ҚазҰУ-да нейроғылым мамандығы ашылады
ҚазҰУ-да нейроғылым мамандығы ашылады
489
оқылды

Әңгіме барысында ғылыми ынтымақтастықты орнату, өзара байланысты нығайту мәселелері талқыланды.  

Жүздесуде ЖОО басшысы Жансейіт Түймебаев шетелден үздік ғалымдарды тартудың ел ғылымы үшін маңыздылығына тоқталып, осы салада мемлекет тарапынан қабылданған тиісті шараларды атап өтті. Ректор өз сөзінде: «Сіз Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, Техас университеті, Кембридж университетінде білім алып, жұмыс істедіңіз. Күрделі нейробиология ғылымындағы тәжірибеңіз біздің студенттер үшін өте құнды» дей келе, Дәулет Әбубәкірұлына ҚазҰУ-да дәріс беру туралы ұсынысын қабыл алғаны үшін алғыс білдірді. Бұл шешім университет үшін үлкен мәртебе екенін және бірлескен ғылыми зертхана құруға дайындығын жеткізді. Профессор Б.Дәулетов өз кезегінде ҚазҰУ жанындағы Когнитивті нейроғылым орталығының зерттеулеріне қызығушылық танытып, «Мидың, эмоционалды-когнитивті функциялардың дамуын және олардың әртүрлі жас топтарындағы генетикалық маркерлерін МРТ/ЭЭГ зерттеу» жобасы жайлы пікірімен бөлісті. Нәтижесінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың биофизика, биомедицина және нейробиология кафедрасында «Нейроғылым» жаңа мамандығын ашу туралы келісім жасалды. Бұл мамандық елімізде және бүкіл Орталық Азия өңірінде тұңғыш рет оқытылатын болады. Нейроғылым – бұл ми мен жүйке жүйесінде болатын физиологиялық үдерістерді зерттейтін пәндер жиынтығы. Осыған дейін жүйке жүйесін зерттеумен нейробиология айналысса, бүгінде нейроғылым қарқынды дамуда. Ол психология, биология, педагогика, медицина, компьютерлік технология, лингвистика, инженерия және философия салаларымен пәнаралық байланыста зерттеу жүргізеді. Айта кетсек, Базбек Дәулетов – Шеффилд университетінің биомедициналық ғылымдар бөлімшесінің профессоры, молекулярлық нейробиология саласындағы бірқатар жаңа бірегей технологиялардың авторы, Кембридж университетінде 15 жыл бойы жұмыс істеген. Ол SP-BOT және Derm-Bot молекулалары созылмалы ауруы бар тышқандардағы ауырсыну нейрондарының белсенділігін басуға қабілетті екенін анықтады. Б. Давлетовтің басшылығымен онкологияны емдеуге арналған translation-inhibiting enzymes (Tie-s) тежегіш энзимдеріне зерттеулер жүргізілуде, оның нәтижелері антиденелерді, олардың фрагменттерін, энзимдерді және кіші интерферирлеуші РНҚ-ны қамтитын жаңа мультифункционалды терапияны жобалау үшін пайдаланылмақ. Кездесуде нейроғылым саласы бойынша гранттық қаржыландыруға бірлескен ғылыми жобаларды дайындау мәселесі де кеңінен қаралды.

Сондай-ақ қосдипломды білім беру мүмкіндіктері, жаңа жобаларды ғылыми журналдарда жариялау, Шеффилд, Кембридж университеттерімен студенттер алмасу, магистранттар мен PhD докторанттардың ғылыми кеңестерін жүзеге асыру бағыттары қамтылды.