Былтыр Қазақстанның ет экспорты 60 мың тоннаға жетті. Бұл ел Үкіметінің неше жылдан бері жоспарлап, мақсат қоя отыра жеткен жетістігінің бірі. Әйтсе де, ет экспорты туралы әңгіме шыққалы қоғамда қайшы пікірлер де айтылып жүр. Соның бір парасы экспорт көлемі ұлғайғалы ішкі нарықта ет құны қымбаттап кеткені хақында. Ал ресми деректе өндіріс ішкі қажеттілікті 103%-ға қамтып отырғаны көрсетіледі. Олай болса, базардағы бағаның ай сайын көтерілуінің мәнісі неде? Осы және өзге де сауалдармен «Қазақстанның Ет одағы» бірлестігінің төрағасы Асылжан Мамытбековті әңгімеге тарттық.
– Асылжан Сарыбайұлы, таяуда Ауыл шаруашылығы министрлігі ет экспортына, оның ішінде тірі мал экспортына шектеу енгізуді қарастырып жатқанын жариялады. Осы жаңалыққа өзіңіз басқаратын «Ет одағы» бірлестігі қарсылық танытып, брифинг өткізді. Экспортқа шектеу қандай проблемалар туындатуы мүмкін?
– Брифинг өткізгендегі негізгі мақсатымыз жалғыз сіз айтқан мәселені талқылау емес еді. Мақсатымыз – ет экспорты бойынша жоспарланған межеге жеткенімізді жұртшылыққа жария ету болды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев кезінде экспорт бойынша тапсырма беріп, сыртқа 60 мың тонна ет өткізу керегін жүктеді. Біз сол межеге жеткенімізді айтқымыз келді. Ол брифингке министрдің өзін де шақырдық. Бірақ ол кісі келе алмады. Министрлік өкілі ретінде мал шаруашылығы бойынша департамент директоры ғана келді. Өкінішке қарай, брифингке жиналған БАҚ тілшілерінің көбі аталған жоспарға жеткеніміз туралы ақпаратқа аса көңіл бөлмей, негізінен министрлік шешіміне біздің одақтың қарсылығы жайлы, екі ортада текетірес болып жатыр дегендей материалдар жариялап, солай таратты. Жоқ, біздің арамызда ешқандай тартыс жоқ, тек пікір қайшылығы ғана. Салаға жаны ашитын адам ретінде, маман ретінде әрқайсысымыз ойымызды ашық айта білсек, оның несі айып?
– Бірақ сіз айтып отырған меже 2016 жылы орындалуы керек еді ғой.
– Әрине, дәл уақытында жете алмауымыздың бірқатар себебі бар. Меніңше, бұл жерде ең бастысы қашан, қандай көлемде жеткенімізде емес. Бұл жердегі басты мәселе жалпы, біз осы саланы дұрыс жүйеге салып, көзін тапқанымызда болып отыр. Өйткені жылдар бойы оның көзін таппай келдік. Мәселен, 2011 жылы ет экспортының көлемі 0-ге тең болатын. Алатын да ел болған жоқ және сыртқа сататын өнім де жоқ еді. 60 мың тонна деген көлем ертең ойыншық болып қалады. Біз бұл межеден еселеп артық экспорттауымыз мүмкін. Мамандардың есебі бойынша, Қазақстанның экспорттық мүмкіндігі жылына 2 млрд доллар немесе 400 мың тонна сиыр еті көрсеткішіне тең. Қазір 7 млн бас ірі қара бар, біздің республиканың 17 млн бас ұстауға әлеуеті жетеді. Иә, ол көлемге жету ішін әлі неше жыл табан аудармай жұмыс істеуіміз қажет.
Ал кешіккен себептерге келсек, біріншіден малдың саны ойлағаннан әлдеқайда аз болып шықты. Қағаз жүзінде бар 6 млн бас ірі қараның 25%-ы 2011 жылы өткізілген идентификацияның қорытындысы бойынша жоқ болып шықты. Әрине, мұндай жаңалық кестемізге өзгеріс енгізді. Екінші басты себеп ол жобаның іске асыру тетіктерін – кішігірім фермерлерге малдың аналық басына субсидия берілуіне жол ашуға, ветеринария саласын өзгерту үшін және тағы басқа іс-шараларды жүзеге асыру үшін бірқатар заңдарға өзгеріс енгізуді талап етті. Оған екі жылдан аса уақытымыз кетті. Осылай жұмыс кестеміз кері ысырыла берді. Өте көп энергиямыз бен уақытымыз бұл жоспарға, межеге жете алатынымызды дәлелдеуге кетті.
Бірақ оның бәрі артта қалды, қазір ең бастысы – біз бұл межеге жеттік, жеткенде де артығымен жеттік және тағы айтарым, біз осы саланы жүйеге салып, көзін тапқанымызда болып отыр.
– Сіз айтқан мәліметтерге назар аударсақ ет экспорты мүлдем болмаған сияқты ғой...
Ал енді өткен жолымызға қайыра көз салсақ, онда біз бастаған нүктеміз, стартымыз өте төмен болғанын көре аламыз. Ол кездегі жағдайды мынадай қысқаша фактілермен сипаттауға болатын. Экспорт мүлде болмаған. Малдың саны аз (шамамен 4,5 млн ірі қара мал), оның сапасы, генетикалық деңгейі өте төмен болды. Мысалы, елімізде ірі қараның орташа сойыс салмағы 154 кг ғана болған (стандарт 220 кг). Асылтұқымды малдың саны жалпы мал басының 3-ақ пайызын құраған. Қазақтың ақ бас сиырының жағдайы шығарылған эталоны сапасының 44%-на ғана сәйкес болды. Демек, 56% өзінің қасиетін жоғалтып алған. Етті бағыттағы тауарлы малды ұстайтын фермерлер жоқтың қасы. Малды ұстау, оны бордақылау технологиясы тиімсіз еді. Кеңес дәуірінен қалған. Мал санының көпшілігі (ІҚМ-дың 82%) жеке үй шаруашылығында болатын.
Біздің ветеринария саласындағы жағдайымыз өте төмен деуге келетін. Есіңізде болса, сол кездері жыл сайын 10-15 рет аусыл ауруы тіркеліп, карантинге жауып жататынбыз. Аусыл індеті – ет импорттаушы елдерге үлкен қауіп. Себебі ол тез тарап, тез жұғады. Ауа арқылы, малдың сілекейі арқылы беріледі. Былайша айтқанда, екі-үш күнде 30-40 шақырымға дейін тарап үлгеретін індет. Дәл сол жағдайда экспорт түгіл, ірі қараның басын аман сақтап қалу проблемасы туындады. Міне, дәл осы жағдайда жоғарыда айтқан экспорттық әлеуетті арттыру жобасын бастадық.
Жылына 60 мың тонна ет экспорты деген – Қазақстанның ұзақ уақыттан бергі көздеп, қол жеткізген табысы. Демек, жаңа сала қалыптасып, халықаралық стандартқа сай дами бастады. Қазіргі жағдайды қысқаша сипаттасақ: 2019 жылдың қорытындысы бойынша ет экспорты 63 696 тоннаға жетті (оның ішінде сиыр еті 41,2 мың тонна, тірі малды қосып есептегенде). ІҚМ-дың жалпы саны 7,5 миллионнан асты, оның 3,4 млн басы ұрғашы мал. Осы сиырдың 1,3 миллионы асылдандыру жұмысымен қамтылып отыр (бұл санның күнделікті артып жатқанын sybaga.kz сайтынан көре аласыздар). Асылтұқымды малдың саны жалпы мал санының 10 пайыз деңгейінен асты. Тауарлы малдың генетикасы жақсарып, орташа сойыс салмағы 175 кг-ға жетті. Таза етті бағытта жұмыс істейтін фермерлердің саны 25 мыңға жуықтап қалды. Кәсіби түрде бизнеспен айналысатын фермерлердің мал саны артып, 50%-ға жетті. 3 мың, 5 мың, 20 мың малды бірден бордақылайтын алаңдар жаңадан салынды. Ветеринария саласы түзеліп, аусыл ауруын жеңдік, экспортқа жол ашылды.
– Сонда бізде аусыл ауруы жойылды деген сөз бе?
– Қазір аусыл шықты дегенді естіп жатырсыз ба? 2013 жылдан бастап елімізде аусыл тіркелген жоқ. Әрине, сиыр малының басқа бір аурулары кейбір өңірлерде кездесіп қалады. Мәселен, бруцеллез, сібір жарасы деген аурулар бар. Күйдіргінің шығып кететіні бізде олардың жүздеген ошағы бар. Ал олардың спорасы, бактериясы 100 жылдап өлмейді. Жабайы жануарлар арқылы тарайды, кейде судың ағынымен де ашылып кетеді. Бірақ оның таралу жылдамдығы аусылға қарағанда бәсең жүреді. Зардабы ауыр болғанымен оны дер кезінде тоқтату қиын емес. Аусыл ауруы өте қорқынышты. Аусыл тіркелген елден импорттаушы мемлекеттер ештеңе сатып алмайды.
– Бұл қазір біздегі ветеринария саласы жетілді дегенді білдіре ме? Аусылдың көзі жойылуына не әсер етті?
– Әрине. Көп адам оның байыбына бармайды. 2011 жылы ірі қара малдың 82%-ы қосалқы үй шаруашылығында, яғни жеке қораларда болды. Ауылдарда мүлдем ветеринарлық пунктер мен стансалар болмады. 2007 жылдан бастап бәрі жабылды.
– Не себепті?
– Себебі сондай реформа өткізілген. 2007 жылы реформа бойынша орнына «жекеменшік ветеринарлар келіп, өздерінің пункттерін, стансасын ашады, қызмет көрсетеді» деген идеямен республикадағы барлық мемлекеттік ветеринарлық стансалар мен пункттер жабылған болатын. Бір сөзбен айтқанда, ауыл ветеринарсыз қалды. Сәйкесінше, мемлекеттік тапсырыс жарияланған. Яғни, кім осы ауылға, ауданға ветеринарлық қызмет көрсетеді деп мемлекет ұсыныс жариялайтын. Бірақ ол реформа өзін ақтамады. Неге дейсіз ғой?
– Иә…
– Жеке ветеринарлық қызмет көрсетушілерде аса жауапкершілік болған жоқ. Ол мемлекеттік қызметкер емес, еш жерде штатта тұрақты түрде тұрмаған. Қаласа шалғайдағы ауылға барады, қаламаса аудан орталығында ғана жұмысын істеп кетеді. Келді, сиырдың қанын алды, екпесін салды, Актіге қол қойдырды, болды. Осынша қан алдым, осынша диагностика жасадым деп. Нақты ауылды мекендегі ветеринарлық жағдай бойынша жауапкершілікті мойнына алатын, оны қадағалап, күнделікті жұмыс істейтін маман қалмады. Нәтижесінде, жылына 10-15 рет аусыл ауруы тіркеліп тұрған.
Бізде Халықаралық эпизоотиялық бюро (ХЭБ) тарапынан статус болмады. 2013 жылы заңдарға өзгеріс енгізіп, ветеринарлық станса, пункттердің барлығын қалпына келтірдік. Материалдық техникалық базасын жабдықтадық. Жалпы, эпизоотиялық бақылау мемлекет міндетінде болуы қажет. Бұл мал шаруашылығы әлеуеті үлкен ел үшін стратегиялық жоспар. Себебі айттым ғой, сиырдың 82%-ы жекенің қолында болды.
Жоғарыдағы «реформаторлар» ветеринарлық қызметтің ақысын жеке үйінде мал ұстайтын адамның төлей алмайтынын ескермеген. Ол қызметті төлеуге сол кезде тек ірі шаруашылықтар, бизнестің қабілеті жетті. Ойлаңызшы, қай зейнеткер ветеринарға малын жетектеп апарып, ақысын төлеп екпе салдырады. Ал ондай жеке ветеринардың қызметіне ақы төлей алатын бизнестің саны өте аз болды. Сондықтан жеке ветеринар ауылға кеңсесін ашып, инструмент, құрал-жабдығын алып істеуге мұршасы келмейтін. Сол сияқты жекеменшік қызмет көрсететін ветеринар да түкпірдегі ауылға барып, әр үйді аралап жүрмейтіні анық. Нәтижесінде, ауру ошағы көбейіп, жағдай асқынып кетті.
Оның барлығын қайта қалпына келтірдік. Әр ауылда тұрақты түрде жұмыс істейтін, жұмысына жауап беретін ветеринар қызметі пайда болды. АШМ-дегі Мемлекеттік инспекция құрамынан арнайы мамандандырылған мемлекеттік ветеринария инспекциясы комитеті ашылды. Заңда ветеринария қызметін бұзғаны үшін жауапкершілік күшейтілді.
Малдың идентификациялау жұмысын толық жүргізіп, вакцина және де басқа бюджеттен алынатын препараттардың сапасына қойылатын талапты күшейтіп, оны егуді қадағалауға көңіл бөлдік. Осы жұмыстың бәрі оң қорытындыларын бере бастады. Қазір Қазақстан ХЭБ-тің аусыл ауруы бойынша таза ел деген статусын алды. Ол бюроның қызметіне 180 ел жүгінеді. Біз сол статусқа қол жеткіздік.
– Малды асылдандыру, асылтұқымды ірі қара санын көбейту сіз министр болып тұрған кезде қолға алынды. Бұл жоба туралы кезінде көп әңгіме айтылды. Әлі де айтылып қалады. Тіпті, шетке кетіп жатқан тірі мал экспортына қатысты да шу осыдан шыққан секілді. Бірқатар ақпарат құралы Ет одағы мен министрліктің арасында «ақпараттық соғыс» басталды деген сыңайда жазды. Сіз кезінде өзіңіз бастаған асылдандыру жобасына қарсы шығып отырған жоқсыз ба?
– Әрине, егер сіз де газетке дәл осылай «ақпараттық соғыс» басталды деп жазсаңыз, ол ақпарат қоғамға тез таралады. Мен оны түсініп отырмын. Енді өз ойымды айтайын. Ең біріншіден аналық мал экспортталып жатқан жоқ. Оған тыйым салынған, оны біз де қолдап отырмыз. Тек еркек мал сатылып жатыр.
– Оған қандай дәлел бар? Ұрғашы малдың сыртқа кетіп жатпағанына?
– Сізге қандай дәлел керек? Бүкіл мал басына идентификация жасалынған. Барлығына сырға салынып, паспорт жасалып, электронды базаға енгізілді. Шекарада ветеринариялық бекеттер бар, қатаң бақылауда. Бұл – бір. Екіншіден, асылтұқымды малды шекарадан асырмақ түгіл, әкелінген соң 3 жыл ішінде Қазақстанның өз ішінде сатуға рұқсат жоқ. Егер үш жылға жетпей сатып жіберсе, фермер мемлекеттен алған субсидиясын, қосымша құн салығынан босатылған жеңілдігін өтеуге міндеттелген. Ондай тыйым тұрғанда қандай шаруа көзсіз шығынға барады?
Оның үстіне асылтұқымды малдың бағасы өз ішімізде қымбат. Импорт ұсынған құннан әлдеқайда жоғары. Олай болса, фермерге ішкі нарыққа сатқан тиімді емес пе? Оны нарықтың өзі қадағалайды.
Үшіншіден, асылтұқымды сиыр мен бұқадан туған бұзау бәрі асыл болмайды. Жоқ дегенде 30% асылтұқымды ретінде ары қарай көбейтуге жарамсыз болады, ол ғылымда дәлелденген норма. Осының барлығын біліп отырған фермер қолдағы асыл тұқымын жоғалтқысы келмейді, ол етке өткізсе жарамсызын, тауарлы малын жібереді. Оған қосымша аналық бастың өмір сүру мерзімі 10 жыл деп саналады. Демек, жыл сайын 10% сойылып етке өткізіліп отыруы керек. Оған қоса, мертіккендері бар, аяғын сындырып алады дегендей, ол тағы 5% көлемінде. Егер осының барлығын сыртқа шығармай, ет өңдейтін өндірісімізді дамытайық деп арзан бағамен шектеп қойсақ, ол дұрыс па? Малдан түсетін түсім төмендейді де, шаруа төрт түліктің басын азайта бастайды. Содан соң, керісінше малдың саны азайып, бағасы күрт өседі. Ал оны ешқандай шененунік төмен түсіре алмайды. Ол экономиканың заңы. Басқаша айтқанда дамытамыз деп мүлдем импортқа душар боламыз. Артық қыламыз деп тыртық қылмайық, дегім келеді. Сондықтан мұны әкімшілік шектеумен емес, экономикалық жолмен реттеуіміз қажет.
– Ауыл шаруашылығы министрлігі таратқан деректе былтыр Қазақстаннан 156 мың бас сиыр сыртқа сатылғаны, оның 78% (121,6 мың бас) Өзбекстанға, 14% -ы Арменияға экспортталғаны айтылды. Әлеуметтік желілерде «Өзбекстан мал басын көбейтіп, Қазақстанмен бәсекеге түседі» деген де пікір айтылды.
– Бұл жерде бір нәрсені түсініңіз. Өзбекстан да, Қырғыз Республикасы да бізбен бәсекелес бола алмайды. Айтып өткендей, оларға союға арналған еркек малды сатып алып отыр. Оны қайтіп көбейтеді? Одан басқа олар табиғи климаттық жағдайы, жер көлемі мал шаруашылығы бойынша үлкен әлеуетке ие емес. Сұраныстың өсуі көрші мемлекеттерде сатып алу қабілетінің артуынан туып отыр, яғни өзбек ағайындар етті көбірек тұтына бастады деген сөз.
– Асылжан Сарыбайұлы, сіз министр болған кезеңде елімізге қанша асылтұқымды ірі қара әкелінді және оған қанша қаражат жұмсалғанын айта аласыз ба?
– Айтайын. Мен Ауыл шаруашылығы министрі болған 2011-2016 жылдар аралығында Қазақстанға 56 мың 183 бас әкелінді. Оның 40 мыңдай басын жеткізуге «ҚазАгро» қоры несие берсе, 20 мыңына жуығын бизнесмендер өз қаржысына әкелді. Әкелінген сиырдың 99,9%-ы ұрғашы мал. Ол қазір өсіп, көбейіп, саны 300 мыңнан асты. Шетелден жеткізілген мал басы ет үшін емес, малдың тұқымының сапасын жақсарту үшін әкелінген. Тауарлы сиырларды асылтұқымды бұқалармен будандастыру арқылы төлдің сапасы артты. 2011 жылы ірі қараның сойыс салмағы 154 келі болса, қазір 175 келіге жетті. Бұл жетістік емес пе?
– Онда неге сіздің жұмысыңызды сынаушылар көп?
– Міне, жұмыс нәтижесін мен сізге айтып, көрсетіп отырмын. Ал неге сынайтындарға мен жауап бере алмаймын. Оны өздерінен сұрап көру керек шығар… Бір ғана мысал айтайын, бізде аусылға буферлі аймақ бар. Шығыс Қазақстаннан бастап Қызылордаға дейін. Өйткені осы аймақтағы көршілес елдерде оның ошағы түгел жойылған жоқ. ХЭБ-тың қорытындысы бойынша қажетті, біздің аумақтағы болған вирусқа сай вакцина сатып алдық. Оны Ресейдегі кеңес заманынан істеп тұрған мемлекеттік кәсіпорыннан алдық. Оған дейін арзан әрі сапасыз вакцина салып келген ұйым, мекемелердің жұмысын шектедік, былайша айтқанда жолын кестік. Ал олардың артында қанша мүдделес адамдар, топтар тұрғаны анық, ондай талап кімге ұнасын? Жұмыс барысында кездескен келеңсіздіктерді, проблемаларды шешу үшін қатал шешім қабылдасаң, бір топтардың көлденең табысын тоқтатсаң, әрине сенен өткен «атышулы шенеунік» жоқ. Маған дейін министрлікті 14 азамат басқарған. Олардың кейбіреуіне ұқсап, мен де көп нәрсеге көз жұма қарап, тыныш отыра берсем, менен жақсы министр болмас еді.
– Таяуда, Facebook әлеуметтік желісінде еліміздегі ет комбинаттарының жұмысы, шұжық сапасы туралы сынап жаздыңыз. Қандай негізге сүйендіңіз?
– Рас, біздегі ет комбинаттары өзінің толық қуатын іске асырмай отыр. Шамамен 57% ғана жұмыс істеп тұр. Шикізат жоқ дейді. Шикізат қалай жоқ? Ол іштегі қажеттіліктен артылып, сыртқа шығып жатыр ғой. Бұл жерде асқынып тұрған басқа мәселе бар. Ет комбинаттары, цехтар фермерлерге импорттаушылардан төмен баға ұсынып отыр. Ал қожалық иесі малын жоғары бағаға өткізгісі келеді, оған құқығы бар ғой. Ол да неше жылғы еңбегінің жемісін көріп, пайда тапқысы келеді. Неге біздің тауар өндірушілеріміз ондай баға бере алмайды? Бұл жерде шикізаттың бар-жоқтығындағы мәселе емес. Проблема бәсекеге қабілеттің төмендігінде. Малды сыртқа сату оңай жұмыс емес, оның тасымалдап, жеткізу құны бар, қаншама құжат жинайды. Жолда ол мал салмағын жоғалтады. Оның да бейнеті бар. Экпорттық келісімшарт жасау, валюталық баға айырбасы тәуекелі бар. Теңгені өзбектің валютасына ауыстырудың қаншалықты тәуекелі барын білесіз. Егер ет комбинаттары бәсекеге қабілетті болып, фермерге жоғары баға ұсынса, сонда ішкі нарыққа сату шаруаға әрі пайдалы, әрі ыңғайлы болатын еді. Тауар өндірушілер өнім сапасын жақсартып, шетелге дайын өнім сатса, біз қуанамыз. Шикізат сатқаннан дайын өнім сатудан көп пайда түсетіні бәріне белгілі.
2011 жылға дейін мүлдем ет экспорты болмағанын айттық қой. Ол кезде ет комбинаттардың жүктемесі 50%-ға да жетпейтін. Қазір 57%. Демек, мал экспорты артса да, ет өңдейтін кәсіпорындардың жүктемесі өсіп отырғаны байқалады. Иә, оны 90-100-ге жеткізу керек. Мемлекет импортталатын тауарлардың сапасын, техникалық регламентін қадағаламайды. Ондай орган жоқ қазір. Мысалы, дүкенге барасыз. Шұжықтың келісі 800-1000 теңге көлемінде. Ал еттің келісі 2000 шамасында. Техникалық регламент бойынша шұжықтың 90% ет болуы керек. Онда неге арзан? Демек, оның құрамында еттен басқаның бәрі бар, ет аз. Міне, сізге өнім сапасы. Сол үшін оған шұжық емес, ет өнімдері және өзге де қоспа қосылған өнім деп жазу керек қой. Тұтынушыны неге алдайды? Оны қадағалап, оған бас ауыртып жатқан ешкім жоқ. Мұндай жағдайда отандық ет өндірушілер қалай заңсыз бәсекеге төтеп бере алады? Әрине оның сапасы жақсы болғанмен, аты бірдей қымбат өнімін аз сатып алатын болады. Алдымен осыны шешу керек. Ал біз фермерлер малын экспортқа сатып, шикізатсыз қалып отырмыз деп шулап кеттік.
Бұл саладағы проблеманың бір тобы деп алайық. Екінші топ – өндіруші саланың қаржы көздеріне қол жеткізе алмауы. Бірқатар бизнес процестердің маусымдық сипаты бар, мал сатып алу, жемшөп қорын сақтау секілді сұрақтар және ол едәуір қаражатты қажет етеді. Сондықтан өңдіруші кәсіпорындар, бордақылаумен айналысатын кәсіпкерлер толыққанды қаржымен қамтамасыз етілу керек. Егер олар уақытылы және дереу фермерден малын сатып алып, онымен есептеспесе, ол әрине шекараның ар жағынан келген сатып алушыға қарайды.
– Тағы қандай мәселе бар?
– Үшінші мәселе, бұл біздегі басқа жеңіл өнеркәсіптің дамымауы. Мысалы, Қазақстан малдың терісінен ештеңе өндірмейді. Тонды да, аяқкиімді т.б. тауардың барлығын сырттан сатып аламыз. Әрі терінің экспортына шектеу қойдық. Нәтижесі не болды? Тері өтпей, далада шашылып қалды. Егер бұрынғыдай ұқсатып сата алсақ, теріден жалпы мөлшері 10 млрд теңгедей табыс түсіп тұратын. Бұл фермерге табыс көзі ғой. Оны тоқтаттық. Ірі бордақылау алаңдары, шаруашылықтар үшін өтпей тұрған қанша теріні сақтау да шығын, оны тұздау керек. Ол да ақша. Көп теріні далаға лақтырса санэпидемстанса айыппұл салады.
Басқа елдерде малдың қаны фармацевтикалық өнім үшін өңделеді. Малдың қарнындағы азық та, қазақша бір сөзбен «қан-жын» деп айтамыз ғой, осының өзін өңдеп, биогаз, тыңайтқыш алады. Сойылған бетте қарнында қорытылмаған шөбін мал бордақылауға қоспа ретінде қосады. Малдың өті Вьетнамда 25 доллар тұрады. Асқазаны көп елде деликатес тағам түрінде бағаланады. Бір сөзбен айтқанда, сойылған сиырдан түк қалмайды. Бізде оның барлығы қоқысқа тасталады.Ондай жетістікке жету үшін үлкен жұмыс істелуі керек. Есесіне еттен өзге де өнімін іске жаратып, пайдаға кенелеміз. Ал бұл қосымша пайда фермерден тиімді бағаға сатып алу мүмкіндігіне жол ашады. Сонда ғана ол малды тірідей шетелге сатпайды.
– Ауыл шаруашылығы министрлігінің субсидияның кейбір түрін шектеу туралы жоспарына қатысты ойыңыз қандай?
– Субсидияның біраз түрін қысқартуды ойластырып жатыр. Оның көбісін қолдаймын. Себебі сол саясат бүгін ғана пайда болған жоқ, кезінде солай жоспарланған. Біз бюджет субсидиясы арқылы ғана табысқа жетпеуіміз керек. Кезінде субсидияны не үшін қолдандық? Тиісті технологияға бағыттау, ынталандыру үшін. Ол нәтижесін берді. 2013 жылы біз әр аналық сиырға жылына 10 мың теңге беруді шештік. Былай қарасаңыз фермерге аса көп ақша емес, оның жемшөп және басқа да шығынын толық ақтауға жетпейді. Дегенмен осының өзі үлкен ынталандыру болды.
– Асылжан Сарыбайұлы, «Қазақстанның Ет одағы» бірлестігі ұйымдастырған брифингте сіз етке деген ішкі қажеттілікті өз өндірісіміз 103% жауып отыр дедіңіз. Онда неге еттің бағасы қымбаттап кетті? Сондай-ақ бүгінгі күні Қазақстан шетелден қанша ет импорттайды?
– Импорт жоқ емес, бар. Бірақ 5-6 мың тонна шамасында. Жалпы, сырттан ет сатып алмайтын мемлекет жоқтың қасы. Әлемде сиыр етін ең көп экспорттайтын ел – АҚШ, жылына шамамен 1 млн 400 мың тонна сатады және сол көлемдегі етті өзі сатып алады. Себебі олар өздерінің қымбат етін экспортқа шығарып, пайда табады да, шеттен өзіндегіден төмен бағаға ет алады. Өйткені шұжыққа, консервіленген, тартылған етке тауарлы еттің аса сапалылығы қажеті жоқ қой. Оған түрлі қоспа қосылады. Балансты солай ұстайды. Ең бастысы – ішкі қажеттілікті ішкі өндірістің жабуы.
Енді мынаны қараңыз, ресми статистика дерегінше, 2017 жылдың қарашасы мен 2019 жылдың қарашасы аралығында Қазақстанда сары май – 23%, тауық еті – 25%, сиыр еті 24%-ға қымбаттаған. Сары май да, тауық еті де экспортқа шығарылмайды. Жылқы еті де сыртқа сатылмайды, ол 27%-ға көтерілген. Демек, тауарлардың қымбаттауға тек экспорт әсер етіп жатыр деуге болмайды. Бағаның қалыптасуына көп фактор әсер етеді. Ол саудада делдалдық қызметтің көп екенін, қажетті инфрақұрылымның нашарлығын көрсетеді. Ендеше неге осыны реттемеске?
Сұхбатыңызға алғыс білдіреміз!
Әңгімелескен
Бауыржан САБЫРБЕКОВ