Таяу Шығыс түнекке батып барады
Таяу Шығыс түнекке батып барады
261
оқылды

Әлемнің әр бөлігінде Израильдің әрекетіне наразылық шаралары өтіп жатыр. Бұл қозғалыстар, әсіресе араб қо­ныс­танушы-босқындарымен біршама толыққан Еуропада күшті. Сонымен бірге, Израиль бұл жолы Америка қоғамының да сөзсіз әрі жап­­пай қолдауына ие бола алмады. Өйткені заман өзгерді. Енді АҚШ жұртшылығы жәбірленгендерге жақ. Мысалы, қара нәсілділердің құқығын қорғаушы BLM (Black Lives Matter) қозғалысының өкілдері өз акцияларына Палестина туын көтеріп шыққан.

­Газа секторындағы шетелдік БАҚ кеңселері орналасқан 11 қабатты «Әл-Джаля» ғимаратына Израильдің соққы беріп, жарып жіберуі Ба­­тыстағы наразы көңіл күйлерді тіп­­тен күшейтті. Тель-Авив бай­­­ла­­­мын­­ша, ол нысанда «Хамас» әскери бар­­­­лау штабы орналасыпты. Бұл соқ­­­қыдан Associated Press, Катар те­­­­леарнасы және басқа да халық­ара­лық медиа бөлімшелері зардап шек­­­­­ті. Израиль тарапы Газа қала­сын­дағы көпқабатты ғимараттардың көбін қиратын үлгерді. Палестиналықтарды қолдаған ак­циялар Нью-Йорк, Лондон, Париж, Марсель, Страсбург, Леон, Сидней, Мельбурн, Анкара және басқа да жаһандық ірі шаһарларда өтті. Мысалы, АҚШ-тың басты қаржы­лық орталығы – Нью-Йоркте қарсы­лық шеруін ұйымдастырған амери­калықтар президент Джо Байденнен «Израильдің Газа сек­торына ша­буылын және оккупа­циялауын тоқ­татуды», сондай-ақ Израильге әске­ри қолдау көрсетуді доғаруды талап етті. Халықаралық сарапшылар бір қызық өзгеріске назар аударып отыр: АҚШ-та палестиндіктерді тек мұ­­­сылмандар мен афроаме­­­рика­лықтар ғана емес, сонымен бірге кемсіту көретін қоғам топтарын қорғау­­шылар, BDS (бойкот, оқшаулау, санкциялар) қозғалысы, тіпті ЛГБТ қауымдастығының өкілдері де жақ­­тап жатыр. Ал бұлар – Америка қо­ғамының бүкіл беталысын, тренд-үрдістерін белгілейтін аса қуатты күш екені мәлім. Оның өкілдері Израильдің Палестина жеріне ша­буылды үдетуі, палестиналық отба­­сылардың өз үйінен күштеп қуылуы, Газа секторына жойқын авиасоқ­­қылар, бейбіт тұрғындардың қаза табуы өздерін қатты алаң­дататынын білдірді. Сондай-ақ олар Палес­тинада болып жатқан оқиғаларды елемейтін америкалық БАҚ саяса­тын сынады. Бұл қақтығыс «Әл-Ақса» меші­тіне полицейлік шабуылдан бастал­ғаны мәлім. Газа секторындағы па­лес­­­тиналық қарсы тұру топтары биылғы 10 мамырда Израиль поли­­циясынан 18:00-ге дейін «Әл-Ақса» мешітінің аумағын және еврейлер иелігіне көшкен Құдыстағы (Шығыс Иерусалимдегі) Шейх Джаррах алабын босатуды талап етті. Себебі осының алдында израильдік сот Шейх Джаррахтан бірнеше палес­тиналық отбасыны күштеп көшіру туралы үкім шығарған. Наразылық білдірушілер мешіт аумағында бар­­рикада жасап алды. Израиль поли­циясы бұл талапты орындаудан бас тартты және қарсыласушыларды қару қолданып, ысырып шығарды. Таспен және қарапайым фейер­­веркпен қаруланған палестиндіктер, әрине мұндай күшке төтеп бере алмай, мешіт аумағын тастап шықты. Осыдан кейін «Хамас» Израиль бағытында қолдан жасалған зы­мырандарды ұшыра бастады. Көбісін Израильдің әуе шабуылынан қор­ғаныс кешендері әуеде тұтып, жойып жіберді. Ізінше израильдік армия 5 мың жауынгерін жұмылдырып, Газа секторына қарсы «Қабырға қор­ғаушылары» деген атпен әскери опе­рация бастады. Оның барысында әскери нысандарға ғана емес, соны­мен қатар тұрғын үй алаптарына нысаналы әрі үстемеленген соққы берді.

Жағдай ушығуы бек мүмкін

Халықаралық ақпарат құрал­дарының мәліметінше, 10 мамырдан бері Палестинада кем дегенде 192 адам қаза тапты. 1 225 адам жара­ланған. Жантәсілім еткендер ара­сында 58 бала және 21 әйел бар. Ба­тыс қоғамын шошындырып отыр­ғаны да осы. Көз жұмғандар саны одан ары көбеюі мүмкін: жедел жәр­дем және азаматтық қорғаныс бри­гадалары Газадағы қираған ғимарат­тар ара­сынан адамдарды іздеп жатыр. Жалпы, арабтар мен еврейлер тайталасының тамыры тереңде. XIX ғасырдың екінші жартысында Еуропадағы антисемитизм қаһары­нан бас сауғалаған иаһудилер Па­лестинаға қоныстана бастайды. Мигранттар тасқыны ХХ ғасырдың басында күрт күшейді: Германияда бас көтерген нацизмнен қашқан еврейлер заңды-заңсыз жолдармен тарихи Отанына ағылды. Келе сала, жерді жаппай сатып алып жатқан бай еврейлердің «шапқыншылығы» жергілікті арабтардың ашынысын туғызды. Ақырында, сол жерлерді бі­рік­тіріп, 1948 жылы тәуелсіз Израиль мемлекеті құрылды. Шетелдік ақ­парат көздерінің хабарлауынша, содан бері бұл мемлекет жаңа жер­лерді өзіне қосу бойынша ауыр, бірақ жеңісті соғыс жүргізуде. Арабтар та­рапынан әскери және азаматтық шығын – адам шығыны осы жолда қаза тапқан израильдіктерден бір­неше есе көп. Жүздеген мың араб бос­­қынға айналды. 1967 жылы Израиль әскері «Алты күндік соғыс» нәтижесінде Шығыс Иерусалимді (әл-Құдыс) басып алды және оны өз астанасы деп жариялады. Алайда мұ­ны және Израильдің қару күшімен өз қолына көшірген жерлерін БҰҰ мойындамайды. Дегенмен ұзақ жыл­дардан бері бұл мемлекетке АҚШ жан-жақты, соның ішінде заманауи қару-жарақпен көмек көр­сетіп ке­леді. Әлемдік державаның ғаламат қолдауы арқасында Израиль жаула­рының қоршауында тоз-тоз болмай, қайта барған сайын қуаттанып, дамып жатыр. Израильге қарсы тұру – Араб мемлекеттері лигасының (ЛАГ) ба­сым мақсаттарының бірі саналады. Осы бірлестік құрылғаннан кейін араб елдері өз ортасында төл мем­лекетін құруға тырысқан еврей хал­қына қарсы бірлесе соғыс ашты. Бұл қарулы шиеленісті еврейлер өз тарихына «Тәуелсіздік үшін соғыс» (1947-1949) деп жазды. Ал арабтар оны «Накба» (катастрофа) деп атайды. Себебі арабтар жеңіліп қалды. 1979 жылы Мысыр көшбас­шы­лары Израильді мойындап, оны­мен келісім жасасуға барды. Осы қадамы үшін ризалығы ретінде Из­раиль оған байырғы заманда, Бірінші әулет кезінде ежелгі египет­тіктердің құтты мекені болған Синай түбегін қай­тарып берді. Осы тірлігі үшін араб елдері Египетті ЛАГ-тан 10 жылға шығарып тастап, оған қарсы санк­циялар енгізді. Тек 2002 жылы ғана араб лигасы қатаң ұстанымын жұм­сартып, «Саудия бастамасын» жа­риялады: оның аясында Палестина аумағын қайтаруға айырбас ретінде Израильге бейбітшілік ұсынылды. Бұл бастама араб әлемінде біраз дүрлігіс тудырғанымен, ілгері бас­пады. Өйткені ресми Тель-Авив ешқандай үн қатпай, елеусіз тастады. Содан бері бұл түйткіл ары қарай ушықпаса, тарқамайтынға ұқсайды.

Американың адымы қандай болады?

АҚШ басшылығы дәстүр са­бақтастығын сақтап, бұл жолы да Израильге қолдау білдірді. Дегенмен The Jerusalem Post хабарлауынша, Израиль тарапы Байден әкімшілігін Таяу Шығыста батыл, тиімді саясат жүргізбей отырғаны үшін бәрібір сынауда. Себебі оның алдында До­нальд Трамп АҚШ елшілігін Иеруса­лимге көшіруге дейін барды. Бұл Иерусалимді Израильдің бас қаласы деп танумен бірдей еді. Енді Ақ үй байсалдылық сақтап отыр: «Хамас» тобы Израиль аума­ғына 2,9 мыңнан астам зымыран ұшырғанда, Ақ үйдің баспасөз хат­шы­­сы Джен Псаки «Вашинг­тонның мұндай зымырандық шабуылды айыптайтынын» айта келе, маңызды түзету жасады: «Палестиналықтар да, израильдіктер де бостандыққа, қауіп­сіздікке және өркендеуге тең дәрежеде лайықты!». Өз кезегінде АҚШ Мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Нед Прайс: «Хамас» соқ­қысына жауап беруге Израильдің қақысы болғанымен, дұрысы, Па­лестина халқы қауіпсіз өмір сүруі тиіс, осыған байланысты Вашингтон қақтығыстың қос тарапын ұстамды­лық танытуға шақырады», – деді. Израиль басты одақтасы тек өзі­не қолдау көрсеткенін қалайды. Оның үстіне, Джо Байден билік басына келгелі, Қытаймен теке­тірес­ке және климаттың өзгеруіне баса көңіл бөліп, Таяу Шығыстағы жағ­дай­ға назар аудармапты. Сарап­шы­лар Ақ үйдің қазіргі басшысында Палес­­­тина-Израиль шиеленісін де­эска­ла­­ция­лау жоспары жоқ екенін айтады. Джо Байден 15 мамырда Израиль премьер-министрі Биньямин Не­таньяхумен және Палестина прези­денті Махмуд Аббаспен жеке-жеке келіссөз жүргізді. Ол Аббасқа АҚШ-тың екі ел арасындағы қақтығысты «дипломатиялық жолмен» реттеуді жақтайтынын мәлімдеген. Кезінде Кеңес Одағы Палес­тинаны қолдағаны мәлім. Бүгінде Ресей шиеленіске араласудан қалыс қалып отыр. РФ президенті Влади­мир Путин Израиль мен Палестина арасындағы қарулы қақтығыс Ресей шекарасына жақын жерде жүріп жатқанына алаңдаушылық білді­румен тыйылды. Ресей СІМ-і қос тарапты сабырлыққа және шиеле­ністің ушығуына соқтырар қадам­дардан бас тартуға үндеді. Қазіргі кезде әскери қимылдар одан әрі жалғасуда. Израильдің өз ішінде араб және еврей тұрғын­дарының бірін-бірі жабыла сабау оқиғалары тіркелген. Шейх Джар­рахта жүргізуші өз көлігімен поли­цейлер тобын басып кетті: көлік соғу нәтижесінде 6 тәртіп сақшысы жара­ланды. Ал үстемеленген жары­лыстар кесірінен Газа секторы жарықсыз қал­ды. 17 мамыр түнінде Израиль Әскери-әуе күштері Газа секторына қақтығыс басталғалы бергі «ең күй­­­ретуші соққыны» жасағанын жария­­­лады. Он минут бойы жүрген, үстеме­ленген зымырандық шабуыл бүкіл Газа қаласын қалың түтінге көмді. Қаза тапқандар саны белгісіз. Бұл алапат шабуыл Палестинада жүр­ген шетелдік журналистерді шо­шытты. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутер­риш БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің төтенше отырысында қос тарапты зорлық-зомбылықты дереу тоқтатуға шақырды. Әлемдік алпауыт державалар ара­ласып, шешімін тауып, шырағ­дан жақпаса, Таяу Шығыстағы бұл түнектің түңлігі түрілмейтін түрі бар.

Елдос СЕНБАЙ