«ҚТЖ-Жүк тасымалы» рекорд орнатты
«ҚТЖ-Жүк тасымалы» рекорд орнатты
425
оқылды
«ҚТЖ-Жүк тасымалы» акционерлік қоғамының бас директоры Қайрат Сауырбаев брифинг өткізіп, 2019 жылғы тасымал қызметінің қорытындысы жа­йында жан-жақты ақпарат берді. Мәселен, былтыр қазақстандық теміржол желісі бойынша 255 млн тонна жүк тиелген. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 261 мың тоннаға артық.

– Бұл – соңғы алты жылдағы рекордтық көрсеткіш. Тиелген жүктің үштен бір бөлігі, яғни 82,5 млн тоннасы экспортқа жөнелтілді. Акционерлік қоғам­ның негізгі қызметінен түскен табыс 2019 жылы 930 млрд тең­геден асты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8 пайыз көп, – деді Қайрат Сауырбаев.

Брифинг барысында жүк та­сымалдау көлемі 2018 жылы хи­миялық тыңайтқыштар, те­мір, түрлі түсті рудалар, құры­лыс материалдары мен мұнай­дың есебінен өскені айтылды. Қ.Сауырбаев ұлттық тасы­малдаушы тұрғындар мен ком­муналды-тұрмыстық кә­сіпо­рын­дарға көмір мен астық сияқ­ты әлеуметтік маңызы бар жүк­терді тасымалдау жоспарын жыл сайын толық көлемде орын­дайтынын атап өтті. Ол үшін вагондар да жеткілікті екен. – Тасымалдаушы мен қазақ­стандық вагон иелерінің, атап айтқанда, «Қазтеміртранс» АҚ мен «Астықтранс» АҚ көмір мен астық тасымалына қатысты өтініштер­ді 100 пайыз орындады, – деді ол. Бас директор 2020 жылы қан­дай бағытқа басымдық бе­ріле­тінін де тілге тиек етті.

– Биыл ҚХР темір рудасын, астық пен бұршақ дақылдарын, Орталық Азия елдеріне бағыт­тал­ған құрылыс жүктерін, цементті экспорттау және транзит өсімі есебінен тиеу көлемін 2,5 пайыз арттыру көзделіп отыр. Қазақ­стандық көмірді Өзбекстанға және ҚХР арқылы Оңтүстік-Шы­ғыс Азияға тиеу артады деп жоспарлануда, – дейді Қайрат Сауырбаев.

Сондай-ақ оның айтуынша, компания отын шығынын 51 млн тоннаға азайтқан. Бұл көрсеткішті ақшалай санасақ, 10,7 млрд теңге үнемделгенін байқаймыз. Қазақстан аумағында тасымал құжаттарының 94 пайызы қағаз­сыз технология бойынша рәсім­делген. Жалпақ тілге көшірсек, 10 мыңнан астам келісімшарт электронды ақшамен есептелген. Сондай-ақ Қытай, Әзірбай­жан, Қырғыз теміржол әкімші­ліктерімен электронды мәлі­мет­тер алмасу туралы келісімге қол қойылған. Экспорттық-импорт­тық қатынаста қағазсыз техно­логияның интеграциясы ары қарай да жалғаса бермек.   Ерсайын БАҒДАТ