11 жастағы оқушы Шарындағы селден қалай аман қалғанын айтты
11 жастағы оқушы Шарындағы селден қалай аман қалғанын айтты
206
оқылды
Селден аман қалған 11 жастағы Зере селден қалай аман қалғанын айтып берді, - деп хабарлады Tengrinews.kz. Туристер тобы Алматыдан Шарын шатқалына таңғы сағат 7.00-де шыққан. Қыздың анасы Жания Әбішеваның айтуынша, қызымен бірге автобуста төрт қыз, үш ұл және ата-аналар мен мұғалімдер, олардың туыстары болған. Ал сел сол күні түсте болған.
"Біз үйде болдық. 13.30-да ата-аналар оқиға туралы жаза бастады. Бірінші болып оқушылардың бірінің анасы баласын ауруханаға апара жатқанын айтты. Күйеуім бірден сол жаққа кетті, мен бәріне қоңырау шала бастадым, бірақ Шарында желі ұстамайды, ешкім алмады. Бізге Зере жоғалғандар мен қайтыс болғандар тізімінде жоғын айтты. Ол бізді күтіп отыр деп үміттендік. Сағат 17.00-ге қарай қызыңыз жоғалып кетті деген хабар келді", - дейді ол.
Осы хабардан кейін Жания Шарынға аттанады. Ол жеткенде қараңғы батып кеткен, құтқарушылар іздеу жұмысын тоқтатқан кез. Алайда олар мектеп оқушысын іздеуді өздері жалғастыра берген. Зере бір тәулікке жуық іздестірілді. Оны 30 мамырда сағат 9.34-те Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи қорығы қызметкерлері Шарын өзенінің бойында жерүсті іздестіру-құтқару жұмыстары кезінде тапты.
"Таңертең қызым төбеде әскери формадағы адамдарды көріп, айғайлап, көмекке шақыра бастады. Олар оны естіді. Зере жағалаудың арғы жағында тұрды, оны тікұшақпен құтқарды. Қазір Алматы ауруханасында жатыр. Оның миы шайқалған, суық тиген, түрлі жарақат алған, сынған жері жоқ. Қызым есеңгіреп қалған", - дейді анасы.
Мектеп оқушысы есін жиды, ол анасына сол күні не болғанын айтып берген.
"Зеренің айтуынша, ол үш қызбен бірге тар жолмен алда келе жатқан. Айналасында тастар. Жаңбыр басталып, қыздар тастардың астына жасырынған. Суды көргенде жоғары көтерілмек болады, бірақ қауіпті деп ұйғарып, сол жерде тұра береді. Екі мұғалім - сынып жетекшісі мен тәлімгері сол кезде оларға жүгіріп барып, құшақтап, оларды жауып тұрады. Қыздар соңына дейін тастардан ұстауға тырысады. Алайда, бір сәтте шаршап, қолдарын жібереді. Сөйтіп су алып кетеді", - дейді Жания.
Зере жүзе алмайды. Басында қатты қорқып, үрейленген. Кейін суға бата бастағанда сөмкесін тастап, ағынмен кеткен.
"Сабыр сақтап, қол-аяғымды бос ұстап, демала бастадым, кейін өзен бойымен ағып кеттім. Біраз уақыт есімді жоғалтып алдым, ал оянғанда тасқа қолым жететінін көрдім. Аман қалу үшін судан шығу керек екенін түсіндім. Мен судан айламды асырдым, қарсыласпай ағып келе жаттым да кейін барлық күш-жігерімді жинап тастан ұстадым", - депті мектеп оқушысы анасына. "Аяғым қан болды, шамасы, жарақаттап алғанмын. Инфекция болмас үшін шұлығымды шешіп, жараланған аяғыма кидім. Көзіме құм кіріп кетті, ештеңе көрмедім. Өзенге жақындап, екі ұрттап су іштім де қайтадан орныма бардым. Қараңғы түскенде мені ешкім таба алмайтынын білдім, сондықтан таң атқанын күттім. Жата алмай, отырып ұйықтадым, түрлі дыбыстардан ояндым. Түні бойы мені тікұшақпен құтқарушылар алып бара жатқанын елестеттім. Таңертең тағы айғайлап көмек шақырдым, бірақ ешкім естімеді. Кейін тікұшақты көрдім. Ол мен отырған жерді көрмеді", - депті Зере анасына.
https://www.youtube.com/watch?v=--8D4e8Cpmk