2021 жылдың басынан бері шенеуніктерге берілген 70 сыйлық мемлекетке қайтарылды. Оның ішіндегі ең қымбаты италиялық Salvodore Feraganno брендінің галстугы болған.
Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті төрағасының орынбасары Е. Ахметов Aikyn.kz-тің ресми сауалына жауабында айтты.
"2021 жылдың бірінші тоқсанында комитеттің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің есебіне 70 бірлік көлеміндегі сыйлық берілді. Оның екеуі жойылды. Сыйлықтарды ешкім сатып алмады", - деп жауап берді Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті төрағасының орынбасары Е. Ахметов.
Департаменттерге берілген сыйлықтардың ішіндегі ең қымбат сыйлық - Salvodore Feraganno брендінің галстугі. Ол 58 186 теңгеге бағаланды. Ең арзаны - қабырға сағатары. Оның бағасы - 1080 теңге.
Тапсырылған сыйлықтардың ішінде шоколад, кәмпит, алкоголь өнімдері, кондитерлік өнімдер, кеңсе тауарлары, кәдесыйлар, картиналар, киім, ыдыс-аяқ, косметика бұйымдары, кітаптар, сағаттар, жиһаз және бижутерия бар.
Ал 2020 жылы тіркелген ең қымбат сыйлық iPhone 12 Pro смартфоны болған. Ол 617 991 теңгеге бағаланды. Былтыр шенеуніктерге сыйланған ең арзан сыйлықтар - ақ түсті пластикалық гүлдер және Dream шоколады. Олардың құны 800 теңге болған.
Айта кетейік, мемлекеттік қызметкерлер қызмет кезінде немесе ресми іс-шаралар барысында алған сыйлығын 7 күн ішінде мемлекетке тапсыруға міндетті.