Олимпия ойындарындағы жүлделер
Олимпия ойындарындағы жүлделер
380
оқылды

Қазақстан жеке команда ретінде олимпиадаға 1994 жылдан бері қатыса бастады. Оған дейін КСРО құрамында өнер көрсеткен болатын. Содан бері 6 жазғы, 7 қысқы ойындарды өткізіп, жиынтығы 69 (жазғы) және 8 (қысқы) медаль жеңіп алды. Паралимпиадалық ойындарда осы күнге дейін 4 медаль иеленді.

Үлкен спорт – үлкен саясат. Оның ішінде Олимпиаданың орны ерекше. Бұл елдің елдігінің, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық қуатының да өлшемі сипатты. Олимпиада ойындары барысына төрткүл дүние түгел көз тігіп отырады. Сондықтан да мемлекет атаулы іс-шараға мейлінше жауапкершілікпен қарайды. Революцияға дейінгі кезеңдерде қазақтың ең атақты спортшысы деп ХХ ғасырда бірнеше рет әлем чемпионы болған Қажымұқан Мұңайтпасов атамызды атаған жөн. Совет заманында 1964 жылы Токио Олимпиадасында Қазақстанға бірінші медальді (күміс) жеңіл атлет Ғосман Қосанов әкелді. Еліміз үшін бірінші алтын медальді 1972 жылы баскетболшы Әлжан Жармұхамедов, 1976 жылы гимнаст Нелли Ким олжалады. 1980 жылы Мәскеуде Жақсылық Үшкемпіров пен Шәміл Серіков, жеңіл атлет Владимир Муравьев пен зілтемірші Виктор Мазин олимпиада чемпиондары атанды. 1988 жылы ел атынан қатысқан зілтемірші Анатолий Храпатый, футболшы Евгений Яровенко және жеңіл атлет Владимир Муравьев Сеульде алтыннан алқа тақты. Мұның бәрі елдің жеңісі деу керек. Ал Қазақстанның олимпиада ойындарына 1994 жылдан бастап тәуелсіз мемлекет ретінде жеке қатыса бастауы, ол – өз алдына бөлек ерекше тарихи оқиға. Олимпиаданың жеңімпаздар мен жүлдегерлері әлемдік аренада Отанымыздың құрмет-беделін асқақтатып, тәуелсіз мемлекеттің көгілдір Туын көкке көтерді. Сол үшін де олар қазақ халқының марапат-махаббатына бөленді. Тәуелсіз Қазақстанның қоржынына 1994 жылы Лиллехаммерде алғашқы алтынды шаңғышы Владимир Смирнов салды. Ол бірден үш медаль жеңіп алған еді: бір алтын және екі күміс. Осының құрметіне Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев спортшыға құттықтау жеделхатын жіберді. «Бұл жеңіс біздің егемен еліміз үшін аса ерекше маңызға ие. Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде олимпиадаға бірінші рет жеке командасын шығарып отыр. Біз жерлесіміздің жеңісімен мақтанамыз, ол республикамыздың барша жастарына үлгі», – деліген жеделхатта. Екі жылдан кейін Атлантада өткен жазғы Олимпиадада қазақ­стандықтар 11 медальді олжалады. Оның үшеуі – алтын, төртеуі – күміс, төртеуі – қола. Боксшы Василий Жиров, бессайысшы Александр Парыгин және грек-рим кү­ресінің балуаны Юрий Мельниченко XXVI Олимпиада ойындарының чемпионы атанды. Сиднейдегі 2000 жылғы Олимпиадада ұлттық құрама 7 медаль жеңіп алды. Боксшыларымыз Бекзат Саттарханов, Ермахан Ибраимов және жеңіл атлет Ольга Шишигина алтыннан алқа тағып, қазақ Әнұранын Сидней аспанына шырқатты. Жеңімпаздарды құттықтау рәсімінде Президент Н.Назарбаев спортшыларды құттықтай келе, елдегі ірі спорт орталықтарында олимпиадалық резервтердің мектептерді қайтадан қалпына келтіру керек екенін айтты. 2004 жылы Афина Олимпиадасында ел қоржынына түскен 8 медальдің тек біреуі ғана алтын еді. Оны боксшы Бахтияр Артаев әкелген болатын. Бүгінде әлем чемпионы және кәсіпқой бокстың жарық жұлдызы болып әлем рингтерінде ойқастап жүрген боксшы Геннадий Головкинге сол кезде күміс медаль бұйырды. 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында біздің қыз-жігіттер 13 медальді қанжығасына салды, оның 2-еуі – алтын. Кейіннен талай әлемдік дүбірлі додаларда топ жарған атақты штангашы Ильи Ильиннің бұл алғашқы алтыны болатын. Спортшылардың еңбегін жо­ғары бағалай келе Н.Назарбаев «Олимпиада марапаттары – бұл спортшылардың жеке жеңісі ғана емес, бұл – елдің жеңісі, Қазақстанның әлемдегі беделінің нығаюына қосқан қомақты үлестерің» деп атап өтті. Тәуелсіз еліміздің тарихында ең көп олжа салған 2012 жылғы Лондон Олимпиадасы болды. Бұл жолы 13 медаль олжалап қайтты. Бірақ бұл жолғы медальдардың сапасы жоғарырақ: Александр Винокуров, Серік Сапиев, Зульфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова, Ольга Рыпакова және Илья Ильин алтыннан алқа тақты. Соң­ғысы Қазақстандағы әзірше жалғыз екі дүркін Олимпиада чемпионы атанды. «Барлық қазақстандық сияқ­­­ты біздің олимпиадашылардың жеңі­сіне қуанамын. Лондонда біздің жеңімпаздардың құрметіне елі­міздің Әнұраны 7 рет ойналып, көк Туымыз көкке көтерілді. Одан басқа күміс пен қола медальдарымыз бар. Бұл – тәуелсіз мемлекетіміздің жеңісі. Әлемдік спорттық жеңістер – бұл мемлекеттің мүмкіндігін айғақтайтын ең тамаша көрсетілім. XXI ғасырда тек күшті және сау ұлт қана бәсекеге қабілетті бола алады»,– деген еді Нұрсұлтан Назарбаев сол кезде. Сочидегі қысқы Олимпиадада жалғыз медальді фигурист Денис Тен әкелді. Бұл Қазақстанның мәнерлеп сырғанау тарихындағы ал­ғашқы медалі болатын. «Сенің мұз айдынындағы өне­ріңді бәріміз демімізді ішімізге тартып отырып тамашаладық. Сен біздің үмітімізді ақтадың. Бұл осы спорт түрінен Олимпиададан ал­ған еліміздің алғашқы медалі», – деді Мемлекет басшысы оған жол­даған жеделхатта. Сөйтіп, Рио-де-Жанейро-2016 жазғы Олимпиадаға дейін қазақстандықтардың қоржынында 16 алтын, 17 күміс, 19 қола медаль болды. Риода біздің спортшылар 17 медальді иеленді – үш алтын, бес күміс және тоғыз қола. 2018 жылғы Пхёнчхан Олимпиадасында екі медаль бұйырды. Айта кетейік, Олимпиада ойындарында басқа спорт түрлерімен салыстырғанда әсіресе боксшылардың айбыны асып тұрды. Әсі­ресе, мына көрсеткішті айта кеткен жөн: бокста ең үздік техникалық шеберлігі үшін берілетін Бар­кер кубогы В. Жировқа – Атланта (1996), Б. Артаевқа – Афина (2004), С. Сапиевке  Лондон (2012) Олимпиадаларында берілді. Олимпиада тарихында Баркер кубогын иеленушілер көрсеткішінде Қазақстан АҚШ-тан кейін екінші орында тұр. Елімізде спорттың дамуына аса жоғары мән беріледі. Қазақстан Үкіметінің қаулысымен олимпиада алтыны үшін – 250 мың USD, күміс жүлдеге – 150 мың, ал қола медальға 75 мың доллар тағайындалған. Сондай-ақ төртінші, бесінші және алтыншы орындарға –30, 10 және 5 мың USD  тиісінше беріледі. Спортшысы жүлде алған жаттықтырушыларға да сыйақы тағайындалған. Одан бөлек, жергілікті жердің әкім­шіліктері Олимпиададан жүлделі оралған жерлес спортшыларына пәтер, көлік кілтін  сыйлауды дәс­түрге енгіз­­ген.

Дәулет АСАУ