Қылышынан қан тамған Кеңес Одағы тұсында Алаштың қасіретіне айналған Семей ядролық полигоны, Ембідегі әскери полигон жерлерінің жайы жұртшылықты жиі мазалайды. Аталған мәселе биік мінберлерде, БАҚ беттері мен телеарналарда көп көтерілді. Бірақ әлі де болса жіті назар аударылмай, жеткілікті көңіл бөлінбей келе жатқаны қынжылтады.
Бұл орайда ғалымдардың пікірі де екіге жарылған. Бірі – әскери және ядролық полигон жерлерін қалыпқа келтіріп, ауыл шаруашылығына пайдаланған жөн десе, екінші біреулері полигон зардаптарының алдағы мыңжылдықтарда да қалыпқа келмейтініне нық сенімді. Осы саланың жілігін шағып, майын ішкен сарапшылар мен ғалымдардың, тиісті министрліктен сұрап, мән-жайды толығырақ зерделеп көруді жөн көрдік. Тақырыпты қаузаған сәттен-ақ алдымен Ауыл шаруашылығы министрлігі ойға оралды. Дереу ресми хат жазып, бірнеше күнге дейін жауабын күттік. Ақыры қойылған сауалдарымызға жауап та жетті. Министрліктің мәліметінше, Семей ядролық полигонының жерін босалқы жер қорының құрамына беру Үкіметтің 1996 жылғы 7 ақпандағы №172 қаулысымен реттелген. Ал кезінде түрлі ауыр сынақтар өткізілген Ембі әскери полигоны жерлері туралы Қазақстан заңы 2017 жылғы 5 сәуірдегі «1995 жылғы 20 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Ембі полигонын (5 580 сынақ жұмыстарын қамтамасыз ету базасы) пайдалану және жалға беру шарттары туралы келісімнің және 1996 жылғы 18 қазандағы Қазақстан Үкіметі мен Ресей Федерациясы үкіметінің арасындағы Ембі сынақ полигонын (5 580 сынақ жұмыстарын қамтамасыз ету базасы) жалдау туралы шарттың қолданысын тоқтату жөніндегі шаралар туралы Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы хаттаманы ратификациялау туралы» заңымен жалдан шығарылған. Келісім мен шарт 2017 жылғы 1 қаңтарда өз қолданысын тоқтатыпты. Министрліктен табиғи және қолдан жасалған сынақтардан топырақ қабаты бүлініп, әбден зардап шеккен полигон жерлерін қайта ауыл шаруашылығына пайдалану мәселесін сұрадық. «1995 жылғы 20 қаңтардағы Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы Ембі полигонын (5580 сынақ жұмыстарын қамтамасыз ету базасы) пайдалану және жалға беру шарттары туралы келісімнің 5-бабына сәйкес келісім қолданысын тоқтату барысында бірлескен комиссия құрылып, ол жер учаскелерін, жылжымалы және жылжымайтын мүлікті қабылдау-беруді жүзеге асырады. Көрсетілген келісімнің нормалары бойынша Ресей Федерациясы жер учаскелерін әрi қарай пайдаланатындай жағдайда қайтаратыны туралы талаптарды көздейді. Комиссия қайтарылатын жерлерде тиісті зерттеулер жасап, учаскелер жағдайы нормативтерге сай болған жағдайда мүлікті қабылдау-беру актісіне қол қойылған соң мемлекет меншігіне қайтарылып, оларды өзге мақсаттарға, оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатына да пайдалануға болады», – деді Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.P.S.
Сонымен, аталған мәселені біраз тереңіне бойлап, зерттеп, зерделеуге тырысып көрдік. Алайда қашанда бәрі қаржыға келіп тірелгенін, ал тиісті сала министрліктерінің мәселеге әлі де болса бейжай қарап отырғанын аңғарғандай болдық. Кеңес заманынан бері күрделі өзгеріске ұшыраған полигон жерлерінің тағдыры қалай болатыны әзірге белгісіз. Оған осы салада қағаз кемірген топырақтану ғалымдары мен тиісті министрліктердің батыл әрекеттері қажет сияқты. Ал оның жуық арада болар түрі көрінбейді...
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы