­ларымен ынтымақтасуына тыйым са­­­­лынады. Бір қарағанда, мұның мәнісі жоқтай. Себебі мұндай санкция Мәскеудегі және ірі қалалардағы шетелдік дипломатиялық өкілдіктерге жұмысқа тұрып, жақсы жала­қы табатын ресейліктерге ғана соққы берер еді. Шынында, одан «қара тізімдегі» мем­лекеттер де зиян шегеді: елден алас­талған қызметкерлерінің орнын енді олар жер­гілікті мамандар мен кадрлар есебінен тол­тыра алмайды. Салдарынан жұмыс сапасы төмендейді, көптеген қызмет пен міндеттен бас тартып, оңтайландырылған режимде жұмыс істеуге көшеді. Жалпы, құжатта «достық пейілдегі емес іс-қимылдарға» не жататыны нақ­ты­лан­баған. «Қара тізімге» де қандай ел­дердің кіретіні беймәлім. Ол тізімді үкімет бекітуі тиіс. Бір белгілісі, бұл шешім соңғы оқиғалар аясында қабылданып отыр. Сәуір айының ортасында АҚШ және Еуропаның 8 елі ресейлік дипломаттарды жаппай өз ел­дерінен қуа бастады, осы науқан аясында ресейлік елшіліктер мен консулдықтардың 40-тан астам маңызды қызметкеріне бұл мемлекеттерді жедел тастап шығуға тура келген. Бұл үрдіс кейінгі аптада жаңа қар­қын алды. Бәрін жаһандық деңгейдегі ірі держава Америка бастады. 15 сәуірде Уашингтон АҚШ-тағы президенттік сайлауға қол сұққаны, Solarwind аталған хакерлердің ғаламат бірлескен кибершабуылын ұйым­дастырғаны үшін ресейлік елшіліктің 10 қызметкерін дереу отанына кері аттан­дырды. АҚШ-тың дәйектеуінше, бұлардың бәрі арнайы қызметтермен тығыз бай­­ланысты болған: дипломат терісін жа­мылған «мылтықсыз майдан жауын­герлері». 16 сәуірде РФ СІМ-і Америка Құрама Штаттарының 10 дипломатын елден шығарып жіберетінін жария етті. Бұған қоса, америкалық дипқызметкерлердің Ресей аумағында еркін жүріп-тұруы туралы келісімнің күшін жою рәсімін бастады. Сонымен қатар АҚШ елшісі Джон Сал­ливанға өз еліне кетуге «табанды түрде кеңес берілді». Ресейдің бұл мәлімдемесі өзіне бәле болып жабысқан сияқты: ертесіне Еуропа елдері АҚШ-қа қолдау білдіріп, Мәскеуге қарсы бейресми «дипломатиялық соғыс» бастады. Осы орайда Мәскеуге ең үлкен соқ­­қыны оның бұрынғы досы – ХХ ғасырда «соцлагерьге» кірген, жақын одақтас болған Чехия жасады: ол 17 сәуір күні оның ең көп (18) дипломатын аластады. Бекер емес, чех тергеушілері 2014 жылғы Врбе­тицадағы әскери оқ-дәрі, снаряд қой­­маларында болған алапат жарылысты ұйымдастыруға ресейлік тыңшылардың қатысы барын жақында анықтаған екен. Республика премьер-министрі Андрей Бабиш екі чех азаматының өмірін жалмаған сол жантүршігерлік жарылысқа ресейлік барлаушылардың қатысы барын дәлел­дейтін дәйектемелер үкіметтің қолына түс­кенін мәлімдеді. Бұл айыпты Кремль,әрине мойын­­дамады және жауап шара ретінде Чехия елшілігінің 20 дипломатына «персона нон грата» жариялады. Сол күні Мәскеу Болгарияның қос дипломатын да өз еліне қайту үшін билет алуға мәжбүр етті: бұл Болгарияның ресей­­лік 8 дипломатты кетуге итермелегеніне жауап болатын. 20 сәуірде Чехия СІМ-і аса маңызды қызметкерлерден айырылғандықтан, Мәс­кеудегі өз елшілігінің жұмысы тоқырағанын хабарлады. Ол ультиматум қойды: Мәскеу олардың қызметіне қайта оралуына мүм­кіндік беруі тиіс, әйтпесе Чехия КСРО кезінен аса ірі саналатын Прагадағы РФ елшілігінің штатын 4 есеге қысқартып тастайды. Кремль бұл талапты құлаққа іл­меді. Сөзінде тұрған Чехия 22 сәуірде ресейлік дипмиссияның 81 өкілін – 35 дипломатын және 46 әкімшілік-техни­­калық қызметкерін өз жерінен қуып шықты. соғыс Бұған төбе шашы тік тұрған Мәскеу Чехия елшілігіндегі 91 ресейлік маманды қызметтен босату туралы өтініш жазуға мәжбүрледі. «Персона нон грата» деп жарияланған 20 дипломатын қоса алғанда, чех елшілігінің штаты жалпы саны 111 адамға азайып қалды. Мәскеудің тағы бір «экс-досы әрі бұ­рынғы одақтасы» Словакия Чехияға қол­дауы ретінде 3 ресейлік дипломатты елден аластайтынын мәлім етті. Бұл қадамды Балтық елдері іліп әкетті: Латвия – ресей­лік 2, Эстония мен Литва әрқайсысы 1 дип­­­­ломатқа еліне кетуден басқа амал қал­дырмады. Экс-одақтастардың соққысы мұнымен түгесілмеді: Польша да бірнеше ресейлік дипломат Еуропадағы мансап­тарын осындай масқара күйде аяқтады. Бұған жауап ретінде РФ сыртқы істер ми­нистрлігі Польшаның 5 дипломатын еліне қуып жіберді. Бүгінде сарапшылардың дерегінше, Мәскеу мен Батыс елдері бір-бірінің ел­шіліктерінің, консулдықтарының 140-тан астам дипломаты мен лауазымды қызметін қуып жіберген. Бұл сан алда өсуі ықтимал. Оның үстіне, бұл санға Мәскеудің қы­­сымымен шетелдік дип­миссиялардағы жұмысынан кетуге мәж­бүрленіп жатқан ресейлік қыз­меткерлер кірмеді. Негізі, Ресей дипломаттарына қазіргі ұжымдық «шабуылдың» тарихта теңдесі жоқ деуге болады. «Тарихтағы ең ірі оқиғаларды сарап­­­­­тасақ, тек 1986 жылы Рональд Рейганның кеңес елшілігінің бірден 80 қызметкерін АҚШ-тан аластағаны ғана еске түседі. Рас, дипломатиялық соғыс жаңа ойлап табылған дүние емес. Бұрыннан бар. Бірақ қазіргісі кең ауқымы жөнінен таңдай қақтырады. Мұндай масқара тіпті Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін де, одан кейінгі қырғи-қабақ соғыс кезінде де болған емес», – дейді Мәскеу мемуниверситетінің (МГУ) Халықаралық ұйымдар және әлемдік саяси процестер кафедрасының меңгерушісі, зерттеуші ғалым Андрей Сидоров. Кейбір сарапшы мұны Уашингтон ұйымдастыруы мүмкін деп болжауда. Оны­сы күмәнді. Егер шынымен солай болса, Америка осындай жаһандық бастаманы ұйымдастыра білетін, өзіне қарсы шыққан кез келген алпауытты абыройдан жұрдай қыла алатын әлемдік азулы держава екенін кезекті рет растап отыр. «Валдай» халықаралық пікірталас клубының ғылыми директоры Федор Лукьянов мұны «суық соғыстан да жаман» деп бағалады. Себебі Ресейде Кеңес Одағындай күш-қуат жоқ. Одақтастары да қалмай барады. Батыс бұған дәстүрлі түрде Ресейдің өзін айыптады. «2014 жылы Қырымды тартып алғанға дейін Ресей мен Батыс қарым-қатынасы мұндай жағдайға жетеді деп ешкім бол­жамаған. Ресей басшылығы бүгінде бейбіт, бітімгершілік стратегиялардан тегіс бас тартқан сыңайлы. Путин мырза әлемдегі Ресейдің орны үшін экзис­тен­циалдық күрес жүруде деп санайды. Ол соғыс уақы­тындағы категориялар тұр­ғысынан ойлап, шешім қабылдауда. Онда өзге елдерге, соның ішінде Батысқа тек әртүрлі жолмен қорғану қажет болса, қарсы шабуыл ұйымдастыру ғана қала­ды», – дейді University College London профессоры, британ саясаттанушысы Марк Галеотти. Сарапшылар алда Джо Байден мен Владимир Путиннің келешектегі кездесуін күтіп отыр. Ол келіссөздер ширығып бара жатқан үрейлі оқиғалар желісін үзіп, қа­рым-қатынасты жақсарту үшін жаңа бетбұрысқа өріс ашуы мүмкін. Болмаса тайталас одан ары ушыға бермек. Онда Ресей – Батыс қатынастары тұйыққа тіреледі. Тұйыққа тірелсе, шегінерге жер қалмаса, тіпті аңдардың да көзіне қан то­лып, айрықша ашуға булығатыны белгілі. Ал бұлар одан да жаман: ядролық дер­жавалар. Бәрін бітіммен шешкенге ештеңе жетпейді. Жаһандық саясат қантөгіске емес, адамзаттың бақуатты өміріне қызмет еткені абзал.

АйханАйхан ШӘРІП