Қырғыз-тәжік қақтығысына кім мүдделі?
Қырғыз-тәжік қақтығысына кім мүдделі?
354
оқылды

Көршілер арасындағы жанжал Орталық Азия үшін төбеден жай түскендей әсер қалдыратын жаңалық емес. Бұған дейін де жер мен суды қырғыз бен өзбек, қырғыз бен тәжік халқы бөле алмай, ауыл арасында талай тас атысып, шекісіп қалған. Оқ атқан кездері де болған. Алайда бұл жолғы жағдай басқа. Ауыр қару түрлері қолданылды. Сан кісінің өмірі қиылды. Бұл аяқасты туған кезекті жер дауы ма, әлде алдын ала жоспарланған саяси шара ма?

Жалпы, Орталық Азия, оның ішіндегі Ферғана аңғарындағы жағдай Пәкістан мен Үндістан арасындағы қатынасқа ұқсайды. Соңғыларының шекарасын Британ империясы толық анықтамай, қалдырып кеткен. Енді екі көрші Кашмир, басқа да жер үшін қыр­қысып келе жатқанына жарты ғасырдан аса уақыт өтті. КСРО тараған соң Орталық Азия да дәл сондай күй кешіп келеді. Өйткені Кеңес елінде ішкі шекаралар толық анықталмаған еді. Даудың басы... Қырғыз-тәжік жанжалы 28 сәуірде басталды. Ресми дереккөздердің хабар­лауын­ша, жанжал қырғыз еліне қарасты Баткен ауданының Көк-Таш ауылындағы «Головной» су тарату пунктіндегі электр бағанына тәжік тарапы үш бейнебақылау камерасын орнатпақшы болғаннан кейін басталған. Себебі тәжік тұрғындары көктемде ауыл шаруа­­шылығы жұмыстары басталысымен қырғыз елінен келетін су көлемі күрт азаятынын айтып, шағымданған екен. Яғни, тәжік тарапы камералар арқылы су тарату пунктіндегі су деңгейін бақылағысы келген. Алайда бұл жөнінде бұрын еш келісім болмаған соң қырғыз шекарашылары камералар орнатылған бағанды кесіп тастағысы келген. Бұл екі тараптың қақтығысына әкелген. Бас­тап­қыда тұрғындар бір-біріне тас ата бастаған. Кейін шекарашылар оқ атқан. 29 сәуірде жағдай ушығып кеткен. Тәжік азаматтары қырғыз ауылындағы тұрғындарға, олардың үйлеріне, ортақ жолмен өткен көліктерге тас лақтыра бастаған. Сол күні тәжік шекарашылары Қырғыз Республикасына қарасты «Капчыгай», «Мың-Бұлақ», «Дос­тық» шекара заставаларына, «Қожогар», «Бұлақ-Баши» шекара бекеттеріне шабуыл жасаған. Тіпті, «Достық» заставасына миномет сынды ауыр қарумен шабуыл жасап, оны өртеп жіберген. Өз кезегінде Қырғыз Республикасының шекара қызметінің «Бору» арнайы жасағы тәжіктің «Ходжа Аъло» шекара заставасын басып алды. Сондай-ақ тағы бір қақ­тығыс Баткен облысына қарасты Лейлек ауданында тіркелген. Оқи­­­ғаның бы­­­лайша жылдам өрбуі қос тараптың шекара бойына басқа да әскери ауыр техниканы әкелуге себеп болды. 28 сәуірден бері қос елдің Сырт­қы істер министрліктерінің өкілдері атыс тоқтағанын хабарлағанымен, қару үні естіліп тұрды. Бұл жанжал 50-ге жуық адамның өмірін жалмап кетті. Оның арасында 12 жасар қырғыз қызы да бар. Қазіргі мәлімет бойынша, Қырғыз Республикасының 34 азаматы көз жұмған, 183 азаматы жараланған. Ал Тә­жікстанда 16 адам қайтыс бол­ған, жараланған кісі саны – 110. Мыңдаған ауыл халқы басқа жерге көшірілген. Орталық Азия елдерінде су мен жер үшін талай жанжал болғаны есімізде. Шекаралардың толық шегенделмеуі, өзен басында отырған елдердің су көлемін құбылта қолдануы көбіне осындай қақтығыстарға әкеледі. Мәселен, Қырғыз Республикасы мен Тә­жікстан арасындағы 900 шақырымдық шекараның 30 пайызының әлі мәртебесі анықталмаған. Сондықтан Ферғана аңғарындағы Ворух, Шахимардан, Сох сынды анклавтар мен эксклавтар даулы мәселе болып есептеледі. Алайда сондай-ақ бұл өңір тұрғындарының басым көпшілігінің жұмыссыз екенін де ұмытпаған жөн (халықтың 60 пайызы жасы 30-ға жетпеген жастар). Бұл фактор этносаралық қақтығыстарға, есірткі тасымалына ұтымды жағ­дай жасайды. қырғыз-тәжік Жанжалға кім мүдделі? Екі ел арасында болған жанжалдың себептерін жаздық. Ал енді бұл мәселеге саяси тұрғыдан қарап көрелік. Ең бірінші, аталған жайт тек екі мемлекеттің ғана емес, бүкіл Орталық Азияның имиджіне кері әсер еткен оқиға болды. Жиі революция, қарулы қақтығыс болатын аймаққа шетелдік инвестицияның келуі өте қиын. Екіншіден, «бұл жан­жал аяқасты туды дегеннің өзінде оған кім мүдделі еді?» деген сұрақты да қойып керелік. Қысқа жауап – былтыр ғана билікке келген Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаровқа керек емес екені белгілі. Ол Қазақстан, Өзбекстанға сапар шегіп, барлығымен қарым-қатынасын түзеп келеді. Енді тәжік елімен тайталасу оған абырой әкелмесі анық. Оған қоса, жанжал туған күні қырғыз елінің саяси басшылығы Бішкекте болмаған. Қырғыз Мемлекеттік Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қамшыбек Ташиев белгісіз елде емделген. Премьер-министр Ұлықбек Марипов Қазан қаласында іссапарда болған. Ал Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Душанбеде мемлекетаралық жиын­­ға қатысқан. Яғни, негізгі шешім қабылдаушы шенеуніктер шетелде жүрген. Сарапшылар бұл қақ­ты­ғысқа Тәжікстан мүдделі болуы мүмкін деген әлсіз болжам айтады? Неге? Тәжік факторы. Аталған болжамға бірнеше фактор себеп болып отыр. Жақында ғана, 7 сәуір күні Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон қырғыз жерінің «құшағында» қалып қойған тәжік анклавы Ворухқа барған және тұр­ғындарға Ворухтың ешкімге бе­рілмейтінін мәлімдеп кеткен. Бір қызығы, Рахмон бұл өңірге өте сирек барады. Бұдан басқа, қарулы қақтығыс басталған сәтте-ақ шекара бойына тәжік қарулы күш­терінің ауыр техникасы жылдам жете қойған. Яғни, олар жа­қын қашықтықта болған. Әдетте бейбіт елдер ауыр техниканы ше­­­­­­­карадан алыс ұстайды. Ендеше тәжік тарапы шабуылға дайын болды деген күдік туады. Бұл саяси нұсқа шындыққа сәл-пәл жақын десек те, кезінде азаматтық соғысты бастан кешірген, соғыстың бар трагедиясын көрген Тәжікстан оған неге мүдделі деген басқа сұрақ қоюымызға тура келеді. Сарапшылар 1994 жылдан бері ел басқарып отырған президент Эмомали Рахмон бірнеше мақсатты көздейді деген пікірде. Соның бірі – 27 жыл бойы билік тұтқасын бермей отырған авторитар басшының халық арасында кеміген абыройын көтеру. Сыртқы жау образын ойлап тауып, оған қарсы халықты жұмылдыру. Кіші де болса, жеңіске жеткенін көрсету. Былтыр ғана сайлауда бесінші рет қатарынан жеңіске жетсе де, рейтинг, имидж деген факторлар Рахмонға да қажет. Бұдан бөлек, күш көрсете білген тә­­жік тарапы алдағы келіссөздерде сөзі өтімді болуы бек мүмкін. Тіпті, Ворух анк­лавын негізгі территориясына қосқысы да келетін шығар. Әрине, бұл болжам ғана. Дегенмен тіпті адам шығынына қарасақ та, қырғыз тарапы қақтығыстан гөрі шабуылға ұшырағанын байқау қиын емес. 2-3 күндік жанжалдан соң қос ел басшысы кездесіп, ортақ мәселелерді шешуге уағдаласты. Садыр Жапаров «жапа шексе де», Душанбеде жолығуға келісімін берді. Осыдан-ақ оның жанжалды барынша жылдам шешуге мүдделі екенін көруге болады. Көрші­лердің көңілі жараспағанына Қазақстан, Өзбекстан алаңдады, алыстағы Түркия араағайындық жасауға дайын­быз деді. Ресей, Иран мәмілеге шақырды. Сөз соңында. Бұл қақтығыс бірнеше қорытынды жасауға итермеледі. Алдымен, Орталық Азия елдерінде КСРО-дан мұра болып қалған шешілмеген мәселе сан алуан. Бұл аймақты тұрақсыз етеді. Саяси мәдениеттің төмендігі ме, бір «ұшқын» кез келген уақытта үлкен «өртке» ұла­суы мүмкін. Ал Ресей бастамасымен құрылған әрі бұл өңірдің елдері мүше Ұжымдық қауіпсіздік ке­лісім ұйымы әлі де әлсіз одақ екен. Сыртқы фактор түгілі ішкі қауіпсіздік мәселесін де шеше алмады.

БайғараНұрмұхамед БАЙҒАРА