Биыл Тәуелсіздігімізге 30 жыл толса, Қазақстан парламентаризмінің құрылғанына да ширек ғасыр толды. Қазақстанның Парламенті – елдің заң шығару қызметiн жүзеге асыратын, халық атынан сөйлейтін ең жоғары өкiлдi орган.
VII шақырылымдағы Парламенттің Мәжілісінде 2021 жылғы 14 қаңтарда «Nur Otan» партиясы фракциясының алғашқы отырысы өтіп, жиынға партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, фракцияның тиімділігін арттыру тұрғысында бірнеше міндет жүктеген болатын. «Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы қолға алынған барлық реформаның заңды жалғасы екені даусыз. Осы бағдарлама аясында еліміздің барлық өңірінде жергілікті атқарушы орган өкілдерімен бірлесіп Жол картасы жасалды. Бұл Жол картасында халықтың бақуатты өмір сүруі, баршаға тең мүмкіндік, әділдік, бірлік, отбасы институтын нығайту, болашаққа деген сөнбес үміт секілді бағыттар кеңінен қамтылған. Осы орайда Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі ретінде ауыл тақырыбына аз-кем тоқтала кетсем деймін. Бүгінде ел халқының 40%-дан астамы ауылда тұрады. «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев ауылдың әлеуетін барынша көтеру үшін ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға жағдай жасалатынын баса айтқан болатын. Мәселен, 3 500-ден астам ауылды жаңғырту, әрбір елді мекендерге баратын жолдар мен республикалық маңызы бар күрежолдарды 100 пайызға жөндеу қарастырылмақ. Сонымен бірге стратегиялық инвесторлардың қатысуымен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу бойынша 7 ірі экожүйе құрылмақ. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға енгізудің жаңа формалары әзірленіп, жалпы алаңын 2,2 млн гектарға дейін жеткізе отырып, 600 мың гектар жаңа суармалы жер игерілмек. Субсидиялау, осы бағыттағы жетістіктер, егістік алқаптардың жай-күйін зерделеп отыру жолдары заман талабына сай цифрлы жүйеге бағындырылмақ. Жыл сайын егістікті тиімді өңдеу үшін өсімдіктерді қорғау құралдарын сатып алуға жұмсалатын шығындардың 50%-ы субсидияланады. Ауыл шаруашылығы өндірушілерінен тек дәнді және майлы дақылдарды ғана емес, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерінің басқа да түрлерін форвардтық сатып алу көкжиегі кеңеймек. Аграрлық ғылым үшін мақсатты индикатор әзірленеді. 2025 жылға қарай ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі – 1,3 есе, АӨК-і еңбек өнімділігі – 2,5 есе, ал экспорт 2 есе ұлғайып, өңделген өнімнің үлесі 70%-ға жеткізіледі. Біз сонда өзімізді елімізде өндіретін отандық негізгі азық-түлік тауарларымен толық қамтамасыз ете аламыз. Сөйтіп, біз «ауқатты ауылдар» межесін бағындырамыз. Төрт түлігін түлетіп, егістігін жайқалтып, шаруасын өрге сүйреп отырған ауыл – береке, бүтін бір елдің асыраушысы десек қателеспейміз. Сондықтан ауыл идеологиясы ұлт пен мемлекет идеологиясының мәйегі және өркендеу түбірі болып қала бермек. Осы орайда депутат ретінде біраздан бері қызу пікірталасқа ұласып келе жатқан жер тақырыбына аз-кем тоқтала кетейін. Президентіміз шетелдіктер мен шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл шешімін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 5-отырысында жариялады. Бұл мәселеде халық та жер тағдырының ертеңіне алаңдаулы. Өз жеріміз өзгеге емес, өзімізге қызмет етсе екен дейді. Бастысы, барлығы заңды түрде игерілуі керек. Мемлекет басшысының тапсырмасымен дайындалған Жер қатынастары мәселелері жөніндегі заң жобасы Мәжілісте, содан соң Сенатта қаралып, сенаторлар Мәжіліске кері қайтарды. Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке биыл тамыз айының соңына дейін жер реформасының негізгі мәселелері бойынша түбегейлі байлам жасауды және Жер реформасы жөніндегі комиссия құруды тапсырған болатын. Қазір Жер реформасы жөніндегі комиссия Қазақстан азаматтары үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жекеменшік құқығын беру мәселесіне қатысты мораторийді тағы 5 жылға ұзарту туралы шешім қабылдады. Аталған комиссия ұсынысының негізінде арнайы заң жобасы әзірленіп, көп ұзамай Парламент қарауына енгізілетін болады. Біз халық мүддесі үшін қызмет ететін заң қабылдаймыз деп сенемін.Бекқали ТОРҒАЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі