Түркия Палестинаға әскер кіргізе ме?
Түркия Палестинаға әскер кіргізе ме?
267
оқылды

Израильдің Палестинадағы қарулы операцияларына қа­тысты бүгінде түрлі пікір айтылып жатыр. Солардың ара­сында Түр­­кияның Палестинаға әскер жіберу мәселесі де бар. «Па­­лестина үшін Түркия қарулы қақтығысқа тәуекел ете ала ма?» деген сауал жиі айтылып жүр. Біз мұндай ықтималдық бар ма, жоқ па, мәселенің астарына үңілдік.

Түрік әскері Палестинаға баруы мүмкін бе?

Біздің пайымдауымызша, Ан­кара Палестинаға әскер жібермейді. Тіпті, Сириядағы түркомандарды қаруландырғаны тәрізді әрекетке де бармайды, Ресейдің «Вагнер» жеке әскери компаниясы сияқты құ­­­ры­лымдар да аттандырмайды. Өйт­­кені Палестина мәселесі өте қауіпті. Әрине, НАТО-дағы әскер саны жағынан екінші орында тұрған мем­лекет ретінде Түркияның әс­кери әлеуеті Израильден әлде­­­қайда қуат­ты екені анық. Алайда Тель-Авивке тілеулес мемлекеттер Ан­­караның еркін әрекет жасауына мүмкіндік бермейді. Егер Анкара әскери қа­дамдар әрекет жасауға талпынса, НАТО-дағы одақтастары қатты қысым жасауы мүмкін. Тіпті, Түр­кияның НАТО-дан шығарылу мә­селесі де көтерілуі ғажап емес. Өйт­кені Израильге қолдау білдіретін елдер Түркияның аймақтық дер­­­жаваға айналып, күллі мұсыл­манның «қорғаушысы» рөліне енуіне жол бермейді. Палестинаға біт­ім­герлік мақсатта болса да әскер жі­беру неоосманизм ретінде баға­­ланары сөзсіз. Әрі халық арасында Түркияның беделі күрт өсер еді. Оған батыс елдері түгілі Мысыр, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері сияқты мұсылман ел­­дері де жол бермейді. Иран да Түр­кияның ислам әлемінде тым бе­делді болғанын қаламайды. Сон­­дықтан Түркия тәуекелге бара қой­майды. Тек Ислам ынтымақ­­тастығы ұйымы секілді бірқатар ұйымдардың бастамасымен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі арқылы бітім­герлік күштер жіберу жөніндегі ше­шім қабыл­датуға ұмтылуы мүм­кін. Онда да Қытайдың ұстаны­мына сүйеніп бағары анық. Бірақ мұндай қарар шыққанның өзінде Палес­тинаға жіберілетін бітім­герлік күш ретінде түрік әскері таңдала қоюы неғайбіл. Тіпті, БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесінен мұндай ше­шім шығу ықтималы жоқтың қасы. Ал Түркияның ашық­тан-ашық Из­­раильмен әскери қақ­ты­ғысқа баруы мүлдем мүмкін емес.

Алдымен дипломатия

Негізі, Түркияның Палестина мә­селесінде сырт көз үшін болса да табанды ұстаным танытып келе жатқанына біраз жыл болды. Әу баста, 1949 жылы Израильдің тәуел­сіздігін таныған алғашқы мұ­сыл­­ман мемлекеті Түркия болға­нымен, екі елдің қатынастары Құдыс қаласының мәртебесіне байланысты біршама нашарлаған. Ал 2000 жыл­дардан кейін Түркия палес­­тина­­лықтарды жақтауын мейлінше күшейтті. Сонау 2009 жылы Давостағы экономикалық форумда сол кездегі Түркия премьері, қазіргі президент Режеп Тайып Ердоғанның Израиль пре­­­­зиденті Шимон Переске «Сіздер қалай өлтіру керек екенін білесіздер. Мен сіздердің жағажайда ойнап жүрген балаларды қалай өлтірген­деріңізді жақсы білемін» деп, фо­­румға қатыспауға серт берген кезінен бүгінге дейін Анкараның Палес­тинаға қатысты көзқарасы өзгере қойған жоқ. 2010 жылы Газа сек­торына жөнелтілген гумани­тарлық кемелерге Израиль әскерінің ша­­буылы салдарынан 9 түрік азаматы мерт болғаны тағы бар. Әрине, арада 3 жыл өткенде Израиль билігі Түр­киядан ресми түрде кешірім сұ­­рап, қайтыс болған азаматтар үшін 20 миллион доллар төлеген. Бірақ Түркия мен Израиль қатынастары түбегейлі жақсарған жоқ. 2016 жылы екі мемлекет елшілер тағайындап еді, 2018 жылы тағы да Палестина үшін Түркия Израильдегі елшісін кері шақырып алған. Биыл өзара қарым-қатынас түзелуі мүмкін деп отырғанда Палестина мәселесі тағы шықты. Алайда ресми Анкара әскери қимыл жасау мәселесін ешқашан көтерген емес. Ұдайы диплома­тия­лық қысым жасау бағытын ұстанып келеді. Осы жолы да солай болды. Жексенбі күні Иран пре­зиденті Хасан Руханимен телефон арқылы сөйлескен Режеп Тайып Ердоған Израильді ықтыратындай диплома­­­тиялық шаралар ұйым­дастыру қажет екенін айтқан. Сөй­тіп, Түркия ислам әлемінде Тель-Авивке қысым жасау ісін ұйымдастыруға талпынып жа­тыр. Бірақ араб елдерінің өзі Па­­лестина үшін біріге қоймайтыны байқалып тұрған қазіргі кезде, Түр­кия мен Иранның күллі мұсылман елдерін Израильге қарсы ұйым­­­дастыра қоюы неғайбіл тәрізді. Керісінше, Ердоғанның сыртқы саясаты, Палестинаға байланысты ұстанымдары ішкі электоратқа ба­ғытталған сыңайлы.

Ұпай жинамақ болған партиялар

Әрине, түрік қоғамында Палес­тинаға әскери көмек көрсету керек екенін алға тартқан белсенділер, сая­­саткерлер аз емес. Мәселен, Saadet (Бақыт) партиясының жетекшісі Темел Қарамоллаоғлу «аюға намаз үйреткен таяқ» дейтін позицияны дұрыс деп санайтынын айтты. «Түр­­кия Әзербайжанға қалай әскери кө­­­мек көрсетсе, Палестина үшін де кемі сондай көмек беруіміз қажет деген пікірдемін. Еліміздің бас­шылы­­ғын осындай батыл қадам жасауға шақы­­рамын», – деді сая­саткер. Әрі Ердоған мен тиісті құры­­­­лымдар басшыларына бірқатар ұсы­­­ныс та айтты. Соның ішінде Түркияның Палестина мә­селесіне арналған жол картасын әзірлеуі керек екені де айтылған. Бір атап өтетін мәселе – осы жолы Түркияда Палестинаға бі­тімгерлік күштер жіберу ұсыныстары бұрнағы жылдарға қарағанда жиі көтерілді. Шамасы Таулы Қарабақ­тағы соғыс кезінде ресейлік бітім­­­­герлік миссиясын бастауы және Түркияның бақылаушы мәртебесін алуы түрік қоғамына әсер еткен сыңайлы. «Ресей Қарабаққа бітім­­­герлік әскер кіргізді, біз неге Па­лес­тинаға әскер жібермейміз?» дейтін ұғым орныға бастаған тәрізді. Әй­теуір қақтығыстар басталған кезде-ақ Стамбұлда палестина­лықтарды жақ­тап алаңға жиналған ереуіл­­шілдер Mehmetçik Filistin'e gitsin-Әскер Палестинаға барсын!» деп ұрандат­қан-ды. Тіпті, бұл идеяны Yeniden Refah (Жаңадан әл-аухат) партия­сының төрағасы Фатих Ер­бакан да айтқан. Түркияның экс-премьер министрі Неджметтин Ербаканның саясаткер баласы Палестинаға түрік әскері бітімгер ретінде жіберілуі тиіс деген пікірде. Алайда Фатих Ербакан­­ның өзі әскерге бармапты. Жалпы, әлеуметтік желілерде «түрік әскерінің 1974 жылы Кипрге кіргені сияқты, Палестинаға да жібе­­рілуі керек» деген уәж айту­­шы­лар көп. Алайда оған қарсылар да аз емес. Әркім өзінше уәж айтады. Ал іс жүзінде мұндай пікірталастар тек Түркияның ішкі саясатында ғана рөл ойнайды. Популистік ұрандар арқы­­лы танымалдығы төмен партиялар жұрттың назарын өзде­­ріне аударуды көздейтін сияқты. Әйтпесе, билік басындағы және оған оппозициядағы ірі партиялар мұндай ұрандар жасай қойған жоқ.

АмангелдіАмангелді ҚҰРМЕТ