Еліміз аумағында хабар тарату ісінде радиолардың да үлесі мол. 1896 жылы өнертапқыш А.С.Попов алғашқы радиоқабылдағышты жасап шығарған екен. ХХ ғасырда радио адамзат үшін ақпарат алудың негізгі құралы саналды. Франция еліндегі әйгілі Эйфель мұнарасына да радио антенналары орнатылуы себепті демонтаж жасалмай, қазір кереметтердің қатарында тұр. 1917 жылы Қазан төңкерісі радиодан хабарланған тұңғыш саяси оқиға болды. Содан бері радио қай сала болмасын, ақпарат таратудан тыс қалмай, маңыздылығын әлі жойған емес. Биыл «Нұр-Медиа» холдингінің құрамына кіретін NS радиосының 25 жылдығы. Ширек ғасыр бойы тыңдарман үшін тынбай еңбектеніп келе жатқан радио ұжымы жайлы сөз қозғауды жөн көріп, NS радиосының музыкалық бағдарламалар жүргізушісі Әсет Рахманбердиевпен сұхбаттасқан болатынбыз. – ХХІ ғасырда ақпарат айдынындағы радионың үлесі қандай, хабар тарату тиімділігіне қандай баға бересіз? – Жалпы, бұқаралық ақпарат құралдарында телеарналардың, газет пен сайттардың өзіндік ерекшелері мен мүмкіншіліктеріне қарай жекелеген орны бар. Сол секілді радиолар да жоғары бағалауға тұратындай мүмкіншілікке ие деп білемін. Әр радионың өз тыңдарманы, аудиториясы болады. Былтырдан бастап NS радиосы толықтай сипатта, түбегейлі өзгерістерге бет алды. Біздің тыңдарманымыздың көпшілігі – позитивті жандар. Ақпарат таратудың тиімділігі, жылдамдығына келер болсақ – ескерер дүниелер көп. Қоғамда түрлі салада жұмыс істейтін адамдар бар. Көбіміз жолға шығып, көлікпен жүреміз. Көлікте көп жүретін адамдардың газет оқуға немесе ұялы телефон арқылы жаңалық қарауға, телеарналарды шолып шығуға уақыты жетпей жататын кездер де болады. Сол сәттерде соңғы жаңалықтардан хабардар болып, әр бағыттағы әндерді тыңдағымыз келсе – радионы қосатынымыз сөзсіз. Ақпарат таратуда радионың айтарлықтай орны осыдан-ақ білінеді. – Алғашында радиолар «халықты жақындастыру құралы» деп аталған екен. NS радиосы тыңдарманды қандай бағдарлама, жобалар арқылы жақындастыра алады? – Қазіргі кезде NS радиосының 28 хабар тарату нүктесі бар. 70 ірі елді мекенде тәулік бойы қосылады. Радиомызда көбіне ақпараттан бөлек, сауықтық бағдарламалар да жүргізіледі. Соның бірі – түнгі 22.00-де басталатын «Шулайық» шоу-бағдарламасы. Атына қарап, тек эстрада әншілері қатысатын бағдарлама болар деп ойламаңыз, әртүрлі саланың мамандары қатысып, сұхбат береді. Керекті кеңестер мен әзіл де айтылады. Тыңдарманның позитивті көңіл-күймен жүргенін қалаймыз. Осы секілді жобалар қажет жерінде күлдірте біліп, адамдарға қуаныш сыйлау арқылы жақындастыра алады деп ойлаймын. – Биыл ұлы ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аталып өтіледі. Ұлттық құндылықтармен қатар, Абай мұрасын насихаттауда қандай шаралар жоспарланып отыр? – Радио ұжымы ұлы хакімнің мерейтойын назардан тыс қалдырған жоқ. Бағдарламаларға абайтанушы ғалымдарды шақырып, тыңдарманға сауықтық жобалар мен әндерден бөлек, рухани дүниелерді де дәріптегіміз келеді. Әдебиет – адамның жан азығы. Абай бейнесін, ілімін халық жадына сіңіру үшін NS радиосы бағдарлама әзірлеуге даяр. Елге рухани ақпарат тарату – радионың бір мақсаты. – 2007 жылдан бастап NS радиосы мемлекеттік тілде хабар тарату үлесін көбейтті. Радио сайты (ns.kz) қазір мемлекеттік және ресми тілде қатар ақпарат бере алады. Тыңдарман сапаны да талап етеді. Жұмыс жүйесі қалай орындалады, келешектегі жоспарларыңыз қандай? – Ақпараттық кеңістікте, радио толқынында қос тілде хабар тарату тиімді деп есептейміз. Қазақ тілі мен орыс тілі – тыңдарманның талғамына сәйкес қолданылады. Үлесі тең – 50/50. Жұмыс жүйесі мен сапаға келсек, әлеуметтік желінің мүмкіншілігін пайдалануға көштік. Instagram, Facebook қосымшаларында парақшаларымыз бар. Алдын ала бағдарлама жоспары мен сұхбаттасуға шақырылған қонақтар жайлы хабарлап отырамыз. Youtube желісінде де арнамыз бар. Көпшілік сұхбатты тыңдап үлгере алмадық деп жатады. Сол үшін арнаға тіркеліп, бағдарламаның толық нұсқасын қарауды ұсынамыз. Жаңа заманның талабына сай, үдесінен қалмаудың бір жолы. – NS радиосы көпшілікке музыкалық бағыттағы бағдармалар арқылы танымал. Әндерді қандай ерекшеліктерге сүйеніп ұсынасыздар? – Былтыр радионың бағытына, сипатына өзгеріс пен серпіліс қажет болды. Ұжым ойлана келе, радионың жаңа ұраны – «Біз әуеннен жаралғанбыз» деген нұсқаға тоқтады. Содан кейін original, rock, jazz, lounge, қазақ әндері мен соңғы кездері жастардың сұранысына ие болып отырған орыс тіліндегі танымал әндерді тыңдарманға ұсындық. Өнер атаулының негізгі төрт саласы бар десек, бірі – музыка. Келешекте классикалық музыка бағытын қолға алып, орындаушыларды шақырып, елге бөлісуіміз мүмкін. – Сұхбатыңыз үшін рақмет! Ширек ғасырлық белестен аттаған радио ұжымының жұмысына жеміс тілейміз! Сұхбаттасқан Мадияр ТӨЛЕУ