Қырғызстанда тағы бір қызды ұрлау сәті видеоға түсіп қалды
Қырғызстанда тағы бір қызды ұрлау сәті видеоға түсіп қалды
326
оқылды
Қырғызстанда тағы бір қыз ұрланды. Жәбірленуші 26 жастағы Изат Курбанова. Оның туыстары милицияға арыз түсірген, - деп хабарлайды Sputnik Қырғызстан. Басылымның хабарлауынша, қызды Бішкек маңындағы Лебединовка ауылынан сағат шамамен 23:00-де белгісіз біреулер ұрлап әкеткен. Ұрлау сәті видеоға түсіп қалған. Милицияға Изаттың әпкесі шамамен 02:00-де арыз түсірген. Ол белгісіз біреулер Toyota Estima маркалы автокөлігіне қызды мәжбүрлеп отырғызып, алып кеткенін айтқан.
ІІББ өкілдері сотқа дейінгі іс жүргізу басталғанын және күдіктінің жеке басы анықталғанын айтты. Оның тұрғылықты жері анықталып, милиция қызметкерлері жіберілген.
Sputnik Қырғызстан тілшілері ұрланған қыздың туыстарымен сөйлескен. Олардың айтуынша, қыз әлі табылған жоқ, бірақ "күйеу жігіттің туыстары" келген.
"Оның қайда екенін әлі білмейміз. Бірақ жігіттің туыстары келіп, қыз "алып қашу" рәсімінен кейін тұрмысқа шығуға келіскенін айтты. Ата-анасы бұнымен келіспеді және қызымен сөйлесуді талап етіп  отыр", - дейді туыстары.
Милиция қызметкерлері кейінірек толық ақпарат беруге уәде берді. Қырғызстанда қызды некеге тұру мақсатында ұрлау қылмыс болып есептеледі. Бұған дейін Бішкекте жігіт қызды ұрлап әкетіп, өлтіріп, кейін өзіне қол салғанын жазған болатынбыз.