ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарлауынша, Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков пара алды деген күдікке ілінді. ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова вице-министрдің кінәсі сотта дәлелденсе, отставкаға кететінін мәлімдеді.
"Егер кінәсі дәлелденсе, заңға сәйкес, мен отставкаға кетуге өтініш беремін. Қайталап айтамын: егер кінә дәлелденсе", – деді Ақтоты Райымқұлова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Сонымен бірге ол Конституцияға сәйкес кінәсіздік презумпциясы бар екенін және кінәні дәлелдеу керек екенін еске салды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ербол Еділовтің Telegram-арнасында Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбековтің ұсталғаны туралы жазылған еді.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Сәкен Мұсайбековке қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады.
"Ол букмекерлік қызмет саласындағы мүдделерге қолдау көрсеткені және жалпы қамқорлығы үшін заңды тұлғаның құрылтайшысынан пара алды деген күдікке ілінді. Соттың санкциясымен пара алушы мен пара беруші қамауға алынды. Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етілмеген", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, Сәкен Мұсайбеков Мәдениет және спорт вице-министрі қызметіне былтыр мамырда тағайындалған еді.