Аяғыма кигенім...
Аяғыма кигенім...
447
оқылды
Иә, Арқаның аязы ашу шақырып, ақтүтек бораны қанша долданса да, аяғымыз жаурап жүрген жоқ. Әсіресе, алты ай бойы ақ қар, көк мұздың үстімен жүретін елордалық ағайын етіктен ақша аямайды. Тек табаннан ызғар өткізбеу үшін басқалардың қалтасын қампайтуға мәжбүрміз. Елжандылығың оянып, отандық өнімге қолдау көрсеткің келгенімен, сапасына бағасы сай «Қазақстанда жасалған» тауарды іздеп табудың өзі қиын. Сонда қайтпек керек? Бүгін осы сұрақтың жауабын іздеп көреміз. Статистикаға сүйенсек, жеңіл өнеркәсіптің үлес салмағы жыл өт­кен сайын азайып келеді. Тігін-текстиль саласы ішкі нарықтың 10 пайызын да қанағаттандыра ал­май отыр. Елдің экономикалық қауіпсіздігі үшін бұл көрсеткіш кем дегенде 30 пайыз болуы керек. Ал қазір отандық нарықтағы қазақ­стандық аяқкиім үлесі 1,5-2 пайыз ғана. Былтыр Ұлттық эконо­мика ми­нис­трлігі шеттен келетін аяқ­киім­дер отан­дық на­рықтың 96,7 па­йызын жау­лап ал­ғанын айт­қан болатын. Импорттың басым бөлігі Қытайға (75 пайыз) тиесілі. Одан ке­йінгі орында – Түркия. Маман­дар елдегі аяқкиім өнді­рісінің осын­­­ша құл­дырауын мем­лекеттің бұл салаға дұрыс көңіл бөлмеуінен көреді. «Біз отандық кәсіпорындар әділетсіздіктің құрбаны болып отыр деп санаймыз. Өйткені шетел­дік бәсекелестерге өз мем­лекеті тарапынан жақсы жағдай жа­салған. Мысалы, Қырғыз Рес­пуб­ликасында барлық кәсіпо­рын­дар патентпен жұмыс істейді. Олар қолындағы жабдыққа ғана салық төлейді. Қалған төлемдерден түгел босатылған. Өзбекстанда ҚҚС сияқты салықтар алынып тастал­ған. Олар бұл қаржыны өндірісті дамытуға жұмсайды», – дейді Же­ңіл өнеркәсіп қауымдастығының президенті Любовь Худова. Оның пікірімен Shoes Republic ком­паниясының директоры Дәу­рен Раманқұл да толықтай келіседі. «Мысалы, Өзбекстанда аяқ­киімнің өзіндік құны 7-8 мың теңге. Біздікі 12-13 мың. Себебі олар бұл салаға инвестиция құйған. Мысалы, біз 90 жылдары өндіріс тоқтап қалған кезде аяқкиімді жаппай Қытайдан әкеле бастадық. Сол кезде Өзбекстан жеңіл өнер­кәсіп тауарларын шекарадан кір­гізбеді. Сондықтан ол жақта за­уыттар өлмеген, әлі жұмыс істеп келе жатыр. Жаңа президент кел­гелі де осы салаға өте көп қаржы бөлінуде Қазір олар шығаратын аяқкиімдер, тіпті Еуропаға экс­порт­талады», – дейді ол. Ал тауардың өзіндік құнының жоғары болуына, ең алдымен ше­тел­ден келетін шикізатқа тәуел­ділік себеп екен. Бір қарағанда, мал басы миллиондап саналатын Қазақстан үшін бұл үлкен пара­докс. Мамандардың айтуынша, жеңіл өнеркәсіптің кенжелеп қа­луы шикізатқа сұраныстың аза­юы­на, ол өз кезегінде тері зауыт­та­рының жабылуына алып келген. Бұл жағдайды Любовь Худова өзінше түсіндіріп берді:

«Елдегі жүннің 14 пайызы ғана өңделеді. Қалғаны Қытайға, басқа елдерге арзанға кетіп жатыр. Те­рілер де солай шекара асады. Кейін оларды дайын өнім ретінде өзіміз қайтадан қымбатқа сатып аламыз. Бізде негізінен арнайы аяқкиім­дерге жарамды қалың, қатты был­ғары шығарады. Ал сәнді аяқкиім үшін бұл өнімдер жарамайды. Мы­салы, Қазақстанда италиялық үлгідегі аяқкиімдер жасайтын кә­сіпорындар бар. Олар шикізатты шетелден әкелуге мәжбүр».

Қарапайым халыққа арналған аяқкиім тігумен айналысатын Дар­хан мырза да бұл жағдаймен жақсы таныс. Өзі де өндіріске керекті шикізаттың 80 пайызын шетелден алдырып отыр. Қарапайым аяқ­киім бауының өзін Италиядан әк­е­леді екен. Тасымал құны мен баж салығы қалтасын қаққанмен, іздегені ел ішінен табылмай сондай қадамға барған. Тапсырыс аз бол­ғандықтан отандық кәсіпкерлер осындай оңай кәсіппен де айна­лысуға құлықсыз. Елде көптеп за­уыттар ашылып, ішкі нарықта сұ­раныс артқанда ғана өз-өзімізді қам­тамасыз етуге болатынын ай­та­ды. Сөзіне дәлел ретінде Өзбек­стан­дағы жағдайды мысалға келтірді: «Мысалы, қазір Өзбекстаннан көп аяқкиім келіп жатыр. Тех­нологиясы тура біздікі сияқты. Тек шикізатты өздері дайындайды. Сосын күніне 100 жұп аяқкиім да­йындау мен күніне 1 000 жұп дайындағанның өзіндік құны екі түрлі. Өйткені өндірісті автомат­тандырасыз,  конвейермен жұмыс істейсіз. Нәтижесінде, жұмыс құны аз болады. Сондықтан біздің зауыттар олармен баға бойынша бәсекеге түсе алмайды. Бірақ мо­дель бойынша, сапа бойынша алға түсуге болады», – дейді ол. Иә, отандық өнімнің сапасына сын айтуға келмейді. Тек өндірістің көлемі аз болғандықтан, кәсіпкер­лер бағасын түсіре алмай тұр. Ал сананы тұрмыс билеген заманда ешкім де патриоттыққа бой ұрып, қымбатқа жүгірмейтіні белгілі ғой. Сондықтан нарықты шетелден ке­летін арзан тауар басып кетті. Басты себеп – тауар айналымының жіті қадағаланбауы. Бүкіләлемдік банк­тің дерегіне сүйенсек, елдегі заңсыз тауар айналымы 2 млрд дол­лардан асып кеткен. Ал бұл – алыпсатарлар салықтан жалтарып, тауар­дың құнын түсіреді деген сөз. Яғни, отандық кәсіпорындарды елдегі солқылдақ заң жығып беріп отыр. «Жарайды, біздің өнімдер қым­бат-ақ болсын. Бірақ шетелдік тауарларды кедендік одақтың шарт­тары бойынша кіргізуге бо­лады ғой. Мәселен, отандық кә­сіпкер шетелге өнімін шығаратын болса инвойс, СТ1 сетификаты, басқа да сапа сертификаттарды талап етеді. Ал біздің елге ешқандай сертификатсыз, декларациясыз-ақ тонналап тауар кіріп жатыр. Оларға ешкім тоқтау салмайды. Тіпті, біз­де ішкі нарықты бақылайтын ор­ган да жоқ», – деп күйінеді Жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының президенті.

Дегенмен отандық кәсіпо­рын­дардың сапалы өнімдері ше­т­ел­­дік алпауыттардың қызығу­шы­лы­ғын тудырып отыр. Дәурен Ра­ман­құлдың айтуынша, оның компа­ниясы қазір Түркияның FLO брендімен келіссөз жүргізіп жатыр. Бәрі сәтті аяқталса, ірі көлемді тап­сырыстар алу жоспарда бар. Одан бөлек италиялық өндірушілер де Қазақстаннан серіктес іздеп жат­қаны туралы да айтты. Әлемдік алпауыттар өз өндірісінің бір бө­лігін аутсорске беріп, тиімділігін арттыру практикасы бұрыннан бар. Бұл кәсіпорынды жылдам ке­ңейтудің бір жолы. Тапсырыс орын­дайтын тарап та бұл үрдістен пай­да көреді. Любовь Худова отан­дық нарықтағы бұл өзгерісті жақсылыққа жорыды:

«Қазір шетелдік компаниялар отандық кәсіпорындарға тапсырыс бере бастаған. Бұл біздің кәсіп­керлерге, біріншіден, жаңа техно­логияларды меңгеруге көмектеседі. Бұл тауар экспортталатын болған соң әлемдік стандарттарға сай етіп жасалады. Екіншіден, жұмыс­кер­лер еңбек етіп, табыс табады. Жұ­мыс орындары сақталады. Мем­лекетке салық төленеді. Бұл жаман емес қой». Яғни, отандық жеңіл өнеркә­сіптің, оның ішінде аяқкиім өнді­рісінің болашағынан үміт күтуге болады деген сөз. Бірақ біздің кәсіпкерлерге заман талабына бейімделмей болмайды. Дәурен Раманқұл қазір сауданың да ережесі өзгергенін айтады: «Көп нәрсе маркетингке бай­ланысты. Яғни, сата білу керек. Әлеу­­меттік желіні де сауатты пай­да­лануға болады. Және дүкенді де таңдай білу керек. Кей фабри­ка­лар­дың сауда нүктелері дұрыс жерде ор­наласпаған. Көбіне адам бармай­тын жерлерде тұрады. Сон­дықтан ол жерде дүкен барын білмейміз». Осы саланың сақа ма­манда­рымен болған әңгімеден аяқ­киім саласында Қазақстанның әлеуеті бар екенін түсіндік. Өз дең­гейінде қолдау болып, тиісті ша­ралар қабылданса, қазақ кәсіп­керлері ешкімді алдына түсірмесі анық. Ал қолды байлап тұрған ке­дергілер уақытша деп үміттенейік.    width=Серік СЕЛЕУБАЙҰЛЫ