Бензин нарығы үлкен ойын алаңына айналды
Бензин нарығы үлкен ойын алаңына айналды
203
оқылды

Бензиннің бағасы күйіп тұр. Жыл басынан бері 12%-ға бір-ақ секірді. «Жұт жеті ағайынды» демекші, бұның енді онсыз да тиянақ таппайтын басқа тауар түрлерінің қымбаттауына ықпал ететіні сөзсіз.

Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, елімізде АИ-92 литрінің орташа құны наурыз айында 158,94 теңге болса, сәуір айында ол 168,51 теңгеге көтерілген. Астананың жанар-жағармай бекеттеріндегі бағамға көз жүгірткенде бағаның әлі тұрақтамағанын байқадық: «Газпромнефть» стансаларында – 169 теңге, «Номадойл» мен «Аурикада» 177 теңгеге сатылып жатыр.

Баға неге өсті?

Қарапайым тұтынушы бензин бағасының өсуі қымбатшылыққа ұрындырар ма екен деп секем алып отырса, осы саланың жілігін ша­ғып, майын ішкен білгірлері оның былтыр да өсіп кететін жөні бар еді деген уәжді алға тартады. Мұнай-газ сарапшысы Олжас Байділдиновтің айтуынша, Қазақстанда бензин бағасы бір жыл бойы өзіндік құнынан арзанға сатылып келген. Мәселен, біздің мұнай өңдеу зауыттарына оның бір баррелі 30$-дан жеткізілетін көрінеді. Енді баррельді литрге айналдырып, теңгеге шақсақ, ол әлемдік нарықта шамамен 170 теңгеден саудаланған. Ал біздегі бензиннің ішкі нарықтағы бағасы шикі мұнайдың құнынан да төмен бол­ған. Яғни, дайын өнім шикізаттың өзінен арзанға шыққан. Бейнелеп айтсақ, сары май шикі сүттің өзінен арзан. «Кез келген тауар сияқты мұ­най­­дың да өзіндік құны бар және ол валюта бағамына, инфляцияның өсіміне тәуелді. Мұнай компаниялары шикізатты ішкі нарыққа өткізгенде тоннасына 100 долларға дейін табысынан айырылады. Әрине, мемлекет бағаны өсірмеуге тырысады. Бірақ көрші елдерде бензиннің құны бізден 50-100 теңгеге қымбат. Алыпсатарлар осыны оңтайлы пайдаланып, шекаралас мемлекеттерге арзан жанар-жағармай өткізіп құнығып алған», – деп санайды Олжас Байділдинов. Мысалы, елдің солтүстік өңірлерінде бензинді миллионнан астам халқы бар Шымкенттен көп тұтынады. Осыдан-ақ алыпсатарлар қазақстандық отынды Ресейге тасымалдайтынын байқауға болады. Ал Ресейде АИ-92-нің литрі 250 теңгеден айналады. Ал енді ішкі нарықтағы баға осылай арзан күйінде қала беретін болса, онда отандық өнімнің сыртқа есепсіз тасымалдануының салдарынан елде жанар-жағармайдың тапшылығы туындауы мүмкін. Сол себептен Үкімет республика аумағынан бензинді, дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін 6 ай мерзімге автомобиль көлігімен тасымалдауға тыйым салды.

Халық қауіптеніп қалды

Қазақстанның өнеркәсіпшілер және кәсіпкерлер одағы жанар-жағармайдың күрт қымбаттауы азық-түлік бағасының 5%-ға артуына түрткі болады деп қауіптенеді. Өйткені тасымалдаушылар мен дистрибьюторлар тауар құнының үстіне бензиннің жаңа бағасын қоса жүктейді. Елімізде өткен айда бензин 0,5%-ға өскенде, тағам өнімдері 1%-ға көтерілген, ал бір жылда 10 %-ға қымбаттаған. Оның зардабын әсіресе Атырау облысының жұртшылығы қатты сезінді. Бұл өңірде азық-түлік бір жылда 11,8%-ға өскен. «Үздіктер» үштігіне, сондай-ақ Маңғыстау (10,7%) мен Шығыс Қазақстан (10,5%) облыстары да енген. Жалпы, 17 өңірдің 9-ның өсімі орташа республикалық көрсеткіштен жоғары. Жалпы, қымбатшылық автомобиль көлігімен тасымалданатын барлық тауар түрлерін айналып өтпейтін сыңайлы. Сондықтан киім-кешек, жиһаз немесе халық тұтынатын көпшілік өнімдердің барлығының бағасында азды-көпті ауытқушылықтар болуы кәдік.

Шикіліктің құлағы қылтияды

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Мұнай және газ бас­қармасының басшысы Бақтияр Бас­пақов бензиннің қымбаттауына нарықтың қатысы шамалы екенін айтады. Рас, ішкі-сыртқы конъюктураға байланысты 2020 жылы жа­ғармайдың акциздік мөлшерлемесі 2,5 есе өскен, тәуелсіз сарап­шылар сол кезде бензиннің сатылымы да қымбаттайды деп күткен. Бірақ карантиннің әсерінен ел экономикасының белсенділігі баяулады да, бензинге қатты сұраныс тумады, сол себепті баға да қымбаттаған жоқ. Одан бөлек, жыл басынан бері мұнай өңдеу зауыттарының шикізатты өңдеу құны 3 рет өсті, кейінгісі мамыр айының басында 2,7 %-ға артты. «Жығылғанға жұдырық» демекші, ақпан айында Атырау мұнай өңдеу зауыты жоспардан тыс 1,5 айдай жөндеуге тұрды. Ол сәуірдің соңында іске қосылғанда, мамыр айының басында Шымкент мұнай өңдеу зауыты жоспарлы жөндеуге тоқтатылды. – Алайда Үкімет мұндай жағ­дайдың бәріне дайын болды. Жыл бойы отынның жеткілікті қорын қалыптастырып отырды. Мәселен, былтыр отандық мұнай өңдеу зауыт­­тары 4,5 миллион тонна бензин өндірген. Бұл жанар-жағармай нарығындағы сұранысты толығы­мен қанағаттандырады және одан отын тапшылығы туындаған жоқ. Өнді­рілген өнімнің дені ішкі нарықта тұтынылды, тек 500 мың тон­­­­­насы экспортқа шығарылған. Сондықтан мұнай өңдеу зауыттарының өндірісі тоқырағанымен, ол бағаның қымбаттауына қатты әсер ете қойған емес, – дейді Бақтияр Бас­пақов. Оның айтуынша, сәуір айында бензиннің қымбаттауына бөлшек саудада жұмыс істейтін бірқатар ірі жабдықтаушылардың өзара астыртын баға байласуы себеп болған. – Осыған орай біз кінәлі кәсіп­орындарға ескерту жібердік, кем­шіліктерін жою үшін заң бойынша бір ай сынақ мерзімін тағайындадық, егер осы уақыт ішінде қателік түзелмесе, іс материалдары құзырлы органдарға жіберілетін болады,– деді ол. Сондай-ақ Энергетика минис­трлігі таратқан ақпаратта, биыл бензин өндірісін былтырғы мөлшерден 200 мың тоннаға асыра орындау жоспарланған. Яғни, 2021 жылы жанар-жағармай тапшылығы туындамауы тиіс.

Мемлекет нарықты реттемейді

Қазақстанда жанар-жағармай бағасы 2011 жылға дейін әкімшілік әдіспен реттеліп келді. Одан кейін де, 2016 жылға дейін оның шекті құнын мемлекет белгілеп отырды. Ал кейінгі бес жылда отын нарығы еркін айналымға жіберілді. Әйтсе де, Үкімет жанар-жағармай нарығын уыстан шығармауға тырыс­ты. Алайда бұл шаралар Ұлттық қорға әжептәуір салмақ түсіреді. Қазіргі кезде көмірсутегі экспортынан түсетін табыс бұрынғыдай қомақты емес, оның ішкі нарықты толықтай субсидиялауға шамасы да жетпейді. Егер Үкімет бағаны өсірмей ұстап тұратын болса, отын-энергетика саласы орны толмас жапа шегуі мүмкін. Онда саланы дамытуға және технологияны жетілдіруге қажетті қаржыны қайдан алады? Оның үстіне, еркін экономика өнімді экспортқа шығаруға айтарлықтай мол мүмкіндік береді. Қазақстанда 2021 жылдың наурыз айынан бастап жанар-жағармай бағасы тек нарықтық реттеу механизміне берілді. Баға сұраныс пен ұсынысқа орай табиғи түрде реттеледі. Оның тұтынушы үшін түпкілікті нарқы мұнай өнімдерінің көтерме бағасына, жанар-жағармай стансаларына жеткізілгенге дейінгі барлық көлік шығандарына, базаларда сақтау, сондай-ақ акциздер мен салық жүктемесінің жиынтығына қарап түзіледі. Бұл – ДСҰ-ның халықаралық құжаттар бойынша қойып отырған шарты. Қазақ­стан әлемдік нарықта отын-энер­гетика саласында еркін ойыншыға айналамын десе, осы ережені қабылдауы тиіс.

Дәулет АСАУ