Қайта қаржыландыру: Банк қызметкеріне алданған отбасы далада қалуы мүмкін
Қайта қаржыландыру: Банк қызметкеріне алданған отбасы далада қалуы мүмкін
216
оқылды

Олардың айтуынша, менеджер несиені арзан пайызбен рәсімдеуге уәде еткен. Бірақ сөзінде тұрмай, несиені жоғары пайызбен беріп, қарызға батырған. Бұл туралы AstanaTV хабарлады.

Аяқ астынан банкке қарыз боп шыға келген ерлі-зайыптылар енді сот жағалап жүр. Өтежан Ғұсманов үй салу үшін банктен алған 15 миллион теңге несиесін басқа бір банк арқылы бір жылдан кейін қайта қаржыландырады. Банк қызметкеріне сол кезде алдандым дейді. Менеджердің үгіттеуімен, банктен алатын 22 миллион 950 мың теңге несиені төлей алатынын дәлелдеу үшін салынған екі үйін 37 миллион теңгеге бағалап, кепілге қояды. Бірақ банк менеджері айласын асырып, осы ақшаның жартысын қалтасына басқан.

Орал қаласының тұрғыны Өтежан Ғұсманов: «Банк қызметкері бізге несиені 12% пайызбен рәсімдеймін деген. Кейін онысы өтірік болып шығып, несиені 17% бергенін  білдік. Ол  аздай, әйеліме алдап қол қойғызып, 13 миллион теңгемізді иеленіп кетті. Негізі мұндай соманы бес минутта кассадан алып, санап шығу мүмкін емес. Бір қызығы, кассирдің өзі: «Түбіртектегі менің қолым емес», – деп мойындамады. Яғни, банктің қызметкерлері бір-бірімен сыбайлас екенін аңғару қиын емес», – дейді.

Аңғалдықтың кесірінен ерлі-зайыптылар банкке 24 миллион теңге қарыз боп қалды.  Олар алданғанын төрт жылдан кейін ғана білген. Несиені рәсімдеген банк менеджері болса іле-шала Америкаға көшіп кеткен. Ал Ғұсмановтардың  баспанасы банкте кепілде тұр. Егер банк үйді тартып алса, олар бала-шағамен далада қалуы мүмкін.

Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасы: «Азаматша Зәуреш Ғұсманованың «ЦентрКредитбанк» қызметкерлеріне қатысты арызын тексере келе қылмыстық құрам жоғы анықталды. Өйткені тергеу материалдарына сай, банктік операциялардың бәрін азаматша Ғұсманованың өзі жасағаны анықталды. Сондықтан бұл іс сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестрінде тіркелген жоқ. Полиция да осындай шешім қабылдады», – деп мәлімдеді.

Банк те  несие құжаттарын көрсетпей отыр дейді қариялар. Шындық іздеген ерлі-зайыптылар құзырлы органдардан  істі қайта қарауды  сұрайды.